Әзербайжан мен Армения: жолдар үшін талас
Әзербайжан мен Армения: жолдар үшін талас
© коллаж: Әсел Балтақызы
983
оқылды
Көктем шыға Кавказдың оңтүстігіндегі оқиғалар тағы да жұрттың назарын аударды. Иран мен АҚШ Сирияда «күш сынасып» көрді, Тегеран мен Бакудің арасы да жақсы емес. Иран Нахчы­ван аймағының шекара­сына әскер топтастырып қойды. Еревандағылар да тыныш отырған жоқ. Қарабаққа баратын қосалқы жолдарды Әзербайжан армиясы бақылауға алғанына күйіп-пісіп жатыр. Енді әңгіменің тоқетеріне көш­сек, Наурыз мерекесінен кейін Әзер­байжан қарулы күштері Қара­бақ аймағының бір бөлігі саналатын Лашын дәлізіндегі кейбір жолдарды бақылауға алды. Жол болғанда ас­фальт төселген тас жол емес, әске­рилер бақылап тұрған аймақтардан бөлек, қалтарыс-бұлтарыстағы шаң­дақ жолдар мен сүрлеулер. Ба­кудегі шенділердің мәлімдемелеріне қарағанда, осынау соқпақтар мен жол­дарды Таулы Қарабақтағы се­ператистер Армениядан қару тасы­малдау үшін қолданатын көрінеді. Көзден тасада жатқан жолдар ар­қылы Армениядан Ханкенді (Сте­панакерт) қаласына түрлі жүк та­сымаладуға болады екен. Әзер­бай­жан тарапы тасымалданатын жүктер Қарабақтағы заңсыз қарулы құры­лымдарға жеткізілетін оқ-дәрі мен қару-жарақ болуы мүмкін екенін ал­ға тартады. Содан да болар Әзер­байжан аймақты әскер күшімен бақылауға бекініпті. Сырт көзге бұл Қарабақ аймағын толық бақылауға алу операциясының бір бөлігі сияқ­ты көрінеді. Әрі ресейлік бітім­гер­лердің қауқарсыздығына да бір дәлел. Армия жолдарды бақылауға алды Әзербайжан армиясының бө­лім­дері 25 наурызда Лашын дә­лі­зін­дегі жолдарды бақылауға мүмкіндік беретін №2054 шоқысына бекет орнатты. Ал 30 наурызда Джагазур және Забух өзендерінің аралы­ғын­дағы аймақтарды бақылауға мүм­кіндік беретін шоқыларға арнайы бөлімдер орналастырды. Бір ғана 2054 нөмірлі шоқы Ханкендінен Лашын дәлізіне шығатын 3 жолды бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жолдар Шушаны айналып өтетін­діктен бұрын әзербайжандар қада­ғалай алмайтын. Әрі аймақта Ресей бітімгерлері тұруы тиіс еді. Бірақ ре­сейлік әскер сеператистердің Қа­рабаққа қарай қару тасымалдауына көз жұма қараған сыңайлы. Сол себепті күн жылынып, жер қарая бе­ре Әзербайжан армиясы іске кі­рісті. Ресми Баку бұл шаралар сепе­ратистерді қаруландырудың жолын кесетініне сеніп отыр. Әзербай­жан­дық әскери шолшуы Адалят Вер­диевтің ойынша жолдарды бақы­лауда ұстау Қарабақтағы сепера­тистердің қарулануына толық тосқауыл қояды екен. «2054 нөмірлі шоқыны бақы­лауда ұстау бұдан бұрын Әзербайжан тарапының қолына өткен Фаррух, Гырхгыз, Сарыбаба шоқыларындай маңызды болмақ. Бұл Қарабақтағы заңсыз қарулы топтарды жою опе­рациясының алғышарты санала­ды», – дейді А.