Қағаз өндірісінің халі нешік?
Қағаз өндірісінің халі нешік?
709
оқылды
2019 жылы еліміз 66,8 млрд теңгенің қағаз өнім­дерін шығарды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 14,6%-ға жоғары.  Статистика комитетінің дере­гіне сүйенсек, саладағы инфляцияны қоса алған­дағы нақты өндіріс өсімі 7,8%-ды құраған. Көңіл аударарлық бір қызық дерек бар. Қазақстандағы қағаз өңдеуші кәсіпорындардың дені дәретхана қаға­зын көптеп шы­ғарады. Яғни, сұраныс көп. Қағаздың осы түрінің өндірісі бір жылда 30%-ға өсіпті. Бұдан бө­лек, гигиеналық қағаз сүл­гілерді шы­ғару 14%-ға ұл­ғай­ған. Өңдеуші зауыттар да өнім көлемін на­рық­­­тағы сұранысқа сай көбейтіп отыр­ғаны анық. Жал­пы, соңғы уа­қытта қазақ­стан­­­дықтар табы­сының 45%-ға жуығына азық-түлік сатып алаты­ны жайлы көп жа­зылып, айтылды. Демек, тап­қан-таян­ғаны­мызды та­мақ­қа және қа­ғазға жұмсап жүрміз бе деген де ой туады осындайда.  width= Айта кетейік, елімізде атал­ған саланың өркендеуі 2015-2018 жылдары айрықша байқалды. Өндіріс көлемі де осы кезеңде 45 млрд теңгеден 58 млрд теңгеге өсті. Нақты айтқанда, қағаздың өзі мен картон өндірісі бірден 2,1 еседен 46,2 тоннаға дейін арт­­ты. Сондай-ақ картон мен қа­­ғаз­дан жасалған қорап, жә­шік, т.б қағаз ыдыстар 7,6%-ға (95,9 мың тонна) ұлғайды. Біздегі қағаз өндірісінің 80%-ы негізгі төрт өңірге тие­сілі: Алматы облысы (20,8 млрд теңге, 31,2%), Алматы қа­ласы (17,5 млрд теңге, 26,2%) ШҚО (8,3 млрд теңге, 12,4%) және Шымкент қа­ласы (7,6 млрд теңге, 11,4%). Алай­да бұл секторда импорттың үлесі де елеулі. Былтырғы 11 ай ішін­де республикаға 134 млн дол­лар­ға қағаз бұйымдары және 303 млн долларға қағаз бен кар­­тон шикізаты әкелініпті. На­зар аударарлық жайт, атал­ған кезеңде санитарлық-ги­гие­налық өнім­дердің барлығы дерлік импорттық өніммен тол­ған, отандық өнім үлесі 3,2%-дың төңірегінде ғана. Сонымен қатар пошталық-кан­целяриялық өнімдер (ашық­хаттар, конверт, қойын дәптер және т.б) бойынша біздің ком­паниялар сұраныстың 17,6%-ын ғана өтеген.  width= Десе де, тұтастай алғанда жер­гілікті команиялар қазақ­стан­дық нарықты белгілі бір дең­­гейде қамтып, гигиеналық қа­жет­­тілікке арналған өнім­дерді (дәрет­хана қағазы, қағаз май­лық­тар, орамалдар) шығарып отыр. Яғни, 2019 жылдың 11 айында қа­зақстандық компаниялар сұ­ра­ныстың 70%-ын қамтамасыз етті. Ал дәптердің 71,7%-ы өз өні­міміз. Мұндағы негізгі мәселе – ши­кізатта. Қағаз шикізаты Қа­зақ­­стан­дағы қат дүниенің бірі. Өйт­кені жеріміздің 3,8%-ын ғана орманды. Табиғатта бар ор­ман-то­ғай­дың өзі көлемі сиреп, түрлі себептерге байланысты азайып барады. Отандық қа­ғаз өнер­кәсібінің 90%-ын ши­кізатты макулатура құрайды. Ең бастысы, макулатураны өзі­міз өндіреміз. Бұл толық ке­шенді өндіріс, ши­кізаттан ора­ма рулонды өнімге дейінгі кезеңнен тұратын цикл. Ал целлюлоза-қағазды не­­гі­зінен Ресейден, Қытайдан не­­месе Беларусь елінен сатып аламыз. Ма­мандар макулатура целлю­лозадан арзанға түсетінін ай­тады. Себебі макулатура өң­дел­ген шикізат, келісін орта есеп­­пен 50 теңгеден алуға бола­ды. Былтыр мамыр айында елор­­дада өткен целлюлоза-қағаз өнеркәсібін дамыту форумында ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік ко­митетінің төрағасы Қанат Байытов «Қағаз бен қағаз өнім­дері өндірісінің басым бө­лігін картон-қағаз өнеркәсібі құрайды. Қазақ­стан орманға бай емес. Қазір­гі уақытта картон-қағаз өндіре­тін өнеркәсіптер ши­кізат ретін­де қайта өңдел­ген қағаз бен кар­тон­дық маку­ла­тураны қолданады» деп мәлім­де­ген болатын. Әйтсе де, макулатураның бар­­лығын бірдей іске жарата алып отырған жоқпыз. Неге де­­сеңіз, еліміздің үш өңірін­дегі кәсіп­орындарға өзге аймақ­тар­дан шикі­зат жеткізу жағы дұрыс жолға қойылмаған. Яғни, арақатынас қашық, тасымал құны макулатура бағасынан бір­неше есе қымбатқа түседі. Оның үстіне, 2019 жыл­дың ба­сында Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі ел аумағынан макула­тура шы­ғаруға тыйым салған бо­ла­тын. Ондағы мақсат отан­дық кәсіп­орындарды шикізат тап­шылығынан қорғау бол­ғаны­мен, бір қайнауы ішінде кет­кен шешім өзге өңірлердегі ке­ре­к­­­сіз қағаз қалдықтарының құ­нын түсіріп жібергені рас. Бұрын Ресейге өткізіп келген ше­­­­каралас өңірлер шектеуден кейін қалдық қағазын қайда жі­берерін білмей дағдарып қалды. Естеріңізде болса, жоғарыдағы ми­нистрліктің тері шикізатына сал­ған шектеуінен кейін төрт түлік­тің терісі ит тартып, далаға ша­­шы­лып қалған болатын. Кейбір аймақ­тағы қағаз қалды­ғы да соның кебін киді.  width= Рас, жалғыз біз емес, маку­латураны сыртқа шығаруға ты­йым­­ды 2011 жылы Беларусь, 2015 жылдан 2016 жылға дейін Ресей де қолға алған бо­ла­тын. Себебі ЕАЭО-ның экспорттық тауарының негізгі көзі – макула­тура. Одаққа мүше елдер іші­нара осылай экспортқа шектеу қойып отырмаса, өздері шикі­зат­сыз қалады. Дегенмен қазіргі күні еліміз­де қағаз өңдеу өнеркәсібі өз дең­­гейінде жұмыс істеп тұр деуге негіз бар. Ішкі нарықта қа­зақ­­стан­дық ірі 3 компаниядан бөлек, Түркияның, Ресейдің, Бе­ларусь пен Украинаның кә­сіп­­орын­дары ішінара өнім өң­деумен айна­лысып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бәсе­келестік даму үстінде. Мұндағы бас­ты мәселе – кәсіби маман тап­­шылығы. Өзге де өңдеу са­ла­сы секіл­ді қағаз өңдеуде де инженер-технолог тапшы. Сон­дықтан ма­ман даярлау ісіне де мән беріп қойған жөн секілді.   Дастан ДУМАНҰЛЫ