Серік Күдебаев қашып кеткен Солтүстік Кипр қандай мемлекет?
Серік Күдебаев қашып кеткен Солтүстік Кипр қандай мемлекет?
4,367
оқылды
Бірнеше күн бұрын Алматы облысы Полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаевтың елден қашып кеткені белгілі болды. Артынша «Генерал Солтүстік Кипрде жүр» деген ақпарат тарады. Осы ретте Aikyn.kz «Күдебаев қашып кеткен Солтүстік Кипр қандай мемлекет?» деген сұраққа жауап беру мақсатында материал әзірледі.   Солтүстік Кипр Түрік Республикасы Солтүстік Кипр Түрік Республикасы – Кипр аралының солтүстік бөлігінің үштен бір бөлігін алып жатқан мемлекет. Солтүстік Кипрді тек Түркия мойындайды. Сәйкесінше, экономикалық, саяси және әскери тұрғыда Түркияға тәуелді. Cоңғы мәлімет бойынша, халқының саны – 313 626 адам. Халқының басым көпшілігін екі қауымдастыққа бөлінетін этникалық түріктер құрайды. 1/3-і жергілікті кипрлік түріктер, 2/3-сі Түркиядан қоныс аударушы Анадолы түріктері. Сондай-ақ кипрлік гректер мен ливандық марониттердің де өкілдері бар. Астанасы – Оңтүстік Кипр мен Солтүстік Кипр арасында екіге бөлінген Лефкоша (Никосия) қаласы.   Солтүстік Кипр – автономды, мойындалмаған мемлекет Саяси мәселелерге байланысты 1974 жылдан бері Кипр аралы грек және түрік халықтарының арасында екіге бөлінді. Олар: Греция иелігіндегі бөлігі Еуропалық одақтың құрамына кіретін – Кипр Республикасы және автономды, мойындалмаған мемлекет – Солтүстік Кипр. Кипр Республикасы мен БҰҰ Солтүстік Кипрді Түркия тарапынан оккупацияланған мемлекет деп санайды. Кипрді біріктіру туралы келіссөздер БҰҰ делдалдығымен бүгінге дейін жүргізіліп келеді. Бірақ әлі күнге еш нәтиже жоқ. Солтүстік Кипрдің мемлекет ретінде ресми мәртебесі жоқ болғандықтан, оның аумағында Түркиядан басқа ешбір мемлекеттің ресми елшілігі жоқ. Сондай-ақ ол жаққа   Түркия арқылы ғана кіруге болады. Алайда бір қызығы, мойындалмаған мемлекет екеніне қарамастан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бақылаушы ретінде Ислам ынтымақтастығы ұйымының құрамына енген.   Солтүстік Кипр Түрік Республикасы демократиялық мемлекет Конституцияға сәйкес, Солтүстік Кипр – президенттік басқару жүйесіндегі демократиялық республика. Президенттің өкілеттік мерзімi – 5 жыл. Заң шығарушы органы – Республикалық жиналыс (Cumhuriyet Meclisi) деп аталады. Оның құрамы бес сайлау округі бойынша пропорционалды сайлау арқылы сайланатын 50 мүшеден тұрады. 2020 жылдың қазан айынан бері елді Эрсин Татар басқарады. Кейбір мемлекеттерде  Солтүстік Кипрдің  бейресми өкілдіктері бар. Ал негізінен өзге мемлекеттер мен ұйымдар алдындағы мүддесін Түркия арқылы білдіреді.   Шенділер Солтүстік Кипрге қашуға неге құмар? Мойындалмаған мемлекет болғандықтан, Солтүстік Кипр аумағында экстрадициялау процедурасы мүлде жоқ. Сондай-ақ онда тұру үшін ықтиярхат алу да өте оңай. Мұнда тұру кезінде шетелдіктер үшін ең негізгі шарт –  жыл сайын есепшотта кемінде 10 мың еуро бар екенін растау. Алайда оның қандай жолмен келгені ешкімді қызықтырмайды, яғни  қаражаттың қайдан, қалай келгені тексерілмейді. Мойындалмаған мемлекет болғанымен, елдегі қылмыс деңгейі өте төмен, 8 ай бойы жаз, ауа райы да өте қолайлы. Сондықтан да жердегі жұмақ саналатын жерлердің қатарына енетін Солтүстік  Кипрге қашуға және сол елде ақшасын жасыруға шенділердің көбі құмар.