«Елім-ай» жыры және Қожаберген батыр – Қазақ елінің намыс пен ерлік айнасы» атты республикалық жыр мүшәйрасы өткі­зіледі
Жыраудың жыры жаңғырады
1,004
оқылды

Мәдениет және спорт министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған мерей­тойлар мен атаулы күндердің тізбесіне бекіту туралы» №60 бұйрығына сәйкес Қожаберген жырау Толыбайұлының «Елім-ай» дастан жырының 300 жыл­дығы аталып өтіледі.

Осыған орай, халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамдық қайы­рымдылық қорының, жырауды ардақ тұтқан азаматтардың қолдауымен жазба ақындар арасында «Елім-ай» жыры және Қожаберген батыр – Қазақ елінің намыс пен ерлік айнасы» атты республикалық жыр мүшәйрасы өткі­зіледі. Мүшәйраға еліміздің барлық аймақ­тарынан ақындар қатыса алады. Үміткерлер қазылар алқасының қарауына үш өлең ұсынуға тиіс. Оның біреуі – Қожаберген жырау рухына бағышталса, екіншісіне «Елім-ай» дастаны арқау болуы керек, үшіншісі еркін тақырыпта.

Шығармалардың көлеміне шек қойыл­майды. Бұрын жарық көрген немесе қазылар алқасының қарауына белгіленген мерзімнен кеш түскен шығармалар бәйгеге қатыстырыл­майды. Шығармалар 2023 жылдың 15 мамы­рына дейін қабылданады. Сараптау нәтиже­сінде жүлдеге лайықты деп танылған ақындар осы жыл­­дың 26 мамырында Түркістан қала­сында өтетін мүшәйраның ақтық сайысына шақы­рылады.

Мүшәйра жеңімпаздары арнайы сыйлық­тармен және дипломдармен марапатталады. Атап айтсақ, бас бәйгеге (біреу) – 1 миллион теңге, бірінші орынға (біреу) – 500 мың теңге, екінші орынға (біреу) – 300 мың теңге, үшінші орынға (екеу) 200 мың теңге беріледі. Сондай-ақ ынталандыру сыйлығы (екеу) – 150 мың теңге. Жабық бәйге болғандықтан, өлеңдер бүркеншік атпен (псевдоним) жолдануы керек. Автордың аты-жөні, мекен- жайы, байланыс телефоны жазылған парақ кіші конвертке салынып, желімделіп, оның бетіне тек бүркен­шік аты ғана жазылады. Үлкен конверттің сыртында «жіберушінің ата-жөні» деген жерге бүркеншік аты көрсетілуі керек.

Бәйгеге қатысуға тілек білдірушілер өзде­рінің шығармаларын Шымкент қаласы, 160011, С.Пазылбеков көшесі, №5 үй, Заңғар-Заң­гер кеңсесі, Халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген Жырау» қоғамдық қайы­рымдылық қорына жолдауы қажет.

DIOR-дың МАРЖАНЫ

Алматыда «Алла – Шығыстан шық­қан Dior-дың маржаны» атты деректі фи­льмнің премьерасы өтті. Алла Иль­чун туралы деректі фильм – жазушы, дипломат Берлин Иришев еңбегінің жемісі. Ол өткен ғасырдың ортасындағы сән әлемінің жұлдызын зерттеп, қаны қазақ екенін дәлелдеді. Кристиан Диор­дың музасы туралы төрт кітап жазды. Тарихи деректер мен жеті мем­ле­кеттің мұрағатындағы таспаланған бейнелерді жинақтап деректі фильм түсірді.

– Дүниежүзілік маркамен байланысты тарихты өзгерту өте қиын. Ол үшін көп еңбек ету керек. Сондықтан біз фильмді кеш көрсеттік. Францияның көзқарасын біліп, Диордың өзі бізді қолдады, – дейді фильм продюсері әрі режиссері Берлин Иришев.

Оның айтуынша, Алланың жалғыз ұрпағы Марк Парижде тұрады, бұрын әскери қызметкер болған, қазір фотограф болып жұмыс істейді. Фильмде сондай-ақ Алламен араласқан, бірге қызмет еткен достары, әріптестері, француз және ресейлік танымал өнертанушылар бой көрсетеді. Фильм үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде әртүрлі мемлекеттерден жинаған құжаттар қамтылды. Екінші бөлімде сән үйлері ұсынған кадрлар, фотолар мен Алла киген киімдер ұсынылған. Үшінші бөлім бұрын Алла туралы беймәлім болған ақпараттарды қамтиды.

К.ҚАРҚЫН