Абай университетінде «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасы ашылды
Абай университетінде «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасы ашылды
1,283
оқылды
«Ғылым онкүндігі – 2023» аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогика және психология институтында «Тұлғаның психологиялық диагностикасы» оқу-зерттеу зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға университеттің басқарма мүшелері: зерттеу қызметі жөніндегі проректор Ермек Бөрібаев, әкімшілік және қаржы қызметі жөніндегі проректор Клара Исакова, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, сондай-ақ Педагогика және психология институтының басшылығы және профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар қатысты.    width= Жаңа зертхананың мақсаты – жалпы және қолданбалы психологияның өзекті мәселелері бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізу, оқу және зерттеу процесін қажетті психодиагностикалық құралдармен және ғылыми-әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету. Зертхананың ғылыми-практикалық қызметінің негізгі бағыттары – педагогикалық білім беру саласындағы жаңа ақпараттық технологиялар негізінде әзірленетін қазіргі заманғы компьютерлік психодиагностикалық әдістемелерге бағдарланған психодиагностикалық құралдарды жетілдіру. Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева болашақ мамандарды даярлаудағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының мазмұны мен ерекшеліктерін атап өтті. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Ниетбаева ғылыми-зерттеу зертханасын оқу үдерісіне енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру жоспарларымен бөлісті. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Ақмарал Сатова және оқытушылар Айша Нәдірбекова мен Гүлмира Момбиева болашақ мамандарды даярлау үдерісінде оқу-зерттеу зертханасының негізгі қызметтерін нақты айқындап, психологиялық диагностика әдістеріне тоқталды.  width= Іс-шара соңында «Тұлғаның психологиялық диагностикасы» оқу-зерттеу зертханасының ашылуына демеушілік көрсеткен тұлғаларға алғысхаттар табыс етілді. «Практикалық психологті  даярлау» мамандығының студенттері мен студенттік өзін-өзі басқару белсенділері зертхананың ашылуына және «Халықаралық психолог күні» кәсіби мерекесіне арналған мерекелік концерт ұйымдастырды.