Түтінге тұншыққан Атырау
Түтінге тұншыққан Атырау
865
оқылды
Атыраулықтар екі күннен бері түтіннің құрсауында күн кешіп жатыр. Қамыстың өртенгенінен қалада қозғалыс қиындап, тіпті мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқуға ауыстырылды. Түтінге тұншыққан қалалықтар Атырауда төтенше жағдай жариялауды талап ете бастады. Ен­дігі бір топ «экологиялық ауыр жағдайдан зардап шегіп отырған аты­рау­лықтың әрқайсысына өтемақы төленуі тиіс» деп мәселе көтеріп жатыр. Бірақ олардың үніне жергілікті билік те, жауаптылар да құлақ салар емес. Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Ақтаевтың айтуынша, 2 сәуірдегі жағдай бойынша, өрт Каспий теңізінің жа­ғалауындағы 89 гектар аумақты шар­пыған. «Қамыстың неден өртенгені әзірге белгісіз. Қазір Төтенше жағдайлар депар­таменті өрт сөндіріп жатыр. 3 сәуір күні таңертеңгісін 82 гектар жердегі өрт сөн­дірілді. Желдің екпінінің қатты болуына және өрт шыққан аумақтың батпақты болуына байланысты, қамыс өртін сөн­діру жұмыстары қиындық тудырып жа­тыр. Себебі қиын аумақтарға автокөліктер бара алмай отыр», – дейді Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті басты­ғының орынбасары Жасұлан Ақтаев. «Ақ Жайық» резерватының өкілі Ғани Ағыбаев қамыс өртіне адами фактор себепкер болуы мүмкін екенін айтады. «Жексенбі күні Атырауда жаңбыр жауып, найзағай ойнамағанын ескерсек, өрттің шығуына адам себеп болуы мүмкін. Қорық басшылығы құқық қорғау орган­дарына кінәлілерді анықтау туралы арыз жазды. Қазір тергеу амалдары бастал­ды», – деді Ғани Ағыбаев. өрт Жергілікті билік төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ дегенімен, атырау­лықтардың үрейі ұшып отыр. Мұнайлы қаланың байырғы тұрғыны Талжібек Қажығалида Атыраудың апатты жағдайына алаңдаулы. «Мен балаларым­ның, өмірі енді басталып, желкілдеп өсіп келе жатқан немере-жиендерімнің бола­шағына алаңдаймын. Көк түтіннің сал­дарынан үй ішімізбен тамағымыз бітеліп, жөтеліп жатырмыз. Есік-терезені жауып отырсақ та, түтіннің исі үйге кіреді. Анау-мынауға шыдас беретіндердің бірі едім. Бірақ мына өрт пен оның алдындағы кү­кірттің ауаға таралуы алаңдатып қойды. Атыраудың экологиялық ахуалын реттей­тін органның болмағаны ма?» – дейді ол. Атыраулық Ғизатолла Отарұлы қала іргесіндегі резерваттағы қамысты мүлде шауып тастау керек деген пікірде. «Атыраулықтарға таза ауа қашан бұйы­рады екен? Өрт резерваттағы қандай да бір олқылықтың ізін жасыру үшін әдейі қойыла ма? Неге сол қамысты шауып, жиһаз жасауға мүмкіндік бермеске?» – дейді Ғизатолла Отарұлы. Эколог Қарлығаш Ещанова ауаның ластануы ең алдымен адамның өміріне қауіп екенін айтады. «Оның залал-зияны қазір сезілме­генімен, уақыт өте байқалуы мүмкін. Далаға киіп келген киімдерді иіскеп қара­саңыз, өртенген ағаштың күлімсі иісімен бірге, күкірттің иісі де қоса шығып тұр­ғанын байқауға болады. Ауаның лас­тануы­нан ең алдымен адамның бауыры зардап шегеді. Адамның ағзасында куп­фер жасушасы бар. Бұл жасуша ағзаны токсиндерден тазарту қызметін атқарады. Бірақ бауырдың ластану деңгейі ұлғайған сайын купфер жасушалары улы заттарды шығарып үлгермейді. Осының салдары­нан адамның ағзасы уланады. Бас айналу, құсу, жүрек қысылуы бұл бастапқы белгі­лері ғана. Әрі қарай адам демікпе дертіне шалды­ғуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда үйден шықпауға тырысу керек. Және үйдің көбірек жуып тазалаған дұрыс. Мұрынды тұзды сумен шаю қажет», – дейді эколог маман. Экологтың сөзінің жаны бар. Өткен аптада Атырауда күкірт таралып, оның арты өртке ұласып жатқанын ескерсек, созылмалы ауруға шалдыққан қалалық­тардың жағдайы туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Атырау облыстық жедел жәрдем орта­лығынан білгеніміздей, ауаның ластануы салдарынан 22 адам жедел медициналық көмекке жүгінген. Бас айналып, құсуға шағымданып жатқандардың көпшілігі созылмалы дертке шалдыққандар екен. түтін Әшейінде «мұнайлы астана» деп кеуде керетін Атыраудың экологиялық ахуалы сын көтермейді. Өткен аптада ғана Аты­рауда облыс әкімдігі жанынан құрылып жатқан арнайы комиссияның отырысы өтті. Сол жиында аты дардай облыстық Экология департаментінде ауаның лас­тануын анықтайтын заманауи құрылғылар жоқ екені айтылды. Төтенше жағдайлар департаментіндегі жол талғамайтын көлік те өртеніп кеткен. Соның салдарынан өрт сөндірушілер қамыс өртін сөндіруге дер кезінде жете алмаған. Қысқасы, бір күні күкірт тараған, тү­тіннен тұншыққан Атырау халқының жағ­дайы алаңдатарлық. Әйтсе де, жауап­тылар бұған бас қатырмайтындай.
Бет қатталып жатқанда: Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәселені шешудің кешенді жоспарын таныстырғандай бол­ды. Өңір басшысының орынбасары­ның айтуынша, Каспийдің солтүстік жа­ғала­уын­­да аң аулауға, балық аулауға тыйым са­­лынып, резерваттың аумағы үлкейтілмек. «Ақ Жайық» резерватын Экология министрлігі балансынан Атырау облысы әкімдігінің балансына беруді қарастыру туралы ұсыныс берілді. Қорық жергілікті әкім­діктің балансына берілсе, қажетті жаб­дықтар, құрылғылар алынып, штат қарастырылады. Бұған дейін өрт сөндіру­мен айналысқан тікұшақ апатқа ұшырады. Сондықтан өрт сөндіруге арналған жаңа тікұшақ алу жоспарланып отыр. Және өртті ерте анықтауға арналған шаралар қабылданады», – дейді Ж.Бисембиев.

Атырау облысы