«Шетелдегі қашқындар» десек, халықтың ойына бірден Мұхтар Әблязов түседі. Негізі, Әблязовтің кәсіпкер әрі шенеунік ретінде карьерасы табысты болған. Бірақ оған тағылған айып та аз емес. Бір басына 160-тан аса эпизод пен 2 мыңға жуық томнан тұратын қылмыстық іс қозғалған.
фото:malim.kz
ҚР Бас прокуратурасы оны үлкен көлемде алаяқтық жасады, жалған компаниялар арқылы ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды деп айыптаған болатын. Кей деректер бойынша, Әблязов өз жақтастарымен бірге оффшор арқылы 10 миллиард долларға дейін қаражатты қалтаға басқан. Сөйтіп, 2009 жылы ол Қазақстаннан қашып кетті. Бастапқыда Ұлыбританияда тұрған, кейін автобус арқылы Францияға қашты. Артынша француз түрмесіне қамалған. Бірақ Франция соты оны экстрадициялаудан бас тартып, ол бостандыққа шықты. Қазақстаннан бөлек, кәсіпкерге Ресей мен Украина да іздеу жариялаған.
Бүгінге дейін елімізде бірнеше сот оны сырттай соттап та тастаған. 2017 жылы Әблязов сырттай 20 жылға сотталды. Ал 2018 жылы сот Ержан Тәтішевтің өліміне тапсырыс берді деген айыппен экс-шенеунікті өмір бойына бас бостандығынан айырды.
фото: forbes.kz
ММСҚ бұрынғы басшысы Талапкер Иманбаевтың іздеуде жүргеніне 20 жылдан асты. Оны елде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің күйреуіне кінәлі деп санайды. Себебі ол Міндетті медициналық сақтандыру қорының қаржысын ұрлап, мемлекетке 900 миллион теңгеден астам залал келтірген.
Талапкер Иманбаев 1998 жылы үйренуші визасы арқылы елден кетіп, АҚШ-қа қоныстанған. Ал 2001 жылы қазақстандық сот оны сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сол кезде сот оны ұйымдастырылған қылмыстық топ құрды және оны басқарды, мемлекет сеніп тапсырған қаржыны жымқырды деген айып бойынша кінәлі деп таныған болатын.
2014 жылы Иманбаев Forbes.kz сайтына берген сұхбатында «АҚШ көрсеткен құжаттардың негізімен маған саяси баспана берді. Америкадағы мекенжайымды қазақстандық ұйымдар 2000 жылдан бері біледі. Отбасым жанымда. Әйеліммен бірге үш ұлымызды тәрбиелеп отырмыз. Қазір бір компанияда инженер болып жұмыс істеймін» деген.
фото:tengrinews.kz
20 миллион доллар жымқырды деп айыпталған «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев 2009 жылдың шілдесінде компания президенті Мұхтар Жәкішев қамауға алынардың алдында Канадаға қашып кеткен болатын. Сөйтіп, оған халықаралық іздеу жарияланған. Тұрсынбаев қылмыстық топ құру, сеніп тапсырылған өзге мүлікті ірі көлемде жымқыру, сырттан келген қаражатты заңдастыру, салық төлеуден жалтару, сондай-ақ жалған құжаттарды жасап, пайдалану секілді әрекеттері үшін айыпталды.
2011 жылдың тамызында Интерпол Рүстем Тұрсынбаевты «қызыл циркулярға» енгізді, ал 2012 жылдың ақпанында ол Торонто және Канада шекара қызметі агенттігінің полициясы қамауға алған. Себебі кәсіпкер Канадаға көшер алдында 41 000 доллары ғана бар екенін айтып, 11 күннен соң швейцариялық банк арқылы бірнеше миллион доллар аударған. Бұдан кейін Тұрсынбаев Сент-Китс және Невис Федерациясының құжатын алып, Канададан сол жаққа қашуды жоспарлаған. Бірақ сот отырысы алдында Тұрсынбаев басы айналып, жүрегі ауырып тұрғанын алға тартып, сот кейінге қалдырылған еді. Ал кейіннен Канада соты қашқын шенеунікке тағылған көптеген айыпты алып тастады.
2020 жылы оның Швейцария банктеріндегі шоттарынан Бас прокуратура 9 миллион еуро және тағы 2 миллион доллар тапты. Кейбір ақпарат көздерінің жазуынша, Канадаға бара салымен ол шарап қоймасы, бас аспазы, асүйі, кітапханасы бар 3,6 млн долларлық вилла сатып алған. Қазір отбасымен сол жақта тұрып жатыр. Сонымен қатар оның Араб әмірліктерінде де жылжымайтын мүлкі бар деседі.
фото:tengrinews.kz
Ағайынды Рысқалиевтердің жағдайы да бәріне мәлім. 2012 жылы Бергей Рысқалиев Атырау облысының әкімі қызметінен кетті. Тіпті, сол кезде атқарған жұмысына алғыс білдіру үшін бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келген еді. Ал артынша бұрынғы шенеуніктің ағасы, депутат Аманжол Рысқалиев «Ақ жол» партиясының құрамынан шықты.
