Бүгінде қазақстандықтар арасында шетелде босану трендке айналған. Бірі – баласының жарқын болашағы үшін, екіншісі елдегі медицинаға күмәнмен қарағандықтан осындай қадамға барады. Жасыратыны жоқ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, Қазақстан ана өлім-жітімі санынан әлемде 42-орында, ал бала өлімі бойынша 79-орында. Америкада босанудың артықшылығы Алматылық Айдана Омар алғашқы сәбиін Майамиде босанған. Оның айтуынша, Америкада босанудың артықшылықтары көп. Біріншіден, сәби дүниеге келген кезде Америка азаматтығын алады. Екіншіден, болашақта осында білім алуына болады. Үшіншіден, АҚШ-та медицина өте жоғары деңгейде.
– Біз жүктілікке дейін ақша жинап, сапарға дайындалып жүрдік. Кеңес сұрайтын ешкім болмады, өйткені таныстарымыздың арасында Америкада босанғандар болған жоқ. Сондықтан біз барлық ақпаратты өзіміз жан-жақтан іздей бастадық. Қазір шетелде босануды ұйымдастыратын агенттіктер де көп. Біз солардан дайын қызметтік пакетін сатып алдық. Виза алу кезінде ешқандай қиындықтар туындамады. Елшілікке АҚШ-қа бару мақсатымызды жасырмай айттық, – дейді Айдана Омар.Иә, қазір шетелде босануды ұйымдастыратын агенттіктерге сұраныс жоғары. Олардың ұсынатын қызметінің құны баратын елге байланысты. Ал агенттіктің қызметіне жүгіну болашақ аналар үшін тиімді. Айталық, Америкада босану қызметінің құны 20 мың доллардан басталады. Бұл бағаға Америкадан күтіп алу, босанғанға дейінгі күтім мен туу туралы құжат жасау кіреді. Сондай-ақ агенттік ана мен сәби АҚШ-та болған кезде барлық міндетті өз мойнына алады. Бұл бағаға Америкада екі ай тұру да қосылады. Ал авиабилет, көлікпен қатынау, азық-түлік, балаға арналған заттардың шығындарын әр ана өзі төлейді. Медициналық туризм мамандарының айтуынша, қазақстандық әйелдердің басым бөлігі Майамиде босануды таңдайды. Себебі онда басқа Америка штаттарына қарағанда медицина жоғары дамыған және көптеген клиникада орыстілді дәрігерлер бар. Жалпы, әлемде 60-тан астам ел өз территориясында дүниеге келген балаға азаматтық береді. Мұндай елдерге АҚШ, Канада, Мексика, Чили, Аргентина, Куба, Оңтүстік Американың барлығы дерлік (Колумбия мен Перудан басқа), сондай-ақ Кариб теңізі: Барбадос, Гватемала, Доминика, Гондурас және басқалары жатады. Тек дипломаттардың балаларына ғана азаматтық берілмейді. Ал Еуропа мен Азияда мұндай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Тек ата-анасының біреуі сол елдің азаматы болса ғана, балаға құжат береді.
– Менің емделушілерімнің арасында төрт баласын Қазақстанда босанып, бесіншісін Америкада босанғандар бар. Олар еліміздегі медицинаға сенбегендіктен емес, балаларының жарқын болашағы үшін осындай қадамға барып отыр. Ақшасы бар адам кез келген жерде босана алады. Мүмкіндігі бар аналарға елде босану керексің деп те айта алмаймыз дейді, – гинеколог дәрігер Үміт Өтеген.Қазақстандық аналардың шетелде босанғандары туралы нақты статистика жоқ. Дегенмен біз шетелде босануды ұйымдастыратын агенттікке хабарласып көрдік.
– Аяғы ауыр аналардың шетел асуының бір себебі – ерекшеленуге деген ұмтылыс. Айталық, Нұргүл есімді келіншек баласының сүйікті елінде дүниеге келіп, төлқұжатында «туған жері» бағанында «Италия, Рим» жазылғанын қалады. Екінші, жиі кездесетін себеп – медицина деңгейі. Палаталардағы, тіпті тегін госпитальдардағы ыңғайлы жағдай, дәрігерлердің жоғары біліктілігі және жүкті әйелдің барлық өтінішін назардан тыс қалдырмауы. Үшінші, прагматикалық себеп. Болашақ аналардың көпшілігі жаңа туған нәрестенің екінші азаматтығы болғанын қалайды. Бұл болашақта баланың әлем елдерін еркін аралауына мүмкіндік береді. Мысалы, АҚШ төлқұжатымен визасыз 200-ге жуық елге саяхаттауға болады. Сондай-ақ болашақта бүкіл отбасы үшін тұрғылықты жерін өзгерту мүмкіндігі бар, – дейді агенттік өкілі Сая Исмайлова.Отандық медицинадан үміт күтпейді Дамыған мемлекеттерде босанатын әйелге жеке палата беріледі. Перзентханадан шығарылғанша ері немесе туысы қасында қалуына болады. Жаңа туған нәресте анасына бірден берілмейді, арнайы палатада медбикелердің қарауында болады. Бұл ана күтіміне айтарлықтай сеп. Ал Қазақстанда бала бірден ананың құшағына беріліп, шақалақтың күтімі есін енді ғана жиған немесе есін жия алмай жатқан анасына тапсырылады. Баланың жағдайын мұқият бақылап отыратындай аналардың медициналық білімі жоқ. Шақалақтың жағдайы нашарласа, медбике шақырғаннан басқа қолынан ештеңе келмейді. Соңғы жылдары ТМД елдерінің ішінде сәби өлімінің тіркелуі бойынша Қазақстан алдыңғы қатардан түспей келеді. Сәбидің дүниеге келу деректері өскенімен, олардың шетінеп кету көріністері көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Статистикаға шақсақ, бала туу көрсеткіші 2 пайызға артса, тиісінше сәби өлімі бір пайызға көбейген. Бұл дерек жағдай жеткен аналардың шетел асып босануына себеп болса керек. [caption id="attachment_247539" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қабач[/caption] Жылына орташа есеппен елімізде 395 911 бала дүниеге келсе, оларды 4 155 акушер-гинеколог бақылауына алады. Яғни, бір акушер-гинекологтің басына шаққанда 95 жүкті әйелден келеді. Сайып келгенде, маманның жетіспеушілігінен туындайтын қиындықтардың көп екенін назарға алу керек.
