Үй жұмысын робот ChatGPT жазып береді
Үй жұмысын робот ChatGPT жазып береді
Фото depositphotos.com сайтынан алынды
1,184
оқылды

ChatGPT жазып берген мәтінді енді Turnitin анықтайтын болды. Turnitin антиплагиат жүйесі ЖИ (жасанды интеллект) арқылы жасалған мәтінді 98% дәлдікпен анықтай алатынын мәлімдеді. Бірақ академиялық университеттер бұл құрал студенттердің еңбегін бағалауда қателесуі мүмкін екенін айтады. Болашақта ChatGPT сияқты нейрондық желілердің көмегімен жазылған жұмыстар қалай бағаланатынын  Financial Times басылымында жарияланған мақалаға сілтеме жасап Aikyn.kz түсіндіреді.

 Дүниежүзіндегі 10 000-нан астам білім беру мекемелерінде қолданылып жүрген Turnitin 4-сәуірде ЖИ арқылы жасалған мәтінді 98 пайыз дәлдікпен анықтай алатын қызметті іске қосатынын мәлімдеді. Ал соңғы бірнеше айда бүкіл әлемге танымал болған ChatGPT чат-ботын жасаушы OpenAI компаниясы өздерінің плагиатты анықтау жүйесі тек 26% дәлдікпен жұмыс істейтінін жариялады.

«Оқытушылар бізге ЖИ жазған мәтінді дәл анықтау қабілеті қазіргі уақытта олардың басты басымдығы екенін жеткізді», – деді Turnitin-нің атқарушы директоры Крис Карен. – «Олар студент жұмысының шынайылығын бағалау және оны қалай түзету керектігін анықтау үшін тапсырманы орындауда ЖИ қаншалықты қолданылғанын өте жоғары сенімділікпен анықтай алуы керек».

Фото gettyimages.com сайтынан алынды

Америкалық колледждер мен университеттер қауымдастығының оқу және педагогикалық инновациялар жөніндегі вице-президенті К.Эдвард Уотсон ЖИ-дің қарқынды дамуын ескере отырып, плагиатты анықтау жүйесі әлі де «күмәнді» екенін ескерткен: «Көп адамдар плагиатты анықтау қызметі өз міндетін жақсы атқаратынына сенбейді».

Microsoft қолдау көрсететін OpenAI компаниясы дайындаған ChatGPT жүйесі студенттердің жазба тапсырмаларын бағдарламалық құралды пайдаланып әзірлейді деген күмән тудырды. Бұл әлемдегі академиялық оқу орындары  профессорларының, жоғары білім беру саласының кеңесшілері және когнитивті ғалымдар арасында ЖИ-ден академиялық адалдыққа төнген қауіпке жауап ретінде университеттер бағалаудың жаңа әдістерін қалай дамыта алатыны туралы пікірталас қыза түсті.  

 ЖИ-дің көмегімен жазылған жұмыстарды анықтау функциясын қосудан туындаған пікірталас туралы сауалға Turnitin бірден жауап бермеген.

Бірақ компания құралдың іске қосылуы туралы мәлімдемесінде бұл технологияның «бірнеше жылдан бері әзірленгенін» және ол «білім беру қауымдастығына дұрыс бағдар беруге және басқаруға көмектесу» үшін ұсынылған құрал екенін мәлімдеген.