Шығыста мал ұрлығы өршіп тұр
Шығыста мал ұрлығы өршіп тұр
393
оқылды
Мәселен, шекарадағы Күршім ауданына қарасты бір ғана Қалжыр ауылдық округінен жылқылар үйірімен жоғалып жатыр. Бүгінге дейін бірде-бір мал табылмаған. Тұрғындардың айтуынша, аудандық полиция мен прокуратура қызмет­керлерінде пәрмен болғанымен, ұрлыққа келгенде дәрмен жоқ. Сондықтан амалы таусылған халық бұқаралық ақпарат құралдарына хабарласып, көмек сұрауда. Елдің шетінде, желдің өтінде ор­на­ласқан Қалжыр ауылының халқы – тек төрт түлікпен жанын бағып отыр­ған ауыл­дардың бірі. Алайда соңғы үш жыл­да мал мен жаннан маза қашқан. Тек өткен күзден бері ғана алақандай ауылдан 75 бас жылқы жоғалған екен. – Үйірден 5 басты бір-ақ алып ке­теді. Жылда – осы. Қалжыр ауы­­­лының тұр­ғындарын бірінші бру­целлез құртты. Екінші ұрылар маза бер­меуде, – дейді ауыл тұрғыны Қуа­ныш Миязов. Ал Айымгүл Ерманованың екі жыл­қысы екі кештің арасында қор­а­сының дәл қасынан ұшты-күйлі жо­ғалған. Мал иесінің айтуынша, кей жо­ғалған малдың ауылға кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ. Халық осыған аң-таң.
– Ұшы-қиыры жоқ не деген ұр­лық бұл? Ұсталмайды. Полицияға арыз жаз­дық, ешқандай нәтиже жоқ. Ауыл­да малдан басқа күн көретін не бар, енді маңдай термен баққан қо­радағы ма­лымыздың өзін өзімізге бұйыртпай жа­тыр, – дейді ашынған Айымгүл. Ауыл­дасының сөзін Ермыр­за Есімжанов та қостап отыр.
– Малға құжатты кім әзірлеп жа­тыр? Оннан, бестен жоғалады. Еш­қан­­дай нә­тиже жоқ. Екі жыл бол­­ды, тіп­ті өршіп кетті. Құзырлы ор­ган­дар­дан түңілдік. Арыз жазбаймыз. Пайда жоқ. Таба алмайды. Мал ашуы – жан ашуы. Халық жоғалған малды по­ли­­ция қызметкерлері ізін суытпай, із­деу­ге кіріспейтініне қынжылады. Жо­­ғалған малдың бірде-бірі табылмады, – дейді ол. Негізі, Марқакөл мен Күршім өңі­ріндегі жылқы малы жыл он екі ай тебінде болады. Бірақ соңғы бір­не­ше жылда ұрлық көбейгендіктен, халық күндіз жайып, түнде қораға қа­мауға мәжбүр. «Бақпасаң мал ке­теді» деген. Бірақ ұрылар қас пен көз­дің арасында қолды қылуын, те­гін де оңай олжаға құнығуын қояр емес. Аудандық полиция бөлімінің қыз­меткерлері «халықтың өзі малды бақ­пайды, байламайды» деп, керісінше тұр­ғындардың өзін айыптап отыр.
– Иелері өздерінің меншік мал­да­рын не қарамайды, не өздері жай­майды. Бақташы да жалдамайды. Он екі рет жиналыс өткіздік. Азаматтарға, тұрғындарға мал жаю мәселесін айт­тық. 269 мал айыппұл тұрақ­тарына жа­былды. Оның 81-ін әкімшілік жауап­кершілікке тарттық, – дейді Күршім аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Манапов.
Аудандағы ұрлық-қарлықты тыю үшін полиция қызметкерлері Бұқ­тырма су қоймасындағы өткелге кезек­шілік те ұйымдастырған. Бірақ одан әзірге нәтиже шамалы. Мамай батыр ауылында тұратын ағайынды жігіттер Асылбек пен Ертарғын Зейнолданың бағып отыр­­ған бірнеше бас малы да  ұрылар­дың қолында кеткен. Мамайға жақын Ақбауыр қыс­та­ғындағы «Қазына» шаруа қожа­лы­ғының иесі Шынар Нәзтай да малына ұрылар тыныштық бермей отырғанын айтады. Осы шаруашылықтың да бір­неше малы ұрылардың қолында кет­кен. Сағырдағы Дәулетбай Орай­ханның да малдары ұрланған. Был­тырғы жаздан бері бұл жақтағы он шақты отбасының 50 бастай малы өрістен сойылып әкетілген. Алайда сол жолы «жүрегінің түгі» барлардың екеуін полиция қыз­мет­керлері қолға түсірген. Күнімен, түні­мен ауыл маңындағы жылқыларды аңду­мен бол­ған же­дел топ бір­­не­ше күн бұрын жыл­қы үйірінің жа­нына ке­ліп оларға аң ат­қан­дай оқ жаудыра бас­таған екі жас жігітті көлікпен қуып жүріп ұстап алған. Сондай-ақ жақында полицейлер Шығыс Қазақстан облысында 19 рет мал ұрлаған тағы екі жігітті қолға тү­сірді. Полиция департаментінің де­рек­теріне сәйкес Жарма ауданы Жаң­ғызтөбе ауылының 21 және 23 жастағы екі тұрғыны бірнеше ай бойы Семей қаласының аумағында мал ұрлығымен айналысқан. Тәртіп сақшылары же­дел-іздестіру шараларын жүргізіп, кү­дік­тілер қолға түсті. Ұрланған мал­­дың еті мен терісі, қылмыс жа­са­ған кез­де пайдаланған көліктері тәр­кілен­ген. Сондай-ақ мал етін сатуға көмек­тес­кен­дер де анықталған.   Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы