Қаңтарда төрт қылмыстық топ торға түсті
Қаңтарда төрт қылмыстық топ торға түсті
443
оқылды
Қыс басталысымен еліміздің барлық аймағында мал ұрлығы өршіп кетеді. Соғым кезінде еттің өтімділігі арта­ды да, оңай олжа тапқысы келетіндер жылқыны үйірлеп айдап кетуден тайынбайды. Өткен жылды барым­ташы­ларды топтап ұстаумен қорытындылаған жетісулық тәртіп сақшыларына биылғы алғашқы айлар да оңай соқпай тұр. Ұрылар айылын жияр емес. Бір айда – қаңтарда ғана облыс аумағында мал ұрлығына қа­тысты 100 дерек тіркеліпті. Соның ішінде барымтаны тұрақты кәсіп көзіне айналдырып алған қылмыстық топтардың да жиі көрініс бере бастағаны полиция қызметкерлерін алаңдатып, тұрғындарды қобалжытуда. Өткен қаңтар айында мал ұрлығын майшелпекке айналдыр­ған төрт қылмыстық топ қолға түсіпті. Қазіргі кезде олардың қан­ша қылмысқа қатысы бар екені анықталуда. Әзірге малды топтап әкетуге қатысты он үш ұрлық істегендері  дәлелденген. Қылмыстық топтың бірі Шелек ауылында қолға түскен барымташылар бандасы. Ұрылар жергілікті фермерлердің 86 бас жылқысын қолды қылған. Оның біразын сойып, сатып үлгерген, аман қалғандары иелеріне қайтарылып, қылмыскерлер қамауға алынған. Қылмыс үстінде тұтылғандардың дені тепсе темір үзетін жас жігіттер. Біреуі «оқуымды төлей алмағандықтан осындай қадамға бардым» десе, тағы біреуі «Алматыда тұрып жатқан жалдамалы пәтерге төлейтін ақша таппай қысылғандықтан топқа қосылдым» деп ақталмақ болыпты. Облыстық полиция департаментіндегілердің айтуын­ша, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Кеген, Ұйғыр, Жамбыл, Қара­сай, Іле аудан­дары аумағында мал ұрлығы жиілеген. Қылмыстық топ ұрланған малдың етін сату үшін Алматы қа­ла­сындағы көтерме сатып алушылармен тығыз бай­ланыс орнатқан. Әрқайсысының нақты белгіленген мін­деті болған. Біреулері малды қай жерден, қашан ұрлауға болатынын анықтаса, екіншілері сол нұсқау бойынша шұғыл қимылдап, төрт түлікті қолды қылып отыр­ған. Үшіншілері – тізбектің ең соң­ғы бөлігі ұрлық малды сатумен айналысқан.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы