Еркін жайылған жылқы – ұрының олжасы
Еркін жайылған жылқы – ұрының олжасы
423
оқылды
Өткен жылы Қа­ра­ғанды об­лы­сында полиция қыз­меткерлері жоғал­ған 540 бас малды тауып, иелеріне қайтарған. 24-28 ақпан аралығында Қарағанды об­лы­сы аумағында «Мал ұрлығы» жедел-іздестіру іс-шарасы өтті. Осы кезеңде 35 бас мал табылып, ие­сіне қайтарылды. Жедел-іздестіру шарасы бары­сынд­а Ақтоғай ауданы ПБ криминалдық полиция қыз­меткерлері осы ауданның үш тұрғы­нын ұстады. Олар өткен жылдың 28 же­л­тоқ­санында 9 бас ірі қара мал ұрланғанын мойын­дады. Аталған факті бойынша Қылмыстық ко­декстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтоғай ауданы Қаратал кеңшарының тумасы Дархан Қуанышпаев – «Ата жолы» шаруа қожалығының иесі.  Қожалығында 150 дей ірі-қара, 70-тей жылқы, 300-ден аса ұсақ малы бар. 2014 жылдан бері фермердің малы төрт рет қолды болған.
– Бірінші ұрлық 2014 жылы шілде айында болды. Ақтоғай ауданының Шашубай ішкі істер бөліміне арыздандым. Арыз бойынша қандай процессуалдық шешім қабылданғаны осы уақытқа дейін белгісіз болды. Полиция қызметкерлерінен ешқандай хабарлама, қабылданған шешімдердің көшірмелерін алған емеспін. Малдарым да табылмады. Екінші ұрлық 2016 жылы наурыз айының басында болды. Осы факті бойынша  полицияға арыз түсірдім. Бірақ бұл арыз да қараусыз қалды. Бұл факті бойынша да полиция қызметкерлерінен ешқандай хабарлама, қабылданған шешімдердің көшірмелерін алған емеспін. Үшінші ұрлық 2017 жылдың шілде айының аяғында болды. 2 бас аталық, 3 бас аналық сиыр малы ұрланды. Болған ұрлық бойынша да арыз түсірдім. Бұл арыз да қараусыз қалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі үзілген. Малдарым табылмады. Төртінші ұрлық 2019 жылы қазан айында болды. Бір үйір жылқымды Бектау атаға айдап әкеткен. Он сегіз бас жылқы қамалып тұрғанын WhatsApp-тан хабарлады. Ол жылқыларды танып Бектау атаға барғанда, жылқыларым шарбақта тұр екен. Жылқыларым әбден қуғынға түсіп, жүдеп кеткен. Кейбір биелерім құлын тастаған. Осы үйірде негізі 26 бас болған. 8 бас жылқым табылмады. Дереу Ақтоғай ІІБ-не арыздандым. Содан ауылда полиция қызметкерлері жүргенде бір бием құлынымен жоғалып кетті. Кейін тағы бір жаба­ғым жоғалды. Осы малым жоғалғанда да Ақтоғай ІІБ-не арыз­­дандым. Барлық ұрлықта полиция қызметкерлері өзімді кінәлайды. Ешқандай іс ашылмады. Сол себепті  Ақтоғай аудандық прокуратурасына, Қарағанды облыстықтық прокуратурасына, Бал­қаш қалалық прокуратурасына, Қарағандыдағы ІІД-ге арыздан­дым, – дейді фермер.
Із-түссіз кеткен малды іздестірумен тек полиция органдары айналысатындықтан, көптеген қылмысты бірден ашу мүмкін емес. Мал ұрлығы ірі жол торабы мен облыстар қиылысқан жерде жүзеге асатындықтан, көптеген күш пен құралдың жұмылуын қажет етеді. Жыл басынан бері Қарағанды облысында 28 мал ұрлығы тіркелді, оның үшеуі ашылды.   Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы