Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі
Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі
762
оқылды
Мемлекет басшысы Франция президентінің арнаулы өкілі Изабель Дюмонды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаулы өкіл Изабель Дюмон Франция президенті Эмманюэль Макронның хатын табыс етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Изабель Дюмонға ілтипат білдіре отырып, жолдаған игі сәлемі үшін президент Эмманюэль Макронға алғыс айтты. Сондай-ақ Франция Қазақстанның Еуропадағы басты саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.    width= Кездесу барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға бағытталған екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту перспективалары талқыланды.
Өткен жылы 29 қарашада Франция президентімен өткен кездесуден үлкен әсер алдым. Біз 2 сағаттан астам уақыт бетпе-бет форматында екіжақты қатынастар мен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде әңгімелестік. Сондай-ақ халықаралық аренада қалыптасқан ахуал туралы пікір алмастық. Франция – Қазақстанның жетекші саяси және экономикалық серіктестерінің бірі. Біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты, сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін және Францияның экономикалық әлеуетін жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңіз 2008 жылғы маусымда Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында бірінші болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойды. Биыл біз осы маңызды құжаттың 15 жылдығын атап өтеміз. Елдеріміз арасында барлық деңгейде белсенді және сенімді саяси диалог орнағанын тағы да атап өткім келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына жоғары баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. Мемлекет басшысы президент Эмманюэль Макронға жүрекжарды сәлемін жолдады және оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Бұл сапар экономикалық және саяси ынтымақтастыққа тың серпін береді деп ойлаймын. Екі ел арасында іске асыруды қажет ететін көптеген уағдаластық бар. Қазақстанда француз капиталының үлесі бар 170 кәсіпорын жұмыс істейді және жетекші француз компаниялары қызмет етеді. Біздің экономикамыздағы француз компанияларының қызметіне жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді Президент.
Өз кезегінде Изабель Дюмон Францияның Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Франция Қазақстан Президентінің жүргізіп жатқан реформалар саясатын толық қолдайды. Франция президентінің арнаулы өкілі Қазақстанның әлемдегі қазіргі күрделі геосаяси жағдайға қатысты ұстанымына жоғары баға берді.
Сізге Президентімнің сәлемін жеткізгім келеді. Былтыр қараша айының соңында Париждегі кездесуіңіз туралы оның өте жақсы пікірде екенін білемін. Бұл – біз үшін өте маңызды сәт және Сізден аймақта не болып жатқаны туралы көзқарасыңызды есту маңызды. Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін берді. Біз бұл ынтымақтастықты стратегиялық серіктестігіміз негізінде жалғастырғымыз келеді. Бұл біз үшін де өте маңызды, – деді Изабель Дюмон.
Сондай-ақ олар халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.