Вердиев. Бірақ өздері мекен ететін ай­мақты «Таулы Қарабақ республи­ка­сы» деп жариялаған топ Әзербай­жан­ның бұл уәжімен келіспейді. Олар сай-саладағы шағын жолдарды әзербайжандардың бақылауға алуы Шуша ауданындағы бірқатар елді мекен тұрғындарының Ханкендіне баратын жолын кескенін айтады. Сөй­те тұра, «байланыс қалпына кел­месе, Қарабақтағы жағдай шие­лені­сетінін» мәлімдеп те үлгерді. Ал осы жолдарды бақылауға тиіс ре­сейлік бітімгерлер аймаққа Әзер­байжан әскерлері келген соң ғана қимылдай бастаған. Әрі әзербай­жан­дарға қолғабыс жасап жүрген кө­рінеді. «Халықаралық нормалар» дейді, бірақ... Оңтүстік Кавказдағы оқиғаларға көз салған кезде халықаралық сая­саттың аса күрделі, түрлі лобби­лердің әлі де қуатты екеніне көзіміз жеткендей болады. Мәселен БҰҰ Тау­лы Қарабақтың Әзербайжан же­рі екенін ресми түрде мойындаған һәм ондағы армян күштеріне ай­мақты босату талабын қоятын бір­неше қарар қабылдаған. Сонау 90 жылдары. Бірақ сол қарарларға құ­лақ асқан ешкім болған жоқ. Ақы­ры Баку аймақты әскер күшімен азат етті. Әрі Ханкенді төңірегінде тұрып жатқан армян ұлтының өкіл­деріне Әзербайжан қоғамына ин­теграциялану ұсынысын айтқан. Армениямен байланысты үзбеулері үшін де мүмкіндіктер берген. Сөйте тұра 2020 жылдың 10 қарашасындағы келісім бойынша аймақтағы ты­ныш­тықты Ресей бітімгерлері кү­зетуі тиіс еді. Алайда олар ресми Ба­кудің талабына бағынғысы кел­мей отырған сеператистерге қару-жарақтың өтіп кетуіне көз жұма қа­раған сыңайлы. Тіпті 25 нау­рыз­дан бері сай-саладағы жолдар мен Лашын дәлізінің төңірегіндегі шо­қыларды Әзербайжан армиясы ба­қылауға ала бастағаны сол еді, Мәс­кеу мен Еревандағы кейбір ат­қа­мінерлер Бакуді айыптап жатыр. 2020 жылғы қарашадағы үшжақты келісімде дәлізді Әзербайжан әске­рінің бақылауы туралы бөлім жоқ екен-мыс. Мұндай мазмұндағы пі­кірді РФ сыртқы істер министрі С.Лавров айтты. Бірақ үшжақты келісімде ештеңе айтылмағанмен де-юре Таулы Қарабақ Әзербай­жан­ның жері. 2020 жылы төңіректегі біраз аудан басқыншылардан азат еті­ліп, қазір де-факто Бакуге қа­райды. Демек, Лашын дәлізін ба­қы­лау немесе назардан тыс қалдыру Әзербайжанның ішкі ісі деген сөз. Әзербайжандық саясаткер Натик Джафарлы аймақтағы жағдай 2020 жылғы 10 қарашадағы үшжақты ке­лісімшартпен емес, Әзербайжан конституциясына сәйкес ретте­летінін алға тартады. Әрі үшжақты келісімді алға тартқандар алдымен БҰҰ қарарларына назар аударуға тиіс деп біледі. Яғни халықаралық құжаттарға тең қарау керек. Әр құ­жатты әркім өз мүддесіне пайда­лануға жол берілмеуге тиіс. 110 күндік ереуіл Айтпақшы, біз сөз етіп отырған жолдар Армения мен Қарабақтағы Ханкенді қаласын жалғап тұрған Лашын дәлізіндегі негізгі бағыт емес. Ресейлік бітімгерлер дәліздегі негізгі жолды бақылап тұр. Бірақ төңіректе сай-саламен өтетін өзге де жолдар бар. Әзербайжан армиясы сол жолдарды бақылауға алды. Ал Лашын дәлізіндегі негізгі жолда әзербайжандық экобелсенділер ар­найы акция ұйымдастырып жатыр. Олардың ереуіл өткізіп жатқанына 110 күн болды. Ереуілшілер Ресей бітімгерлік