Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы саяси жаңғыртудың жаңа кезеңіне жол ашып, көп қадамды реформалардың бастау алғанын айқындап берген еді
Қоғамның  сеніміне селкеу түспесін
752
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы саяси жаңғыртудың жаңа кезеңіне жол ашып, көп қадамды реформалардың бастау алғанын айқындап берген еді. Содан бері Қазақстан қоғамында елдің даму бағытын айқындайтын бірқатар өзгерістер болды. Саяси реформалар қарқын алды.

Өткен жыл бедерінде Ата Заңға өз­герістер енгізу бойынша референдум өтті, Қазақстан Президентінің сайлауы, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Сена­тының сайлауы өткізілді. Ал жақында Парламент Мәжілісі мен мәслихат­тарының сайлауы болды. Бұл жаңалығы көп сайлау додасының бұрын-соңды болмаған бәсекені туғызып, барлық дең­гейде қызу тартыспен өткені соншалықты, оның ыстық-суығы әлі басыла қоймаған секілді. Жалпы, өткен электоралды ке­зеңдер қабылданған шешімдердің қоғам­дағы өзгерістерге жауап бере алатынын көрсетті.

Осының барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бас­тамасымен жүзеге асып жатқанын ашық айтуға тиіспіз.

Осы тұста саяси бәсекеге қатысқан барлық саяси партиялар мен бірмандатты сайлау округтерінен өзін-өзі ұсынған кан­дидаттардың басым бөлігінің сайлауалды бағдарламаларын Мемлекет басшысы ұсынып отырған еліміздің стратегиялық даму мақсатымен байланыстырғаны қуантады. Яғни, соңғы екі жылда Прези­дент ұстанған саяси-экономикалық бағыты өз нәтижесін беріп отырғандығы анық сезіледі.

Саяси жаңғырту тоқтап та қалмайды. Ол біздің күнделікті өмірімізде жалғаса береді. Қоғам ағзасына қан жүгірді. Осы орайда ортақ мақсатта өз ойымызда жүр­ген бірқатар мәселені қозғауды жөн санадық. Жалпы, қоғамның саяси-эко­номикалық құрылым-жүйелерінің тиімді-тиімсіздігін адамның хал-ахуалына қарап өлшеуге де, айқындауға да болады. Сондай талдау-бақылау есептері әр мемлекеттің көрсеткіштерімен және оған Біріккен Ұлттар Ұйымының қатысуымен немесе сараптауымен даярланады.

Қазақстанның егемендік жылда­рындағы даму көрсеткіштері әр негізгі сала бойынша (адам жасының ұзақтығы, жалпыұлттық өнімнің мөлшері, жан ба­сына шаққандағы деңгейі, денсаулық жағ­дайы, тұрмыс халі және т.б.) мем­лекеттік мәртебеміздің өскені мейлінше айтылып, жазылып та келеді. Бұл жағын тарқатып, талдауды сарапшы экономис­тердің еншісіне қалдырғанымызбен, осы артта қалған отыз екі жылдай уа­қытта біз бұдан да бай-бақуатты, бұдан да іргелі, мықты мемлекет болуымыз керек еді деген сөзді көзі ашық, көкірегі ояу екінің бірі айтады. Неге? Себебі де бар, оны қоғамдағы сенімсіздік пен жекелеген мәселелерде билікке деген өкпе-реніштің кү­шеюінен көруге болатын еді. Өкінішке қарай, байлықтың тең жартысынан астамы кейін белгілі болғанындай, 162 адамның қолына жиналып, тойымсыздық пен өзімбілермендіктің салдарынан билік ақырын-ақырын халықтан алшақтай бастады. Осы ретте атақты француз жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Франсуа Мориактың «қай елде болмасын қасіреттің басты себебі – нағыз құн­ды­лықтардың жасанды құндылықтармен ауыстырылуында» деген тұжырымы ойға оралады.

Қауіп еткеннен сөз туды. Ұлттың беделді тұлғалары қоғамның толғақты мәселелерін жан-жақты және терең қозғаған баспасөздегі түйдек-түйдек мақалаларында қаншама шындық айтты, қаншама рет сақтандырды, бірақ сол кездегі билік ондай ақиқатты естігісі келмеді. Тыңдамады. Ал халық іштей тынды… бұл жақсы емес еді.

 Бұқара халықтың мұң-мұқтажы, әлеу­меттік талаптары қағаз жүзінде қатып тұрғанымен, ақиқатында қазынаның миллиардтаған қаржысы құмға сіңгендей әсер қалдырды. Саны бар, сапасы жоқ нысандарды жөнге келтіру тіптен қиын­дай түсті. Адалына келсек, бір ғана мем­лекеттік сатып алу бойынша өткізілетін тендер қолында билігі бар шекпенділердің арасында сыбайлас жемқорлыққа кеңінен жол ашты. Заңсыз пайда табудың көзіне айналды. Осыдан кейін кім не айтпайды?

Екінің бірі мемлекетті, оның өзінде қажет кезде теріс құбылыстарды тоқтатуға дәрменсіз, заң үстемдігін түбегейлі ор­натуға ықыласты емес ескі жүйенің ұрын­дырған кесапаттарын сынап, мінейді. Бәрі де орынды.

Бірыңғай мақтангерлік пен жасан­дылық, статистикалық бұрмалаушылық түбімізге жете жаздады. Түркі елдері ой­шылдарының «Бір уыста екі хан бол­майды, бір қынапқа екі қылыш салын­байды» деген санғасырлық ғибратынан сабақ алмадық. Қоғамда белгілі бір топтың бетімен кетушілігі мен заңға бағынбауы ұзақ жылдар бойы бүкіл билік бір адамның қолына шоғырлануымен тікелей байланысты болды. Ол жүйе мемлекетті басқаруда өте тиімсіз екенін көрсетіп берді.

 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейінгі Қазақстан мен одан кейінгі Қазақстан екі түрлі жағдайда. Ендігі жерде елімізде ірі саяси жаңғыртулар мен реформалық өзгерістерді батылдықпен іске асыру қадамдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи бастамаларымен қолға алынып жатыр. Бір жылдың өн бойында елімізде қоғамдық ой-санаға сілкініс туғызатын саяси реформалар – Конституцияға өз­герістер мен толықтырулар енгізуді көз­дейтін халықтық референдум, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу, жаңа саяси партияларды тіркеу қатарлы іс-шаралар ұйымдастырылды. Жетінші шақыры­лымдағы Қазақстан Парламенті де бұл ірі саяси оқиғалардың бел орта­сынан та­былып, өздерінің өкілеттілігіне сай жүк­телген міндеттерді мінсіз атқарып шықты. Біз де сол мерзімде Мәжіліс де­путаты ретінде Мемлекет басшысының ірі тарихи ше­шімдерінің қабылдау сәт­теріне куә болдық. Халықаралық саясат­тың соқ­пақтары мен жаhандық үдеріс­тердің тынысын тап басып болжай алатын аса тәжірибелі саясаткер және диплома­тия­­лық өмірдің майталман білгірі Қ.Тоқаев ­күрделі кезеңде тұтас билікті өз қолына алды. Жаңа Қа­зақстан құру жолындағы бағыт-бағдарын ашық жариялап, бұдан әрі қоғамды тазартып, мемлекеттің байлығына қол са­лып, қол салғанда да мол салған адам­дарды қатаң заң талабымен тәртіпке ша­қырып, заң үстемдігінің барлық отан­дастарымызға бірдей болатынын ашық мәлімдеу және сол айтылған жағдайды мықтап қолға алуы, біріншіден, халыққа есеп беруі және қоғам алдындағы адал­дығы, екіншіден, мемлекеттік жауап­кершілікті таныта білудің нақты көрінісі болды.

Ескі жүйеден күйе болып жабысқан дү­ниенің бірін қалдырмай тазарту жұ­мысы әлбетте, оңайға соқпайды. Бұл өз­геріс­терді әркімнің өзінен бастау мүм­кіндігі деп те айтылды. Халық пен шын­дыққа арқа сүйейтін қоғамның жұмыла жасайтын іс-әрекеттері төменнен бас­талып, Ақорданың қадағалауына дейін жалғасуы өте маңызды екенін жұрт ұқты. Дегенмен ел ішінен әртүрлі айтылар әңгіме әлі күнге дейін Үкіметтің тара­пынан ширақ қимылды, пәрменді әрекетті күтетіні байқалады. «Ескі дағ­дымен жылы немесе салқын кеңседен шықпайтын неғылған министр, сөзін де естімейміз, өзін де көр­мейміз» деп те айтылып жүр. Жасыратын несі бар, жаңа Қазақстан құрудың түпкі мақсатын жеңіл-желпі түсініп, сен ти­месең, мен тимен, жасқаншақ ойымен қызметтік жұмсақ креслосын бағып отырған шенеуніктердің қатары көп сияқты. Жаңа тұрпаттағы саясаткер, от болып жанып тұрған, өмір­лік тәжірибесі бар қайраткер адамдарды таңдап, тану, сондай қайсар, мемлекетшіл, қазақ тілін жетік білетін алғыр жастарды жоғарылату, жаңа есімдер мен танымал тұлғалар арасындағы сабақтастықты жалғастыру да қажет. Жасы ұлғайса да халық үшін пайдалы іс жасайтындарға да сенім бар. Мемлекет басшысының ойы озық қоғамдық пікірге ие және мемлекет пен халыққа қызмет етуге адалдығы көрініп тұрған, ұмтылысы жарқын, саяси мә­дениеті жоғары, қолы мен жүрегі таза, елім дейтін жаңа, те­геурінді толқынды қалыптастыру екені кадрлық ауыс-күйіс барысынан анық байқалады.

