«Екі қойшы әрқайсысы 735 қойдан жыл сайын орташа есеппен осынша төл алады. Бірақ мен оларға 3 жылдан соң ғана бар-жоғы үстіне 441 қой ғана қосып, яғни өзімдікімен қосқанда әрқайсысы 1 176 қой қайтарып беруді міндеттедім. Егер төлін жыл сайын алатын болсам, 147 аналық қой алып тұруым тиіс болған. Бірақ мен 3 жылдық төлді бір-ақ алуды жөн көрдім. Ал жыл сайын алынған төл олардың жалақысы, пайдасы, жалпы еңбегіне жұмсалуына келісім бердім. Олар менің келісімімсіз қойды бір-біріне беруге, сатуға құқы жоқ. Келісімшартта егер қой басы келісілген санына жетпесе оның құнын сол кездегі нарық бағасымен төлеуге міндеттелген», – дейді жәбірленуші Б. Маликов. Өкінішке қарай, 3 жылдан соң әлгі шопандар малдың иесіне қойлардың ұшты-күйлі жоғалғанын айтып келген. Жыл сайын қойларының жағдайынан хабар алып жүрген қожайын алғашында мына жауапқа есеңгіреп, түсінбей қалады. Сонымен, жоқ малды өздері іздеуге кіріседі. Осылайша, біреудің қорасынан 150 қойын танып қалады. Сұрастыра келе, оның белгісіз азаматтан сатып алғанын анықтайды. Бір қызығы, белгісіз азамат қойларды бағып отырған шопан емес. Екі ортадағы делдалдар. Міне, шым-шытырық оқиғаға алаяқтық әрекеттерімен делдалдар да кіріп кетеді. Жәбірленушінің адвокаты А.Айтубаев: «Бұл шопандардың өздеріне сеніп тапсырылған мал мүлікті иемденіп, талан-таражға салу – жоспарының бір ұшы», – дейді.Маликов қолындағы дәйекті деректерімен 2022 жылдың 30 тамызында Шардара аудандық полиция бөліміне 2 шопанның үстінен шағым түсіреді. Өкінішке қарай, бастапқыда барлығы заңды, сіздің құқыңыз тапталған, екеуі де сіздің малыңызды талан-таражға салған, екеуін де қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп, арызды қабылдаған полицейлердің әрекеті соңғы жағында сиырқұйымшықтанып кеткен. Жәбірленуші басқа-басқа құқымызды қорғайды, мемлекет атынан айып тағады деген прокуратура қызметкерлерінің де әрекетіне наразы. Осы уақытқа дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру тек Ш.М-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен жүреді. Ал екінші шопан С.Қ-ның әрекеттеріндегі көрсетілген қылмыс құрамы болса да оны қылмыстық жауапкершіліктен босады. Бұл жайтқа түсінбеген жәбірленуші тарап екінші күдікті С.Қ-ны да қылмыстық жауапкершілікке тартып, оған қатысты тиісті бұлтартпау шарасын қабылдау туралы Шардара аудандық ПБ-не және Шардара ауданының прокурорына бірнеше рет шағым түсіреді. Жәбірленушінің қорғаушысы А.Айтубаевтың айтуынша, тергеуші Ғ.Орманов және оның әрекетіне қадағалау жүргізетін Шардара ауданы прокуратурасының лауазымды тұлғалары С.Қ-ны жауапкершіліктен шеттеткен. Тіпті, оның қылмыстық әрекеттерін жасырып қалуға тырысқан. Айтуларынша, С.Қ өзіне жүктеліп берілген малды түгелдей екінші қойшы Ш.М-ға өткізген. Оны Ш.М-да растап, малды түгелдей алып, сатып жібергенін айтып, барлық қылмыстық жауапкершілікті өз мойнына алған. Осыны негізге алған полиция оны түгелдей жауапкершіліктен босатады. Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей, С.Қ-ның мал иесі Маликовтың келісімінсіз қойды біреуге беруге, не болмаса сыйлауға құқы жоқ. Адвокат заңдық тұрғыдан келгенде бұл жауап С.Қ-ны жауапкершіліктен босатпайтынын айтады. Егер олай болған күннің өзінде де оның да өзіне лайықты жауапкершілігі болуы керек. Бірақ полицияның бұл әрекетін прокуратура қолдаған. Допша домалаған арыз
