Ақтөбеде анасы мен баласы кісі қолынан қаза тапты
Ақтөбеде анасы мен баласы кісі қолынан қаза тапты
4,910
оқылды
Ақтөбеде анасы мен баласын өз үйінде өлтіріп кеткен. Ал, осы үйдің 13 жастағы қызы жансақтау бөлімінде жатыр. Полиция күдіктіні іздестіру жұмыстарына кірісті, – деп хабарлады ҚазАқпарат. Оқиға бүгін, 29 наурыз күні болды. Сағат 5:30-да «102» телефонына Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен екі мәйіт табылғаны туралы хабарлама түскен.
«Жедел тергеу тобы пәтерден 35 жастағы әйелдің және 16 жастағы ұлының зорлық белгілері бар мәйітін тапты. Сонымен қатар, қаза тапқан әйелдің 13 жастағы қызы пышақ жарақатымен балалар ауруханасының жаңсақтау бөліміне жатқызылды. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмысты жасаған адамдарды анықтауға және ұстауға бағытталған арнайы және жедел іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жараланған қызға ота жасалғанын хабарлады.
«Қызға ота жасалды. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Мойын тұсындағы қан тамыры, кеңірдегі кесіліп-тесілген. Жағдайы ауыр», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.