Әкім айлығын араққа айырбастамақ
Әкім айлығын араққа айырбастамақ
240
оқылды
Ауылды «самопал» жайлап ба­рады. Шығыс Қазақстан облысы басшылығы халық арасында «кол­хозка» аталып кеткен спиртті лас сұйықтыққа қарсы біраздан бері күрес жүргізіп келеді. Енді Алматы облысындағы Текелі қала­сының әкімі «ускаманка» аталатын қолдан жа­салған қауіпті арақ сатылатын жерді көрсеткен тұрғынға жалақысын беруге уәде етіп отыр. Текелі әкімі Бақтияр Өнербаев қалалық­тарға өз ұялы телефо­нының нөмі­рін жария­лады. Оған жергілікті жұртшы­лық кон­трафакт ішімдік өткізі­ле­тін орын туралы хабарлай алады. Әлеуметтік жауап­кершілік танытқан адамдарды қала басшысы сыйсыз қалдырмайды: бір айлық жалақысын бөліп беруге бар. Бұл жайында ол Jetisý Media алаңын­дағы журналис­термен кездесу кезінде мәлім етті.
– Менің қабылдауыма келген адам­дардың көбісі арзан спирт өніміне қатысты шағым айтады. Оны халық арасында «уска­манка» деп атайды. Бұл расында да, үлкен проблема. Аталған өнімге салық салын­байды, ол ха­лықтың денсаулығына зиян кел­тіреді. Осыған орай, тұрғын­дардан тікелей маған қоңырау шалып, әлгі ішімдік сатылатын орындар туралы хабарлауды сұраймын. Нақты ақпаратыңыз болса, менің ұялы телефоным­ның 87012154888 нөмірін теріңіз. Шынайы ақпарат үшін айлық жалақымды беруге дайынмын! – деді әкім.
Осының алдында ол көшеде ашықтан-ашық арақ ішіп отыр­ған еркектерді қуып жіберген. 2019 жылдың қазанында әкім жалғыз өзі қала аралап келе жатып, Ұлы Отан соғысы арда­герлеріне арналған ескерт­­кіш жанында пластик стақанға құйып, арақ сімірген үш қазақ­тың үстінен түседі. Ол дереу смартфонының камерасын қосып: «Неменеге бұл жерде арақ ішесің, а?! Қане, түріңді көрсет!» деп қатулы үн қатып, тап береді. Әлгілердің ұяты қалған екен, бейнежазба арқылы бет-жүзінің елге әйгілі болуынан сақтанып, тұра қашқан. «Колхозка», «ускаманка» жасанды ішім­дігі Шығыс Қа­зақстан облысынан таралған деген дерек айтылып жүр, онда ол 20 жылдан бері өндіріледі және оны жасау тәсілі тек Қа­зақстанда ғана емес, сондай-ақ ТМД елдеріне де танымал деседі. Атауы қаладағы «Колхоз­ная» деген көшеге орай қойылыпты, сондағы үйлердің бірінде алғаш рет осы «самопал» арақ түрі са­тылған.
Құқық қорғау органдары және салық­шылар соны шығара­тын жасырын цехтарды жоюға күш салады, дүркін-дүркін рейдтер, мезгіл-мезгіл құпия сатып алу ұйым­дастырады. Тіпті, ШҚО прокуратурасы жанынан барлық қадағалаушы органдар, әкімдік өкілдері және полиция кірген ар­найы топ та құрылыпты. Алайда «індеттің» тамырына балта шаба алмады. Себебі заң бойынша заңсыз саудагерлерге айыппұл салудан басқа жаза жоқ көрінеді. «Жауап­кершілік қа­таймай, ұлт саулығына зиян ти­гі­зетін өнімдерді қылмыстық қу­далау бабы қайта қалпына кел­тірілмей, жағдай өзгермейді», – дейді тәртіп сақшылары.
  Ерік ЕРДЕН