Банкрот болсаң, әнеки!..
Банкрот болсаң, әнеки!..
1,134
оқылды
Банкроттыққа тапсырған жеке тұлғалардың тізімі өт­кен аптадан бері жариялана бастады. Содан бергі үш жұ­мыс күні ішінде борышкерлер саны 1 700 адамға жетіп отыр. Ендеше олардың ара­сын­да кімдер бар? Ең үлкен борыш сомасы қанша? Бан­крот болғанның салдары қандай? Мәселен, мамандар банкрот болған адамдардың соңғы үш жылда сатқан дү­ние-мүлкіне байланысты мә­м­і­лелер күшін жоюы мүм­кін екенін айтады. Ал банктер қа­рызын қайтарып алу үшін өзге клиенттеріне пайыздық үстемақы қосуы ықтимал. Сондықтан да банкрот бол­ған­дардың қа­рызын сіз бен біз төлеп қалуы­мыз ғажап емес... Ең үлкен сома – 282 млн Соттан тыс банкроттық про­це­дурасы басталған борышкер­лердің санын https://tazalau.qoldau.kz/ru/list/debtor?p=1 сіл­темесі арқылы көруге болады. Бір жұмыс күні ішінде 500-600 адамға дейін толығып отырған бұл тізім­нің мына қарқынмен тоқтамай жалғаса беретін түрі бар. Сондық­тан сіз қараған кезде бұл сан біз жоғарыда атаған саннан да асып түскен болуы әбден мүмкін. Бі­рақ қызығы онда емес, қызығы ең үлкен соманың қанша еке­нін­де. Өйткені, біз әрі кетсе, 5 мил­лион теңгені зорға алып, оны жап­­қанша ас батпай, ұйқы қашып күн кешсек, бұл тізімде 100 мил­лиондап борышқа кіргендер бар екен. Әрине, көп емес. Бас­тап­қы үш күндегі 1 700 адамның ішінен осындай 4-5 адамды кө­зіміз шалып қалды. Мәселен, Алматы облысы Талғар ауданы­ның тұрғыны, 1970 жылғы Жан­беков С. есімді азамат Еуразиялық банкке 282 млн 784 мың 016 теңге (!) қарыз. Ал Қарағанды облысы Абай ауданының тұрғыны Жүнісбекова А.Ш. деген 1966 жылғы әйел адамның «Home Credit Bank» АҚ мен «Kaspi Bank» АҚ-на жалпы сомасы 208 млн 142 мың 161 теңге қарыз екенін кө­руге болады. Ал Түркістан облысы Сарыағаш ауданының қос тұр­ғыны да алғашқы бестікте: 1962 жылғы Төребаев К. есімді азамат 183 млн 248 мың теңге қарыз болса, 1991 жылғы Мүсірәлиева Ж. есімді азаматша 98 млн 981 мың 992 теңге борыш. Бұл екеу де «Kaspi Bank» АҚ-на берешек. Сондай-ақ, Алматы қаласы Медеу ауданының 1969 жылғы Бектасов А. деген тұрғыны «ForteBank» АҚ-на 106 млн 539 мың 959 теңге қарыз. Енді қарыз үстіне қарыз жамап, өзін осы жағдайға жеткізген заман­дастарымыз туралы сөз етсек, кре­диторлар саны ең көп азамат – Алматы қаласы Медеу ауданының 1973 жылғы тұрғыны Арзанбеков А. Ол банктері бар, қаржы ұйымдары бар, коллекторлық агенттіктері бар – 14 кредитордың алдында 3 млн 200 мың теңге қарыз. Одан кейінгі орында 8 кредитор 1 млн 541 мың 038 теңгемен Маңғыстау облысы Қарақия ауданының 1987 жылғы тұрғыны Давлетов А. деген азамат тұр. Осындай қарызды ала бергендер саны соншалықты көп емес. Бірақ олардың кредиторлар саны 5-6 қаржы ұйымын құрайды. Ал енді ең аз несие сомасына келер болсақ, ол – «Kaspi Bank» АҚ-на небары 11 995 теңге қарыз Түркістан облысы Жетісай ауданы­ның тұрғыны Ботабеков Б.