– Өңірлерде ана өлімінің өсу себебіне, кері көрсеткіштерге акушерлік қызметтің жеткіліксіз құрамы, перзентханалардың дәрігерлік жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеуі, барлық деңгейдегі мамандар біліктілігінің жеткіліксіздігі, шалғай аудандардағы жүкті әйелдер мен нәрестелерге медициналық көмек материалдық-техникалық тұрғыда толық қамтамасыз етілмеуі, сондай-ақ білікті дәрігерлердің жекеменшік емханаларға ауысып кетуі әсер етті, – дейді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов.Иә, кадр жетіспеушілігі – Қазақстандағы ана өлімінің өсу себептерінің бірі. Қарапайым бір ауданда 18 аймаққа (участок) 11 дәрігер жұмыс істейді. Оның бірнешеуі демалысқа кеткенде олардың орнына фельдшер, орта буын қызметкерлер жүреді. Демек, дәрігерсіз аймақтарда өз деңгейінде жұмыс жүрмей жатыр деген сөз. Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың айтуынша, коронавирустың салдарынан ана өлімі екі есеге дейін көбейген. Осыдан 15 жылдай бұрын аймақтандыру жайлы бұйрық шықты. Қабылданған ереже бойынша аудандық жерлерде тек қана физиологиялық босандыруға рұқсат берілген. Қазір ауылдағы дәрігерлер қан кеткен ананы көлікке салып, 200-500 шақырым жердегі қалаға жібереді. Осылайша, дер кезінде көмек көрсете алмай, аналарымыздан айырыламыз.
– Медицина саласында сапалы жүйе жоқ. Жүйенің болмауына байланысты аналар дұрыс тексеріле алмайды. Тексерілсе де дұрыс емделмейді. Медициналық сақтандырудың өзін көпшілік түсінбей, кімге барарын білмей жатады. Осы себепті ана мен бала өлімі көбейді, – дейді Жұпар Наханова.Отандық медицинадан түңілгендер осылайша шетелде босануды таңдайды. Ал оған қаржысы жетпегендер жалпы бөлімде емес, ақылы бөлімде босануды құп көреді. Себебі ақылы бөлімде босанған әйелге жеке палата мен жеке дәрігер беріледі. Бағасы да соған сай. Айталық, Астанадағы №3 перинаталдық орталықта (мемлекеттік) ақылы босану құны 180 000 теңгеден басталады екен. Тіпті, жайлы босану, дәрігерді өзің таңдау арқылы босану немесе вип-палатада босану деп бөлінеді. Олардың бағасы шамамен 400 000 теңгеге жетіп тұр. Бұл отаның көмегінсіз босанғысы келетіндерге арналған баға, ал Кесарев тілігі арқылы босану бағасы әлдеқайда жоғары екенін байқауға болады. Мысалы, Кесарев тілігі арқылы босану құны 200 000 теңгеден 425 000 теңгеге дейін.
– Перзентханаларда ақысыз бөлімде жатқандарға қарағанда ақылы палаталарда жатқан емделушілерге жақсырақ қызмет көрсетіледі. Неге десеңіз, ақылы бөлімде қаржы емделушінің қалтасынан шыққаннан кейін олар медициналық мекемеге талап қоя алады. Ал ақысыз бөлімде ондай талап қоюға «тегін жатырмыз ғой» деген ой кедергі болады, – дейді Жұпар Наханова.Бір қызығы, босану қауіпсіздігі мен бала туу бойынша жасалған халықаралық рейтингтерде АҚШ үздік ондық тұрмақ, жиырмалыққа да енбейді. Айталық, Save the children қайырымдылық ұйымының бүкіләлемдік рейтингінде АҚШ босану қауіпсіздігі, бала өлімі, ана күтімі бойынша 33-орынға тұрақтаған. Ендеше дамыған елдер азаматтық беру арқылы медициналық туризмді жандандырып отыр.