Қазақстан қоғамына сенім мен сер­піліс рухын сіңіру әділетті және адалдық қадамдарымен құнды бола түседі. Мұны аймақтарды басқару сеніміне ие болған адамдардың терең сезінуі мен жауап­кершілікпен қарауы аса маңызды. Ұлтқа қызмет етуде ұсақ-түйек болмайды. Кадрлардың да ұсақталып кетпеуін айтқанда, жершілдік пен рушылдық секілді жат құбылыстардың жолын бір­жолата кесіп тастауына аса мән берген жөн. Өйткені мұндай келеңсіз жағдай жергілікті жерде әлі де қылаң береді. Ескі жүйені аңсайтын «ақылмандар» мен «батагөйлер» бұрынғы әккі әдіспен жа­ғымпаздықтың уын сеуіп, жікке бө­лінушіліктен нендей пайда көріп, нендей қызық көріп жүргенін ел естімей, көрмей отырған жоқ. Біздіңше, ел Пре­зидентінің жүргізіп отырған бетбұрысты, яғни әді­леттілік пен парасаттылыққа негізделген саясатын қалың бұқара жан-тәнімен қолдап отыр. Сонымен бірге ел не дейді? Олар: Президенттің әр сала бойынша кешенді тапсырмалар мен атқару ор­гандарының алдына қойған зор әлеу­меттік-идеологиялық міндеттерді ойда­ғыдай орындай алмайтын шенеуніктерден құтылу керек дейді. Құр бекер уақыт оздырғаннан басқа жанды іс-әрекеті жоқ болса, не үміт, не қайыр?! Бұл арада ха­лықтың пікірімен санасу маңызды.

 Мемлекет басшысы кінәратсыз қоғам құру жолында халықтың мүддесін бәрінен де жоғары қойып келеді. Саясаттың темірқазығы – ар-ожданмен мемлекетшіл қасиеттерді қадірлей білу және ел алдында берілген сертке жан-тәнімен адал болу.

Ел Президенті тұрғындардың мұң-мұқтажы, өтініш-тілектері аяқсыз қал­масын дейді қатаң түрде, сол үшін де бюрократияға жол бермейтін пәрмен шығарды. Соған қарамастан, жергілікті жерде бір-біріне сілтеу, мемлекет қар­жысымен жұмыс істейтін мердігерлерді жөнге салу немесе жұртты жан-жаққа арыз жазып, шапқылатпай орынды кө­терілген мәселені шешуге келгенде әлі де дәрменсіз. Мысалы, былтыр Жамбыл облысының қиян түкпіріндегі ауыл тұр­ғындарының жанайқайымен 200 млн теңгеден астам қаржы жұмсап қаздырған құдықтан тұщы емес, кермек су шығып, әбден әбігерге түсті. Айқай-шу. Әлеуметт-ік желіде өкпе-реніш тарап жатты. Бұл мәселені зерделеу үшін біз де арнайы жолға шығып, өз көзімізбен көрдік. Ақырында, бұл іске облыс әкімінің назарын аудардық, содан өңір басшысы тікелей өзі барып, ауыл адамдарымен сөйлесіп, араласқан соң ғана түйткілді сауалға нақты жауап берілді. Жергілікті тұрғындардың ара­сында шапқылап жүрген қоғам бел­сенділері болмаса, шындық үшін бас көтеретін, жанашыр жандар кім болмақ?

 Біздіңше, аудан, ауылдарда қоғам белсенділеріне деген көзқарас та өзгеруі керек. Ал қазір қалай? Көп жағдайда ауылындағы әлдеқандай кемшілікті көзге шұқып айта білетін әрі шаршамайтын мазасыз жандарды «тыныш жүрмейтін» (блогер емес) жағымсыз жан ретінде жақтырмай қарау біржақты етек ала бастаған.

