Әлеуметтік саланы қолдауға және қайырымдылық мақсатты желеу етіп құрылған қордан көз аша алмайтын
күнге жеттік.
«Жомарттан» алып, жарлыны жарылқай ма?
722
оқылды

Бір қызығы, осы қаптаған қорлардың қызығын қашан көретінімізді кім білсін, әзірге ақсаған әлеуметтік саланың аяқтан тұрып кеткенін көрмедік. Керісінше, әлеуметтің мәселесі күн сайын күрделеніп, әлеуметтік желі арқылы қайырымды жандарға алақан жая­тындардың қатары жиіледі. Сонда елдегі жекеменшік компаниялар мен жеке тұлғалардың, әкімдік пен мем­ле­кеттік құрылым жанындағы бюд­жеттен тыс қорларға бай-манаптар салған қыруар қаржының қызығын кім көріп жатыр?

Мұндай қорлар еліміздің әрбір әкімдігі жанынан да, жаңа айтып өткендей, жеке тұлғалар атынан да ашыла береді. Мақсаты сол – байлардың бергенін халықтың игілікті өміріне жұмсау. Негізгі бағыты жаман емес. Тіпті, халықтың өмірі мен денсаулығы үшін қолға алынған мұндай жобаны естіген адамның жомарт жандарға айтар алғысы артып, жүрегі езіліп кетер еді. Әйткенмен, халық үшін деп құрылған қордан халықтың хабары жоқ. Оның мақсаты қандай, қаржыны кім, қалай салады, жылына қанша ақша жиналды, есебін кім жүргізіп, нендей іске жұмыл­дырылғанынан да жұрттың білгені аз. Мысалы, байларға салынған «салықтың» арқасында күн көрген «Тұңғыш Президент атындағы қор», «Назарбаев қоры», «Па­рыз», Densaylyq Qostanai, «ЕРТІС КӨМЕК», секілді қордың бір­нешеуі бар. Айтпақшы, бұл қорлар заң бойынша мемлекеттік емес. Сондықтан оның жұмысын бақылау Үкіметтің құзыретіне кірмейді. Олай болса, ортақ салыққа түсуі тиіс қаражатты қорға құйып, бірақ халықтың аузынан жырып алған ақшаның есебін жұрттың өзіне ашық қылмайтыны тағы қызық.

Қызметі қалай реттеледі?

Заңгер Дәурен Жаппарқұлов «Қоғам­дық бірлестіктер» туралы заң бойынша, қорға ақша құятын қалталы азаматтардың ақша аударымдарынан кейбір салық түрлері алынбайтынын айтады. Бірақ сол заңға сәйкес қоғамдық бірлестіктерді белгілі бір органдар бақылауына алады. Яғни, террористік мақсатта, заңға қайшы және ақшаны жымқыру мақсатында құрылуға жол берілмеуі керегі де көрсе­тілген. Салық органдары қоғамдық бірлес­тіктердің жұмысында қаржы жымқыру не салықтан жалтаруға қатысты құқықбұзу­шылықтарды анықтауды жүзеге асыра алады. Қорға аударылған қаражаттың есебі де салық органдарына түседі және олар мони­торинг жүргізуі қажет. Егер күмән туғы­затын дүние болса, құзырлы орган­дарға хабарланады екен.

