Қыр қарының көбесі сөгіліп, солтү­стік­қа­зақстандықтарды әбден әбігерге салды
Теріскейге тасқын қаупі төнді
768
оқылды

Биыл теріскейге көктем ерте келді. Қыр қарының көбесі сөгіліп, солтү­стік­қа­зақстандықтарды әбден әбігерге салды. Өңірде 6 мыңнан астам тұрғыны бар 85 елді мекен су басу қаупі бар аймақта орналасқан.

Мамандардың айтуынша, биыл ауа райы әдеттегіден он күн бұрын жылынып, қар жылдам еріді. Қар­ғын судан қауіп төнбеуі үшін тиісті мамандар ерте қамдана бастаған болатын. Мәселен, наурыз айының соңында құтқарушылардан құрыл­ған 9 топ су тасқыны болуы мүмкін аудандарға көмекке аттанды. Тө­тенше жағдайлар департаменті мен «Көкше-БУР» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің мамандары қауіп аймағындағы Айыртау, Уәли­ханов және Ғабит Мүсірепов атын­дағы аудандардағы өзен арнасында мұз жару жұмыстарын жүргізді. Жыл­да жүргізілетін бұл жұмыс ағын суға жол ашып, тасқын қаупін азай­тады. Сондай-ақ өзендердің сағасын тазарту, қар шығару, кө­шелердегі судың уақытылы со­рылуы ұдайы ба­қылауда. Солтүстік Қазақстан об­­лыстық Төтенше жағ­дайлар де­пар­таментінің мәлі­ме­тінше, 600 мың тек­ше метрден ас­там қар шыға­ры­лып, 130 ша­қырым арық тазаланыпты.

Алайда дайындық жұмыстары ойдағыдай болмағанын тұрғын­дардан көптеп келіп түскен шағым­дарға қарап бағамдай беруге болады. Қар ери бастаған кезде сай-саланы қуалаған су солтүстікқазақстан­дықтардың үйіне кіріп, жолын бөгеп, әлекке салды. «Ikomek» да­мылсыз қоңырау түсіп жатыр. Арнайы қызметтердің жұмысын облыс әкімі де сын тезіне алып, бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін қадап айтты. Әсіресе, өткен жылдардың тәжірибесінен қоры­тынды шығарса, кәні?! Биыл кө­шелердегі суды сору жұмысы сылбыр жүргізілді. Қар шығару да солай: тек орталық көшелер ғана жып-жылмағай етіліп, шеткері ау­мақтар ұмыт қалды. Облыс орта­лы­ғындағы жекеменшік секторлар­дан қар шығарылмаған. Аудан­дарындағы жағдай да аса мәз емес. Облыс әкімінің айтуынша, кейбір аудандарға мемлекеттік мате­риал­дық-техникалық резервтен бөлінген техника көктем шыққанша тіпті жөнделмепті. Мәселен, Жамбыл ау­данында бульдозер мүлдем жүр­меген. Тайынша ауданында да бір бульдозер жеке кәсіпкерге сенім­герлік басқаруға берілгенімен, екі жыл бойы тұрақта қаңтарулы тұр.

Есілге ерекше назар аударады

Су тасқыны 2016 және 2017 жылдары солтүстікқазақстан­дық­тарды көп шығынға ұшыратқаны әлі есте. Мұның себебін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов Қарағанды және Ақмола облыстарынан су солтүс­тікке қарай жіберілгенімен және Есіл өзені салаларынан көп су кел­генімен байланыстырды. «Сондай-ақ сол жылдары қыста қар көп бол­ды, топырақ қатты, күн райы күрт жылынды, көктемгі жауын-шашын көп болды. Биыл дәл сол жылдардағыдай қауіп жоқ. Бірақ басты назар Есіл өзеніне ауда­ры­лады», – деді Мұрат Қанғожинов.

Есіл өзенінің суынан облыс орталығы мен Қызылжар ауданын­дағы 12 елді мекен тұрғындары зардап шегуі бек мүмкін. Бүгінде төтеншеліктер ауыл маңайындағы бөгеттерді бекітуге кірісіп кеткен. Сондай-ақ тасқын су Петропавл қаласына да жақындап қалды.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қазгидромет» РМК ди­ректоры Қымбат Мергалимованың айтуынша, 12 сәуірге дейін Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атын­дағы аудандар су тасқынының ша­рықтау шегінен өтті. «Есіл өзенінің ағынын реттейтін негізгі Сергеев су торабындағы судың ең жоғары дең­гейі 8 сәуірде тіркеліп, 996 санти­метрді құрады, яғни ернеуінен 196 сан­тиметрге асты. Дәл қазір су тас­қы­­нының шарықтау шегі – Есіл ау­да­­нында. «Есіл өзені–Покровка ауы­­лы» гидрологиялық бекетінде 11-12 сәуір күндері судың ең жоғары деңгейі тіркелді: 1100 см. Сергеев су қоймасының толып кетуіне бай­ланысты Петропавл қаласында су деңгейінің көтерілуі осы аптада бас­талып, шамамен 18-21 сәуір күн­дері шарықтау шегіне жетеді: бол­жам бойынша су деңгейі 1050-1070 сан­ти­метрге көтерілмек. Есіл өзені та­сып, халықаралық маңызы бар Че­лябі-Новосибирск тас жолын, сон­дай-ақ Бірінші Заречная көше­сіне, Заречный кентіне, Прибреж­ное ауы­лына ба­ратын жолдарды шайып ке­туі мүм­кін», – деді Қымбат Мергалимова.