күштерінің қолбасшысы Андрей Волковтың өздерімен жолығуын, пайдалы қазбалар шы­ғатын кен орындарына әзербай­жандық мамандардың мониторинг жасауына жағдай жасауды, Әзер­байжан жерінде заңсыз ағаш кесіп, шикізатты тонап жатқандарға, бір сөзбен айтқанда, экологиялық тер­рор жасаушыларға тосқауыл қоюды, кейбір аймақтарға әзербайжандық кеденшілер мен шекарашылардың арнайы бекеттерін орнатуды, Қа­рабаққа заңсыз түрде қару-жарақ тасымалдауды тоқтатуды талап етіп жатыр. Әрине, ереуілшілердің та­лаптарын әзірге бітімгерлер орын­даған жоқ. Бірақ әзербайжандық сарапшылар ресейлік бітімгерлер көлігімен қару тасымалдау ықти­малдығы күрт төмендегенін алға тартады. Дегенмен Ресей бітімгер­лері көз жұма қарағандықтан сай-саладағы жолдармен қару-жарақ тасымалдау тіркелген. Оны әзер­байжандық саясаттанушы Эльхан Шахиноғлу ашық айтып отыр. Әрі Лашын дәлізінің Армениямен ше­караласатын тұсына бақылау-өткізу бекетін орнату қажет деп санайды. Сонда ғана Қарабаққа қару жеткізу мүмкіндігі толық жойылатын болса керек. Айтаққа ергендер арандап қалады Қарабақ мәселесін сөз еткенде әлбетте онда мекен ететін армян диаспорасы жайлы айтпауға бол­майды. Аймақта армяндардың біраз жылдан бері өмір сүретінін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ бәлкім Франция бастаған сыртқы күш­тер­дің, ресми Ереванның айтақтауынан да болар, Қарабақтағы сеператистер Баку билігін мойындаудан бас тар­тып келеді. Тіпті, Әзербайжан пре­зидент әкімшілігі Қарабақтағы армян қауымының өкілдерімен ресми кездесу де ұйымдастырған. Биыл 1 наурызда сондай бір кез­десу өтсе 13 наурызға жоспар­ланған кездесуден армян диаспора­сының өкілдері бас тартты. Ендігі кездесу сәуірдің алғашқы аптасында өтуі мүмкін. Басқосуда Қарабақ армяндарын Әзербайжан қоғамына реинтеграция жасау және өңірде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру талқылануы мүмкін. Яғни сол аймақты мекен еткен армяндарға пайдалы жобалар бұлар. Бірақ қыңырланып отырған армян диаспорасы өкілдері бұл ұсыныс­тарға көне ме, жоқ па белгісіз. Шамасы өздері мекен ететін аймақты мемлекет ретінде жария­лағысы келген, жаһан жұрты Әзер­байжан жері деп танитын аймақта өмір сүретіндер Бакудің сепера­тистерді тас талқан етуге шамасы бар екенін түсінбей ме, әлде түсінгісі келмей ме, ол жағы бізге беймәлім. Бәлкім әр соғыстан пайда табатын әккілер Қарабақтан да олжалы ора­луды көздейтін шығар. Ал Әзер­бай­жан билігі Қарабақтағы диаспора тыныш өмір сүруге ниеттенсе біраз жағдай жасап беруі әбден мүмкін. Азат етілген аймақтардағы қарқын­ды жұмыстар соның айғағы. Мысал керек болса айтайық, 30 жылдық оккупациядан азат етіліп, Әзербайжанның құрамына қайта қосылған Лашын қаласында биыл­дың өзінде 500 жеке тұрғын үй, 8 көп пәтерлері тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп, жаңадан 30 қоғамдық ғимарат салынады екен. Бұл – Ил­хам Әлиевтің уәдесі.