Демек, бізде қор жұмысы бақылаусыз кетті деуге келмейді. Қордағы қаражаттың есебі тоқсан сайын жүргізіледі, кем-кетігі болса тексеріс те жүргізіледі екен. Бірақ қорға кімдер қанша аударып жатқаны тура­лы ешқашан ел алдында есеп беріл­мейді. Себебі бюджеттен тыс қор мем­лекеттік құрылымға жатпайды. Біздегі бизнесмендердің қорға не үшін ақша аударуға келісетіні белгісіз. Сұрай ма, мәжбүрлей ме, өтіне ме, әлде әлгінде айт­қандай, салықтық жеңілдіктер болатыны қызықтыра ма? Мұндай жағдайда кәсіпкерлер не істеуі мүмкін? Кәсіпкер бас­қа жердегі шығынын азайтады, не болмаса салықтан жалтарудың жолын қарас­тыруы да мүмкін екен. Мысалы, қа­йы­рым­дылыққа қаражат салып, салықты азырақ төлейді. Кәсіпкер елге салықты азырақ төлеген сайын әлеуметтің жағдайы қиындай түседі. Кейбір кәсіпкерлер акти­він барынша шетелге шығаруға тырысады. Себебі ертеңгі күні басқарманың жаңа басшысы, әкім қаралар бюджеттен тыс қорларға одан да көп ақша аударуды талап етсе, кәсібін тартып ала ма деп қауіптенуі де заңдылық емес пе? Оның салдары елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізеді деген сөз. Айлық көбей­мейді, азық-түлік қымбаттайды. Халықтың жағдайы нашарлай бастайды. Сөйтеді де, нарықтың заңынан діңкесі әбден құрыған халық жекеменшік қорлар мен қалталы азаматтардан жәрдем сұрайды.

Ашықтық жетіспей жатыр

2019 жылы Арыс қаласында болған жарылыстардан зардап шеккендерге көмек көрсету қорына 2 млрд теңгеден астам қаражат жинаған «ТҮРКІСТАН» корпора­тивтік әлеуметтік даму қоры бар. Аймақ­тағы түрлі ұжым қызметкерлері өздерінің біркүндік жалақыларын аударды, ал ком­па­нияларға демеушілік көмек көрсетті. Бұл ақшаны пайдалану туралы есеп көпшілікке беймәлім. 2020 жылы пандемия кезінде экс-президенттің бастамасымен «Біз біргеміз» қорын құрылды. Алғашқы он күн ішінде ол мемлекеттік қызмет­шілердің біркүндік жалақысы мен бизнес жарналарын аудару есебінен 13 млрд теңге жинаған. Осы қор қаражатының қалай пайдаланылғаны туралы есеп те көпшілікке қолжетімді емес. Жергілікті бизнестің демеушілігімен немесе өндіруші компаниялардың әлеуметтік инвестиция­ларымен толықтырылатын әкімдіктер құратын мұндай қорларды жергілікті жерлердегі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін жасайды. Бірақ мұндай қорлар бақылау қиын параллель бюджеттерді түзеді. Оның себебін Zertteu Research Institute қорының директоры Шолпан Әйтенова мемлекеттік органдардың қатысуы бар қайырымдылық көмек есептілігі ашық болмауының жүйелі мәселесінен іздеу керегімен түсіндіреді.

Шынында да, солай шығар. Әйтпегенде, «Қазақмыстың» төрт жылда Назарбаев қорларына аударған 79 млрд теңгесі қайда кеткен? Сол ақшаны ауыр дертпен ауыра­тындардың оттасына жұмсады ма? Болмаса денсаулыққа залалын тигізетін ауыр жұмыс істейтін қызметкерлерге сыйақы ретінде таратты ма? Жұмсаған қаржының есебін көрсетіп, жұртты қуантуға не кедергі? Себебі кедергі болатын дүние де болуы мүмкін. Мысалы, «Халыққа көмектесуге» құрылған бірнеше қор қалай кейбір жеке адамдардың байлығын басқару құралына айналып кетеді. Қор арқылы миллиондаған доллар тұратын ұшақ та, банк пен телеарна­лар, миллиардтаған доллар ақша, құны қымбат қонақүйлер мен сауда орындары, сұлулық салондары жеке адамдардың бизнесін жандандыруға жеткілікті болған. Бұл туралы Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыстық зерттеу орталығының зерттеуінде айтылды. Зерттеу авторлары­ның жазуынша, бұл активтер ерекше тәсіл­дермен үйлестіріліп отырған. Айтпақшы, қорға садақа беріп отыратын олигархтардың да есебі түгел секілді. Себебі дереккөздерде айтылғандай, кейбір қорға тиесілі пәтер­лерде қаржылай көмек көрсетіп жатқан жомарт бизнесмендер мен мәрт кәсіп­керлер тұратын көрінеді.