«Бұл жерде үлкен қулық жатыр. Бұлар өзара келіскен. Егер екеуі де кінәні мойындаса, олар түрмеге түседі. Сондықтан барлығын біреуінің мойнына жүктемекші. Ал сотталушы түрмеден шыққанша, оның отбасына қарап, жағдайын жасап жүреді. Малды бәрібір өндіре алмайды. Себебі өз аттарында ешқандай мүлік жоқ», – дейді жәбірленуші Б.Маликов. Жәбірленуші әлгі екеуіне жеке-дара тергеу әрекеттерін жасау үшін және оған шешім шығару үшін өтініш жазады. Тергеуші С.Қ-ның әрекеттерінде қылмыстық әрекет жоқ деп ол өтінішті қанағаттандырмайды. «Бұл жерде ұрлау және талан-таражға салу деген баптар бар. Ш.М «ұрлық» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылса, С.Қ-ға «талан-таражға салу бабы қолданылуы тиіс. Шардара аудандық прокуратурасы да «заңды түсіндіреміз, шешім қабылдаймыз, хабар береміз» деп арқамыздан қағып жібереді. Бірақ ешқандай шешім қабылданбайды. Болмаған соң Түркістан облыстық прокуратурасына Шардара ауданының құзырлы органдары тиісті шара қолданылмай отырғаны жөнінде арыз түсірдік. Облыстық прокуратура Шардара аудандық прокуратурасының бізге «жауабына келіспейміз» деген хатымызды қарамастан, ауданға жолдай салады. Біз енді Бас прокуратураға және Президент әкімшілігіне хат жолдадық», – дейді билікке үлкен үміт артқан жәбірленушінің сенімді өкілі, әрі қорғаушысы А.Айтубаев.Өкінішке қарай, Президент әкімшілігі хатты Бас Прокуратураға, ал Бас Прокуратура әлгі өздеріне келген хат екеуін қосып қайтадан қарау үшін облысқа жібереді. Түркістан облысының Прокуратурасы бұл жолы тағы да қарамастан, оны екінші мәрте тағы Шардара аудандық прокуратурасына жолдап жібереді. Осылайша, допша домалаған арыздың қайта айналып Шардара ауданына келе бергені түсініксіз. Сонда дейміз-ау, Шардара аудандық прокуратурасы өз қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне өздері баға бере ме? Яғни, өздерін-өздері тексере ме? Тергеу жүріп жатыр, бір қойшы қамалып отыр. Екіншісі бостандықта жүр. Ең соңында Шардараның прокуроры жәбірленушіге «Тергеліп жатыр, тергеу қорытындысымен шешім қабылданады» деп жауап береді. Алайда олар бұл жауапқа қанағаттанбай, Түркістан облысының прокуратурасына қайта шағымданады. Бұл жолы Түркістан облысының прокуратурасы тағы да Шардара ауданына жібереді. Мұндай өрескел заңсыздыққа шыдамаған жәбірленуші тарап аудандық және облыстық прокуратураның жауаптарын тіркеп, Бас прокуратураға шағым түсіреді. Өкінішке қарай, «футбол матчы» әлі бітпепті. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де барлық үмітін үкілеп елордаға жолданған хат тағы да Түркістан облысына келген. «Бір апам, бір апамнан да сорақы» демекші, Түркістан облысының прокуроры ол хатты тағы ауданға жібереді. Сонда бұл хат неше рет Шардара ауданына келді? Соңында жәбірленушілер Адам құқықтарын қорғау уәкілге де хат жолданады. Олар да өздерінше тексеріп, қорытындысының бір бөлігін Бас Прокуратураға жолдайды. Қызығы, ол тағы да айналып ауданға келеді. Прокурор да заңсыздыққа барған
«Біз барлық жоғары тұрған органға жолдаған хатымыздан тұшымды жауап ала алмадық. Енді бізде амал қалмады. Прокуратураның өзі заңды аяққа таптап отыр. 3 арызымыз да қаралмады. Облыс прокурорының орынбасары Қ.Аблезовтың әрекетсіздігін қарап беру бойынша сотқа шағымдандық. Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы А.Джанасов Түркістан облысы прокуратурасының лауазымды тұлғалары заң нормаларын өрескел бұзғандығы бойынша қаулы шығарды. Қаулыда Түркістан облысының прокуратурасы Қылмыстық процессуалдық кодекстің 105-бабы 3-бөлігінде «Жасалған шешімнің күшін жою немесе оны өзгерту», «шағымды толық немесе ішінара қанағаттандыру», «шағымды қанағаттандырудан бас тарту» туралы шешімдердің бірін қабылдауы тиіс болғандығы, алайда ешқандай шешімді қабылдамағаны айтылған. Сот прокуратуға тиісті шешім қабылдауды міндеттеді. Бізге әлі жауап берілмеді», – дейді адвокат бізбен әңгімесінде.Шардара ауданы полиция бөліміндегі іс сотқа өткенде тағы бір қызықты жайт анықталды. Жәбірленуші тарап бұл істің жалғыз күдікті Ш.М-ға қатысты келгеніне қарсылық білдіріп, С.Қ-ға қатысты істің не болып жатқаны бойынша арыздарға әлі ешқандай жауап ала алмағанын, сол себепті істі қайта тергеуге жіберуін сұрап, арыз жазады. Сот процесі барысында С.Қ-ға және баяғы делдалдықпен айналысқан 2 азаматқа қатысты істері жәбірленуші тарапқа хабарланбастан қысқартылғаны белгілі болады. Бұл туралы құжат іс-құжаттарға тіркелген. Алайда жәбірленуші мүлдем бейхабар. Осыны ескерген сот, істі қайта тергеуге жібереді. Қазір тергеу амалдары 7 айға созылған істің барысы осындай қым-қиғаш оқиғаларға толы. Іс облысқа келді. Бірақ қаншалықты сенімді? Біз облыстық прокуратураға сұрау салып, бірақатар жауап алдық. Түркістан облысы қылмысты қудалау басқармасының аға прокуроры Біржан Шүлеев жәбірленуші Б.Маликовтың облыс прокурорының орынбасары Қ.Аблезовтың жеке қабылдауында болғандағы уәждері ескеріліп, аталған қылмыстық іс жақында Шардара ауданнан алынып, Түркістан облыстық Полиция департаментіне қаралуға жіберілгенін айтты. Қазір күдіктінің ісін бір айға ұзарту бойынша шешім қабылданған.
Прокурор облыстың қарауына келген бұл істе С.Қ-ға қатысты қылмыстық әрекет бар ма, жоқ па қайта қаралатынын айтты. Егер қылмыстық қудалау туралы қаулы негізсіз болса, оның күшін жоймақ. Әзірге тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.Сонымен бірге істі шикі күйінше сотқа өткізген тергеушіге қандай да бір жаза қолданылуы керек шығар. Бұл туралы прокуратура тарапынан тәртіптік іс жүргізу өндірісі қаралып, Полиция департаментіне елеулі кемшіліктерге жол берген тергеуші мен оның басшысына тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс жолданыпты. Ал Шардара ауданының прокуроры жіберген кемшіліктер бойынша облыстық Прокуратураның алқа мәжілісінде қараламақ. Иә, іс әзірге тергеліп жатыр. Тергеу амалдары жүріп жатқан кезде оған кедергі келтірмес үшін жүріп жатқан процестер туралы айта алмаймыз. Дегенмен жәбірленушінің осынша шырылдауынан қандай да бір заңсыздықтардың орын алып жатқаны айтпаса да белгілі. Тіпті, заңсыздықтар бойынша сот та шешім шығарып беріп отыр. Бізге өкініштісі, прокурорларымыздың әрекеті болып тұр. Түркістан қаласы мамандандырылған сотының судьясы А.Джанасовтың айтуынша, тергеу кезінде заңбұзушылықтарға жол беретін тергеушілердің, анықтаушылардың, прокурорлардың үстінен шағым жиі түседі екен. Шағымдар әртүрлі заңбұзушылықтар бойынша қаралады. Мәселен, соңғы бір жылда шыққан 37 жеке қаулының 15 шақтысы прокурорларға қатысты болған. Демек, біздің бүгінгі деңгейіміз, біз соттың шешімінен артық ешнәрсе айта алмаймыз...
Түркістан облысы