Көп ұзамай Рысқалиевтің қарамағындағы адамдардың бірінен соң біріне қылмыстық іс қозғала бастады. Олардың бәрін ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, өзгенің мүлкін жымқырды деп айыптады. Алайда бұл мәселеге қатысты Бергей Рысқалиев тергелмеді. 2013 жылдың 5 ақпанында оны Атырау облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті іздестіріп жатқаны жайында бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
Қазір екі ағайынды саяси босқын мәртебесін алып, Ұлыбританияда жасырынып жүр. Ал оларға қатысты сот 2019 жылы сырттай өтті. Нәтижесінде, Бергей Рысқалиевті 19 жылға, ал ағасы 16 жылға бас бостандығынан айырды.
фото:zakon.kz
2015 жылдың қазан айында xалықаралық іздеуге жарияланған «Азбука жилья» компаниясының басшысы Ерқанат Тайжанов әлі күнге дейін Аустрияда бас сауғалап жүр.
Тайжанов 2012-2015 жылдары аралығында «Азбука жилья» компаниялар тобының нақты иесі бола тұра, үлескерлердің 40 млрд теңгеден астам қаржысын қасақана әрі заңсыз иемденген. Сөйтіп, елордадағы «Айсанам», «Айсанам де люкс», «Комсомольский», ExpoCity, ExpoTown, «Комфорт», «Гарант», «Жеті Жол», «Садовые кварталы» және «Династия» тұрғын үй кешендерінің 3,3 мың үлескері зардап шекті.
Бас прокуратура алаяқты Қазақстанға беру туралы сұрау салған. Алайда Аустрия билігі кәсіпкерді экстрадициялаудан бас тартты. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жағдайға дейін Тайжанов Мәжіліс депутаты болған.
Ал бұрынғы Энергетика министрі, Алматы әкімі, ШҚО әкімі, ТЖ министрі және басқа да көптеген лауазымды қызмет атқарған Виктор Храпунов бүгінде бүкіл марапатынан айырылып, 17 жылға сотталып отыр. Оған да үкім 2018 жылы сырттай шығарылды. Ол бюджет қаражатын жымқырып, ірі көлемде пара алғаны үшін айыпталды.
2007 жылы Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сол кездегі Төтенше жағдай комитетінің басшысы қызметін атқарған Храпуновты қызметінен босатты. Сол жылы ол отбасымен Швейцарияға көшіп кетті. Сөйтіп, ел жадында қашып кеткен шенеунік ретінде қалды.
фото:tengrinews.kz
«БИПЭК Авто – Азия Авто» компаниясының иесі, яғни директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин де алаяқтық бойынша айыпталды. Бүгінде оған да іздеу салынған. Компания басшылығы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арасындағы келіспеушілік 2020 жылы басталды. Биыл ақпан айында Қаржылық мониторинг агенттігі Балушкинді жауап алуға шақырған, алайда ол елде болмағандықтан, оған қатыспады.
Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков Astana LRT жобасынан миллиардтаған қаржы жымқырды деп айыпталды. Ал Astana LRT ЖШС директоры Талғат Ардан сыбайласы ретінде танылды.
фото: tengrinews.kz
2022 жылдың қаңтарында екі күдікті де прокуратураға жауап алуға шақырылған. Бірақ араға уақыт салмастан екеуі де ізін суытып, елден қашқан. Тергеу мәліметтері бойынша, Қанат Сұлтанбеков 2021 жылы АҚШ-қа қашып кетсе, Талғат Ардан Түркияға кеткен.
Қаралы қаңтардан кейін АҚШ-та жүрген Қанат Сұлтанбеков пост жазып, көріне бастады. Оның айтуынша, ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов тергеуге кедергі келтіріпті. Тіпті, Тұңғыш Президенттің немересі Нұрали Әлиевтің және Астана қаласының бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбековтің ісіне қатысы барын айтып, істі тексеруді ұсынды. Сонымен қатар өзінің жазықсыздан жазықсыз құрбан болғанына сендірмек болып әрекет жасап жүр.
фото: tengrinews.kz
ҰҚК-ның бұрынғы басшысының немере інісі Нұрлан Мәсімов те елден қашпақ болған. 2022 жылдың шілдесінде Қазақстан-Ресей шекарасынан заңсыз өтпек болған кезде ұсталды. Павлодар облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов қаңтардағы оқиғадан кейін қызметінен алынып, пара алғаны үшін айыпталған болатын.
Мемлекет қаржысын қалтаға басып, шетел асқан шенеуніктердің қарасы қалың. Бірін білсек, енді бірін біле бермейміз. Бірақ бірде біреуі жымқырған қаржыны елге қайтарып, халықтан кешірім сұраған жоқ.