Мәжіліс жанынан қоғамдық палата құрылады
Мәжіліс жанынан қоғамдық палата құрылады
727
оқылды
Қазақстан мен Қырғыз Республикасы азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетумен айналысатын құзыретті мекемелерді анықтады. Мәжіліс Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста мәжілісмендер аталған келісімге өзгерістер енгізілген хаттаманы ратификациялады. Заң жобасы бойынша Әділет министрі Азамат Есқараев баяндама жасады.
«Хаттамада уағдаласушы тараптардың өздері құқықтық көмек көрсету кезінде байланыстарды жүзеге асыратын және дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар ететін құзыретті мекемелерді анықтауды көздейтін 4-бапқа өзгеріс енгізу көзделген», – деді министр баяндамасында.
Қосымша баяндамасында Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Данабек Исабеков хаттамаға Қазақстан Респуб­ликасының аумағында шетелдік соттардың ше­шім­­дері мен өтініштерін орындау саласында құ­қықтық көмек көрсету тәртібі мен талаптарын ай­қындау мақсатында қол қойылғанын атап өтті. Талқылау нәтижесінде депутаттар аталған заң жобасын қолдап дауыс берді. Сонымен қатар сегізінші сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын қабылдады. Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – жаңа шақырылымда Мәжіліс жанынан Қоғамдық палата құру мәселесі болды. Бұл тақырып бо­йын­ша Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Айдос Сарым баяндама жасады.
«Парламент талқысына түскен маңызды, қоғамның қызығушылығы мен алаңдаушылығын тудырған әрбір заңды Қоғамдық палатада міндетті түрде талқылау қажет деп санаймыз. Бұны топшылап «бастапқы немесе бастауыш оқылым» деп атасақ та болатын шығар. Палатада айтылған әрбір жақсы ұсынысты Мәжіліс депутаттары өз атынан салыстырмалы кестелерге енгізіп, палата мүшелерінің абыройы мен мәртебесін асырып отырады деп сенеміз. Бұның барлығы да заң шы­ғару жұмысын жақсартып, қабылданып жататын заңдардың қоғамдық сараптамасын, сапасын қамтамасыз етеді деп санаймыз», – деді А.Сарым.
Ол сондай-ақ Қоғамдық палатаның құрамы сарапшылар, экономистер, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлерінен жасақталатынын айтты. Әріптестер оның ұсынысын қолдады. Бұдан бөлек, депутаттар Ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету және арнаулы мемлекеттік орган­дардағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қорытынды әзірлеу жөніндегі Мәжіліс Қаулысының күшін жойды. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдады. Жиын соңында мәжілісмендер құзырлы орган басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.