Инвестициялық климатқа да әсер етеді

Zertteu Research Institute қор дирек­торының айтуынша, бюджеттен тыс қорлардың қызметі де басқа да әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорлары секілді заңмен реттеліп, есебі Парламентте берілуі керек. Бір жағынан бұл әділеттілікті қалпына келтірудің бір түрі және нәти­желерді көрсетудің жолы. Бұл азамат­тардың сенімін қалпына келтіруге таптыр­мас мүмкіндік. Себебі қорды құру – нақты ақша мен нақты нәтиже. "Құқықтық тетіктері қарастырылмаған кезде мұндай бастамалар инвестициялық климат­тың тұрақтылығын нашарлатуы мүмкін. Өйткені жеке қор жоқ жерден пайда болады, оған ірі бизнес қолданыстағы мемлекеттік салық жүйесімен қатар тұрақ­ты негізде үлкен сомаларды аударуы керек. Қордың құрылуы басынан бастап құрыл­тай­шылар, көшбасшылық, негізгі мақсаттар мен басқару моделі төңірегіндегі қоғамдық пікірталастар үшін кулуарлық шешім қабылдаумен және жабылумен қатар жүреді. Сыртқы жағынан қордың идеясы байлардан алып, кедейлерге қайта бөлу үшін дұрыс көрінеді. Бірақ бұл кедейлерге жедел көмек беруге келмейді», – дейді ол.

Сондықтан Үкімет қорлардың құрылтайшысы болуы тиіс және оның қызметі заңмен реттелуі керек. Осылайша, қор Парламентке есеп береді. Сонда бұл анық және заңды болады. Сондай-ақ қорды қордың тексеру комиссиясы емес,      Жоғары аудиторлық палата тексереді. Ал қазір бюджеттен тыс қорды құру жұмысын қосымша көлеңкелі бюджетті құрумен салыстыруға болады. Оны іске асыру мемлекеттік органдарға да, Парламентке де бағынбайды. Мұндай жағдайда қор әлеуметтік процестерге айтарлықтай әсер ететін, бірақ ресми статистикалық есептілікте көрінбейтін міндеттерді шешуге қызмет ете алатын ықпалды және қуатты қаржы құралына айналады. Себебі ірі бизнестің жарналары есебінен түзелетін үлкен бюджетті заңнамалық тұрғыдан реттеп, есебін беру ашық болғаны дұрыс. Олай болмаса, мемлекет қайырымдылық­пен айналыспауы тиіс. Яғни, проблема­ларды реактивті түрде шешу тәжірибесінен, соның ішінде қорларды құрудан бас тартуы керек. «Егер мәселе қаражаттың мемлекет­тік бюджет шеңберінде мақсатты түрде игерілетініне сенімсіздік болса, онда жаңа бейресми қор құрудың орнына бюджеттік жүйені реформалау қажет. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу квоталары да бар. Қор мемлекеттің міндет­терін және басқа қайырымдылық қорлары орындайтын міндеттерді қайталамауы керек. Қор елдің барлық әлеуметтік мәселесін шеше алмайды Сондықтан Үкімет негізгі мәселелердің себептері мен шешімдерін іздеуі керек», – дейді Шолпан Әйтенова.

Бюджеттен тыс қор құру аспаннан алынған тәжірибе емес. Батыс пен Аме­рика­да да бар. Бірақ олардың жұмыс істеу тәсілі де, құрылуы да ерекше. Президенттер президенттік өкілеттіктерін аяқтағаннан кейін өз қорларын құратын тәжірибе бар. Мысалы, Билл Клинтон қоры немесе Барак Обама қоры президенттік мерзім аяқталғаннан кейін құрылған. Сонымен қатар олар толық есептілікпен, соның ішінде қаржылық есептілігі бар, қанша ақша тартылғанымен және қандай мақ­саттарға жұмсалғанымен көрініс береді. Ал біздегі қорлардың жұмысына қарасаң, қорды басқарудың осы мәселелері толық шешілмеген. Тіпті, қордың капиталы қандай қаражаттан құралатыны да белгісіз.

Жадыра МҮСІЛІМ