«Егер азамат өзінің қарыздарын 5 жылдан астам уақыт төлей алмай жүрген болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қолдана алады. Бұл жерде оның дүние-мүлкі бар-жоғы, берешек сомасының қанша екені маңызды емес. Сондай-ақ бұл заң бір реттік акцияға жатпайды. Биыл үшінші наурыздан құжаттар қабылдана бастады, енді ол күшін жойғанша ұдайы қолданыста бола­ды. Десе де, борышкерлер өте қатты тексеріледі. Мәселен, бүгінгі таңға дейін 37 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оларға 15 жұмыс күні ішінде не қабылданғаны, не бас тартылғаны туралы хабарланады, барлығы бір­дей бұл тізімге іліккен жоқ. Облыс­тар бойынша айтар болсам, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы көш бастап тұр. Ал ең азы – Ұлытау облысы. Тізім­де­гі борышкерлер мен кредитор­ларға 6 ай уақыт беріледі. Борыш­кердің мүлкі бар-жоғы, қаржылық жағдайы, әдейі банкроттыққа ба­рып отырмағаны тексеріледі. Өкі­летті орган осы уақыт ішінде бо­рышкердің қаржылық жағдайына мо­ниторинг жүргізеді. Соңғы 3 жыл­да дүние-мүлкін біреулердің аты­на аудармады ма деген сияқты теріс фактілерді анықтайды. Егер осы 6 айдың ішінде кредитор тара­пынан шағым түспесе, онда авто­матты түрде банкрот деп танылғаны туралы шешім шығарылады», – дейді Қаржы министрлігі Мемле­кеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева.
  [caption id="attachment_247536" align="aligncenter" width="1678"]банкрот © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Осы ретте Мемлекеттік кірістер комитеті наурыз айының қорытын­дысын шығарып отыр. Онда соттан тыс банкроттыққа 37 000-нан астам өтініш берілгені, оның 11 000-ға жуығы қаралып, тек 2 670 өтініш ма­құлданғаны хабарланған. Оның себебі, банкрот болуға ұмтылушы­лардың талапқа сәйкес келмей жат­қаны. Мәселен несие бір жылдан көп уақыт төленбей қалған болуы керек болса, олардың арасында ішінара төлегендері бар. Болмаса, «некеде жоқпын» деп көрсеткен­дердің eGov-та үйленгені туралы ақпараттар шыққан. 11 мыңның іші­нен 1349-ының жылжымайтын мүлкі, 941-інің жер телімі, 789-ының автокөліктері бар екені анық­талған. Тағы да басқа себептермен көп адамға бас тартылған. Жеке мәліметті жариялау заңға қайшы емес Бұл тұста бізді таңдандырғаны, борышкерлердің жеке мәліметтері осылайша ашық жариялана бере ме деген сұрақ. Әйтсе де, бұл заңға қай­шы емес екен. Өйткені Банкроттық туралы заң бойынша несиесін тө­легісі келмейтіндер мен төлей ал­майтындарды ажырату үшін мем­лекет осындай жеңілдіктерге барып отыр.
«Қазақстан Республикасы аза­маттарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына кел­тіру туралы» Заңның 12-бабы 4-тар­мағына сәйкес осы Заңда көзделген рәсімдерді жүзеге асыру кезінде мұндай мәліметтер құпия болып табылмайды. Сондай-ақ, Салық кодексі 30-бабы 1 тармағы 11 тар­мақшасы бойынша да ЖСН құпия саналмайды. Борышкер соттан тыс банкроттық процедурасына сәйкес келсе, өкілетті орган ол туралы ақ­па­ратты 15 жұмыс күні ішінде «Элек­тронды үкіметтің» веб-порта­лына жариялайды. Бұл мәліметтер осы процесті сапалы түрде жүзеге асыру үшін, мәселен, одан кейін несие алмауын қадағалау үшін, өсім­пұлдар мен айыппұлдар есеп­теуді тоқтату үшін, соттың қарызды өндіріп алу туралы шешімін тоқтату үшін және тағы да басқа жағдайлар үшін керек. Ал ЖСН аттас, фами­лиялас адамдарды ажырату үшін қолдану мақсатында көрсетіледі», – дейді Қаржы министрлігі Мемле­кеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
МКК мамандары банкроттыққа тапсыру ол қай азаматтың болмасын қаржылық жағдайы шынымен де нашарлағанда баратын ақырғы қадамы екенін айтады. Өйткені бұл азаматтарға осы тізім шыққаннан бастап ең кемі 5 жыл несие беріл­мейді, одан кейін 7 жыл бойына олар өздерін қайтадан банкрот деп тани алмайды және 3 жыл бойына қаржы ұйымдарының бақылауында болады. Сондықтан да азаматтардың әуелі несие алар кезде өз мүмкіндігін ерте бастан дұрыс бағалап, қиын жағдайға тап болған күнде де өз күшімен шығып кетуге ұмтылғаны абзал. Қаржылық жауапкершілік қажет-ақ Десе де қазақстандықтардың Президент берген осынау тапсыр­маны мойынындағы қарызынан оңай ғана құтылу мүмкіндігі деп қарайтындары көп екен. Осылайша кредитордың алдындағы қаржылай міндеттемелерін орындаудан бұл­тармақ. Ал бұл заң несиесін төлегісі келмейтіндерді емес, төлей алмай жатқандарды анықтауға арналған. Бірінші кезекте қаржылық қиын жағдайға тап болғандарды қор­ғайды. Сондықтан да процедураның талаптары өте қиын. Мұны азамат­тар да, кредиторлар да дұрыс түсін­гені абзал. Бірінші кезекте, несие берушілер, соның ішінде микроқар­жылық ұйымдар ендігі жерде аза­маттарды қарыз қақпанына түсіру пиғылынан бас тартуы керек. Өйт­кені заң күшіне енсе де, олар жарнамаларын тықпалап, келісім-шарттағы міндеттемелерін бұрмалап көрсетіп, қарыз алушыларды тіке­лей алдауға көшкен. Бірақ бұл ұзақ­қа бармайды. Мемлекет осы заң ая­сындағыларды да тәртіпке ша­қыратын болады. Ал енді азаматтар үшін банкроттықтың қандай сал­дары бар?
