Тұрғындар сайлау арқылы ауылдың тұрмыс-тіршілігіне етене араласып бастады
Тұрғындар сайлау арқылы ауылдың тұрмыс-тіршілігіне етене араласып бастады
1,034
оқылды
Қазіргі уақытта жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді әдістерінің бірі ол – ауыл әкімдерінің сайлауы. Сайлау арқылы әрбір тұрғын жергілікті басқарудың кері байланысын сезіне алады. Бұрын-соңды ауыл әкімдерін көрмейтін ауыл тұрғындары өз басшыларын сайлау арқылы ауылдың тұрмыс-тіршілігіне етене араласады. Ауыл әкімдерінің сайлауы өзін-өзі басқарудың нағыз басты механизмі деп айтуға болады. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша тиісті заң жобалары әзірленіп, қабылданды. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге 2021 жылдың 24 мамырында қол қойылды. 5 маусымда сайлау заңнамасының жаңа нормалары күшіне енді. Түзетулер аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды енгізуді ұсынған болатын. Тікелей сайлауға қатысу азаматтардың конституциялық құқығы ғана емес, сонымен қатар олардың шешім қабылдау процесіне тартуға және өмір сүретін аймақты басқару сапасына ортақ жауапкершілікті арттыруға өз пайдасын тигізді. Кез-келген Қазақстан Республикасының азаматы өзін ресми тіркелген саяси партия атынан немесе өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға түсе алады. 2021 жылы болған ауыл әкімдерінің сайлауы аясында ресми тіркелген партиялардың өкілдері сайлау науқанына түсіп жеңіске жетті. Ауыл әкімдерінің сайлау науқанына байланысты мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижесі бойынша сайлауға келіп дауыс берушілердің жалпы ел бойынша  орташа келу көрсеткіші 79% құрады. ШҚО және Жамбыл облыстарында сайлаушылардың 90%-ы саяси белсенділік көрсетті. 2021 жылдың сайлау нәтижелеріне тоқталатын болсақ,  764 әкім мандаттарын иеленген үміткерлердің 569 (74.5%) «Nur Otan» партиясынан сайланды. Одан кейінгі көрсеткіштер «Ауыл» 49 (6.4%), «Ак жол» 14 (1.8%), «ADAL» 19 (2.5%), ҚХП 5 (0.7%) көрсеткен болатын. Сонымен қатар өзін-өзі ұсынған кандидаттар саны 168 (22%) болды. Бұл ауылдық жерлердегі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік берді. Ауыл әкімдерінің сайлауына байланысты Түркістан облысында орналасқан Монтайтас, Хантағы, Ақдала және Төрткүл ауылдарының тұрғындарымен фокс-группа зерттеу жұмысын жүргізілді. Зерттеу аясында ауыл әкімдері сайлауының тиімділігін ауыл тұрғындары растап отыр. Хантағы ауылының корреспонденті өз ойын ашық жеткізді. Ол «Сайлауға түскен үміткердің сол аталмыш ауыл тұрғыны екендігін және ауылда тұрғындардың арасында беделі бар екендігін растап, барша ауыл тұрғындарының бір ауыздан қолдап, дауыс беруге шақырды», – деп атап өтті.  Дәл осындай тұжырым басқа да ауылдар бойынша да айтуға болады. Жоғарыда көрсетілген мониторинг аясында ауыл әкімдері сайлауының тек бір ғана партияның емес, барлық партия өкілдерінің жеңіске жетіп әкім болып жатқандығын көруге болады. Сондай-ақ, өзін-өзі ұсыну арқылы да сайлауда жеңімпаз болып отырған адамдарды көреміз. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаңғыртудың мүлде жаңа кезеңін көрсететін аса маңызды оқиға болып табылады. Ауыл әкімдерін жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлауды енгізу, сондай-ақ кандидаттарды саяси партиялар арқылы ұсыну және өзін-өзі ұсыну тәртібін енгізу заң жобасындағы жаңашылдық екені сөзсіз. Тікелей сайлау ауылдық жерлердегі азаматтық-саяси өмірді жандандыруға, ауыл халқының саяси мәдениетін арттырудағы саяси плюрализм принциптерінің қадамы болды. Ендігі уақытта 2023 жылдың қыркүйек айында аудан әкімдерінің сайлауы күтілуде. Бұл науқан да өңірдегі тұрғындар үшін тың серпіліс болады деп сенейік.

М.Ә. Болысбек,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы.

Аталмыш мақала ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитетімен қаржыландырылды.