Қазақстандық Нұрдос Сабыр жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Албанияның Дуррес қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық ауыр атлет 89 келіге дейінгі салмақта бақ сынады.
Қоссайыс қорытындысында Нұрдос 321 келіні (145+176) бағындырып, күміске ие болды. Ол жұлқа көтеруде жеңімпаз атанса, серпе көтеруде 2-орыннан көрінді.
Барлығы 57 елден 268 ауыр атлет қатысып жатқан әлем біріншілігінде бұған дейін Ерасыл Сәулебеков 73 келіге дейінгі салмақта (137+168) 305 келі нәтижемен чемпион атанған еді.