Сепаратизмге жол жоқ – Ерлан Саиров
Сепаратизмге жол жоқ – Ерлан Саиров
1,074
оқылды
Жақында Петропавлдағы «Народный совет» деген сепаратистік ұйым халық арасына іріткі салып, облысты Қазақстаннан бөлу туралы бейне үндеу жариялады. Видео жұртшылықтың қызу талқылауына түсті. Әлеуметтік желіде сепаратистерді қатаң жазалауды талап етушілер көбейді. Нәтижесінде, Солтүстік Қазақстандағы сепаратистерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен бұл ел арасында алауыздық тудырып отырған бірінші жағдай емес. Осыған орай, сепаратизмнің алдын алу жолдарын Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтып берді. – Петропавлдағы сепаратис­тік оқиғаға қандай баға бересіз? – Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Конституциясында Қазақ­стан унитарлы мемлекет деп көр­сетілген. Сонымен бірге Қа­зақ­стан халқының атынан елдің унитарлы мемлекеттілігін бұзуға қатысты нақты баптар бар. Сондықтан ең бірінші, ҚР Қылмыстық кодексінде елдің территориялық тұтастығына нұқсан келтіргендердің 7 жыл бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған. Қазіргі таңда елімізде барлық ұлттар мен ұлыстарға экономикалық, әлеу­меттік, саяси салада өздерін көр­сетуге барлық жағдай жасал­ған. Менің ойымша, Қазақстанда ешқандай сепаратистік мәселе көтерілмеуі керек. Қазақстанда сепаратизмге жол жоқ! Сондық­тан бұл мәселе бойынша құқық қорғау орындары ҚР заңына сәй­кес нақты бағасын беріп, алауыз­дық тудыруға ұмтылған азаматтар жауап беруі керек. Қазақстан территориясына нұқ­сан келтіруге немесе мемлекеттік жүйесін ыдыратуға тырысу­шы­лар еліміздің заңдарына сәйкес қатаң жазалануы қажет. Демо­кратия дегеніміз – тәртіп. Ал Қазақстан ең бірінші– құқықтық мемлекет. Сондықтан құқықтық анархияға жол бермеуіміз керек. Әрбір қазақстандық үшін Қазақ­стан тәуелсіздігі мен территория­лық тұтастықты басты құндылық болуы шарт. – Сепаратистік мазмұнда пікір айтып, әлеуметтік алауыз­дық тудыру оқиғалары бұған дейін Батыс Қазақстан облы­сын­да да тіркелген. Жалпы аза­мат­тардың құқықтық сауатын арттырып, жазаны қатаңдату керек пе? – Иә, сепаратизмге қатысты негізгі іс-шараларды құқық қорғау орындары жүргізуі керек. Сонымен бірге, бүкіл Қазақстан халқы ұлтына, ұлысына қарамай, Қазақстанның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау бойынша жалпы майдан құруы керек. Өйткені Қазақстан дүниежүзінде басқа ұлттар мен ұлыстардың құқығын қорғап, жағдайын жасау бойынша ең жайлы мемлекет. Сондықтан ел­дің бірлігін бұзушылардың ал­дын алып, сепаратизмге қатысты заңдарды да күшейткеніміз абзал. Ол үшін ең бірінші, аза­маттардың құқықтық сауатты­лығын арттыру қажет. Мектеп ке­зінен бастап балаларға патриот­т­ық тәрбие беруіміз керек. Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы ҚР Консти­туциясы, Қылмыстық кодексі жайлы ақпараттарды насихаттап, азаматтардың құқықтық сауат­ты­лығын арттырып отыру өте маңызды. Құқыққа, тәртіпке бағынған ел ғана мемлекет бола алады. Сондықтан әр адам өзінен бастап, тәртіпке ба­ғы­нып, мемлекеттің заңына құрметпен қарауы керек. – Сонда сепаратистік көз­қарастың қалыптасуына не себеп? – Сепаратизмнің формалары әртүрлі. Оның ең негізгісі – кей­бір азаматтардың популизммен айналысуы. Өз аттарын шығару үшін халық арасына іріткі са­лады. Сепаратизмге сыртқы фак­тор­лардың да әсер етуі мүм­кін. Бұл мәселені құқық қорғау орындары жан-жақты зерттеп, нақты бағасын беруі керек. – Ел териториясында шетел­дік ақпарат құралдарының ықпа­лын тежеу сепаратистіктің алдын алу тәсілі болып санала ма? – Әрине, Қазақстанның ақпа­рат­тық тәуелсіздігін, ақпа­рат­тық қауіпсіздігін күшейту керек. Бұл ең басты мәселе. Сон­дықтан шекаралық аудандарға еліміздің электронды ақпарат ресурстарын жеткізу мәселесін қайта қарау керек. Егер қажет болатын болса, Қазақстанға қатысты бөтен пікірі бар ақпарат құралдарына тиым салуымыз керек. – Әңгімеңізге рақмет!