«Біріншіден, бұл жерде соңғы сөзді қаржы басқарушы айтады. Өйткені, бүкіл процедураны жүргі­зетін сол. Ал ол қандай маман бо­лып шығады? Мәселе – осында. Егер жеке басын көксеген біреу бол­са, онда мүлкіңізді бағалауда қар­пып қалуы ғажап емес. Екін­шіден, банкрот болғанға дейінгі соңғы үш жылда жасаған мәмілелер бәске түсіп, күшін жоюы мүмкін. Өйт­кені борышкер осы мерзім ішінде жылжымайтын мүлкін са­тып, соның ақшасына бизнес ашып, үстіне несие алып, ақыры бан­крот­тыққа ұшыраған болуы ықтимал. Онда оған пәтері қайтып беріліп, сатып алушыға ақшасы қайтарылуы мүмкін. Ал бұл уақытта ол пәтер құны одан да аспандай түскені анық. Мұны да шешетін қаржылық басқарушының ар-ожданы. Үшін­шіден, борышкер банкрот деп та­нылған жағдайда оның қарызы банк­терге қайтарылмайды, жәй ғана есептен шығарып тасталады. Мұн­дай жағдайда банктер бұл шы­ғынын қайтару үшін несие пайызын көтеріп жіберуі мүмкін. Сонда ол пайыз жаңадан несие алушының мойынына артылады деген сөз», – дейді қаржыгер Ләззат Сатаева.
Маманның айтуынша, бұл ба­ғытта тәртіпті қатаңдата түспесе бол­майды. Қаржылық басқару­шы­лар қатаң қадағалауда болып, түрлі тәуекелдерге алғышарты жасалмауы тиіс. Өйткені егер сәл босаңсыса қарызын әдейі төлемейтін несие алушылар қатары көбейіп шыға келуі мүмкін. Себебі, елімізде бұған дейін де атаулы көмек алу үшін әдейі ажырасып, жәрдемақыға құ­жат тапсырған ерлі-зайыптылардың болғанын білеміз. Қалай болғанда да елімізде қай тарапқа да қаржылық жауапкершілік жетіспейді. Өйткені заңның қабылдануына елімізде банк­тер өте үлкен қарсылық көрсет­кен болатын. Мысалы олар борыш­керді банкрот деп танығаннан кейін алимент төлеуден, адамның денсау­лығы мен өміріне келтірген залалы үшін өтем төлеуден, сот шешімі бо­йынша өндірілетін бюджетке шы­ғындарды төлеуден босату норма­ларын тықпалап, шетелге шығуға тыйым салғысы келді. Десе де, Үкі­мет банкирлердің лоббиіне бе­ріл­меді. Бұл тұста оларға Мәжіліс депутаттары көмектесті. Олардың басым бөлігі «AMANAT» партия­сының мүшелері. Естеріңізде болса, тіпті осындай бірқатар депуттарға қарсы БАҚ-та қаралау кампаниясы жүрген болатын. Бірақ лоббист­тердің онысынан ештеңе де шық­пады. Бұл мұнымен текетірес аяқ­талды деген сөз емес. Ендігі мәселе, осы талаппен Әділетті Қазақстанды орнату жолындағы қажырлы күресті жалғастыра беру. Десе де қатардағы азаматтарға да қаржылық жауап­кершілік қажет-ақ!