«Қазсушар» РМК облыстық фи­лиалының директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша, 12 сәуір таңғы 08.00-дегі жағдай бойынша Сергеев су қоймасының деңгейі 139,10 метрді құрайды. «Су көлемі – 827,8 млн текше метр, төменгі бьефке су ағызу қарқыны секундына 598,4 текше метр. Су тасқыны басталғаннан бері Сергеев су қой­масынан төменгі бьефке 589,3 млн текше метрден астам су жіберілді. Бұл орташа жылдық көрсеткіш­терден төмен. Көпжылдық көр­сет­кіштер бойынша орташа жылдық ағын 1,3 млрд текше метрді құрайды. 9 сәуірден бастап Петропавл су торабында оны пайдалану ережеле­ріне сәйкес, бекітпелермен маневр жасау жұмысы басталды. 11 сәуір күні түнгі сағат 22.00-де Петропавл су торабында барлық үш қақпа кө­терілді», – деді ол. Оның айтуынша, өткен жылдың соңында Петропавл және Сергеев қоймалары толық тексеруден өткен. Салынғанына елу жылдан асып кеткеніне қарамастан, бұл нысандардың сапасы жақсы көрінеді.

Көпірдің күйі көңіл көншітпейді

Дегенмен босаңсуға болмайды. Дәл қазір Петропавл мен Сергеев­кадағы екі көпірдің жағдайы алаң­датады. Бұл екі стратегиялық нысан апатты жағдайда. Мамандардың айтуынша, жүк көліктерінің бұл көпірлер арқылы өтуіне шектеу қою қажет. Осы мәселені қазір жергілікті атқарушы органдар қарастырып жатыр.

Күні кеше Қызылжар ауданын­дағы Соколов көпірін де су шайып кетті. Көпір қазір су бетінде қалқып жүр. Осы оқиғаға қатысты Қы­зылжар аудандық әкімдігі: су көте­ріле бастаған кезде Соколовка-Большая Малышка көпірі уақытша алынатынын хабарлады.

Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов бұл көпір тек жазғы және қысқы кезеңде ғана пайдаланылатынын айтты. Оның түсіндіруінше, су тасқыны кезінде аудандық әкімдік оның аппарельдерін жағаға бекітеді. Кеше сол үшін шақырылған кран бір жа­ғын бекітіп болып, екінші жа­ға­лауға бара жатқан кезде су көтеріліп, кө­пірді шайып кеткен. Енді ол маусым айына дейін осы күйде қалмақ. Жалпы, бұл – жыл сайын жүргі­зі­летін жоспарлы жұмыс екен.

Енді Есіл өзенінің екі жағында орналасқан Соколовка және Боль­шая Малышка ауылдарының арасы алыстай түсті: тұрғындар 2 шақырым емес, айналма жолмен 60 шақырым жол жүруге мәжбүр. Бұл ауылдардың арасына кәдімгі көпір салу туралы сөз болғалы қырық жылдан асты. Бұрынғы ағаш көпір әбден шіріп, істен шыққан отыз жылдан бері осы понтонды көпір пайдаланылып келеді. Ол жылына 7-8 ай ғана жарамды.

Сондай-ақ Петропавл қала­сындағы Ойқала шағын ауданын­дағы көпірдің жағдайы да мүшкіл. Оны 2017 жылғы тасқында су ша­йып кеткен болатын. Кейін оны қалпына келтіруге 125 миллион теңге бөлініп, аз-мұз жөндеу жасал­ған-тын. Көп жылдан бері күрделі жөндеу көрмей келе жатқан көпірге қатысты тұрғындардың наразылығы көп. Жуырда бұл жерде жаңа көпір салынатыны белгілі болды. 21,5 мил­лиард теңгенің жобалық-сме­талық құжаттары әзірленіпті. Бірақ мердігер табылмағандықтан, биыл қазіргі бағаларға байланысты қайта­дан есеп-қисап жасалмақ.

Биыл сондай-ақ саяжайларды су басу қаупі бар. Қазір Бабықбұрлық, Ақанбұрлық, Шағалалы сияқты шағын өзендердің суы қайтадан көтеріле бастады. Сондай-ақ қар әлі ери қоймаған Айыртау, Тимирязев, Тайынша аудандарындағы жағдай жіті бақылауда. Төтенше жағдай қызметі сақадай сай отыр.

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы