Ауыл мектептерінің олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған мектептерде оқиды
Ауыл мектептерінің олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған мектептерде оқиды
© сурет интернеттен алынды
513
оқылды
Елімізде ауыл мектептерінің оқушыларына арналған тұңғыш ауқымды олимпиада басталды. Олимпиада аясында 5 және 6-сынып оқушылары арасынан 1000 үздік жеңімпаз іріктеліп, олар дарынды балаларға арналған мектептерде оқуын жалғастыратын болады. Бұл туралы «Елбасы қоры» хабарлады. Жас дарындылар додасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ұсынған жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау мақсатындағы «Ел Үміті» бастамасын жүзеге асыру аясында өтеді. Жобаның негізгі ұйымдастырушысы – «Елбасы Академиясы»» корпоративтік қоры. Олимпиада екі кезеңде өтеді және ауылдың 300 мыңға тарта оқушыларын қамтиды деп жоспарланған. «Бірінші кезең сырттай өткізілмек - аналитикалық орталықтың мамандары оқу жылының алғашқы екі тоқсанындағы оқушылардың үлгерімі туралы мәліметтерді өңдейді. Бағалау процесіне 6 пән кіреді: қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика, жаратылыстану және информатика. Бірінші кезеңнің нәтижелері бойынша 5000 оқушыны іріктеу жоспарланған. Екінші кезеңде 5000 қатысушы логикалық, кеңістіктікте, абстракталы ойлау бойынша тапсырмаларын қамтитын компьютерлік тестілеуден өтеді. Тестілеу видео-трансляциямен сүйемелденіп, еліміздің барлық аймақтарында бір уақытта өтетін болады», - делінген хабарламада. Іріктеу нәтижелері бойынша екінші кезеңге қатысатын 1000 жеңімпаз анықталады. Үздік 1000 бала үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы жазғы мектеп, сонымен қатар күзгі демалыс лагерлері мен онлайн курстар ұйымдастырылады. Бұған қоса олимпида қатысушыларының білімін және дағдыларын жетілдіру мақсатында Елбасы Академиясының El Úmiti онлайн даму платформасы қолжетімді болмақ. Бұл олимпиада - еліміздің үздік мектептерінде оқып, алдыңғы қатарлы білім алуға, El Úmiti онлайн даму платформасының алғашқы қатысушысы болуға тамаша мүмкіндік.