Екіншіден, алқалы қоғамдық ұйым­дардың қырағылығы мен бақылауы керек-ақ. Мысалы, Тараз қаласында 2015 жылы Қазақ хан­дығының 550 жылдығына байланысты «Көне Тараз» музейінің ғимараты са­лынды. Су жаңа ғимаратқа мемлекеттің 950 млн теңге қаржысы жұмсалды. Қа­дірменді қонақтардың қатысуымен тарихымызды танытатын және туризмді дамытуға септігін тигізетін мәдени орынды керемет сән-салта­натымен аш­тық. Іле-шала музей есігі тарс жабылып қалды. Сөйтсек, ду-думен салынған музей ғимараты құрылысының кем-кетігі көп екен, әуелі төбесінен су сорғалап ақты, сөйтіп жарамсыз болып шықты. Міне, содан бері арада қаншама жыл өтті, қаншама рет дабыл қақтық. Үкіметке депутаттық сауал да жолдадық. Тал­қылаған болдық. Сонымен бітті. Ешбір нәтиже бола қоймады. Обал-ай, қазы­наның мил­лиардтаған ақшасы аспанға бу болып ұшқандай, сұрауы жоқ. Жергілікті әкімдік ешбір жұмыс істемеген ғимаратты қайта жөндеуге бюджеттен қаржы бөле алмайды, себебі заңға сай келмейді. Бұрынғылардың жіберген кемшіліктеріне жауап та бере алмайды. Ал енді қосымша жөндеуге қажетті жүздеген миллион тең­гені демеушілер арқылы табу өте қиын іс екені белгілі. Құқықтық тұрғыдан қа­растыруды кім ойлайды? Қоғамдық кеңестер мен қоғамдық ұйымдардың да осындай ортақ іске үн қатуы орынды болар еді ғой... Азаматтық қоғамның бақылауы қайда?

 Мемлекет басшысы «Күшті Прези­дент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидасымен жұмыс істеуді алға қойып, билік тармақтарының үйлесімді және қарқынды жұмыс істеуін міндеттеп отырған жоқ па?! Және «Әді­летті мем­лекет. Әділетті экономика. Әді­летті қо­ғам» бағдарламасының ая­сында халықтың хал-ахуалын жақсартудың ал­дағы жеті жылда атқарылуға тиісті ау­қымды мін­деттерді орындаудың және соған жұм­салатын триллион қаржының тиынына дейін есептеліп қойғанын оқып, біліп отырмыз.

Қазақстанның әлемдік саясат пен дүниежүзілік бәсекеде бабы мен бағы келіскен, жаңару мен жаңғыртуды батыл жүзеге асырған, адамдары бақытты өмір сүрген, жерасты мол байлығын халықтың игілігіне жұмсап, адамдар адал еңбегімен өркен жайған, ішкі бірлігі бекем, сыртқы саясатында бейбітшілік пен достықты қарым-қатынасты ту еткен тегеурінді мемлекет болуы – біздің стратегиялық бағыт-бағдарымыз!

Қазір біздің қоғамда басты-басты әлеуметтік-саяси өзгерістер жайында айтылатын әрбір сөз бен әрбір әлеуметтік пікір өте қажет әрі құнды. Оның негізгі бөлігі халықтың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелерді, атап айтқанда, жұ­мыссыздық пен кедейшілікті батыл қа­дамдар жасап, жаңа өндіріс орындарын ашып, шын мәнінде шығандап кеткен жұмыссыздықтың саны мен кедейшіліктің қатарын жүйелі түрде азайту, қызмет бабын пайдаланып, жемқорлар немесе қорқаулармен ауыз жаласып, заңсыз байыған адамдарды анықтап, шетелге жылыстап кеткен қаржыны елге қайтару секілді мәселелерге айрықша назар аударады.

 Ауыл шаруашылығын дамыту және ауылға жаңа заман стандарттары бо­йынша түлетуге жәрдемдесу алыстағы ағайын­дарды қатты қуантады. Жайылым мен шабындық мәселесін шешу мақ­сатымен 5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыс биыл да жал­ғасын табады. Алдағы жылдары елімізде, оның ішінде ауылдық жерде де керемет мектептер іске қосылады. Онда 800 мың бала оқитын «Жайлы мектеп» жобасы ауыл мен қала мектептерінің білім беру деңгейін жақ­сартатын жаңа жағдай туғызады.

Біз бұл мақаламызда елімізде жал­ға­сын тауып жатқан саяси реформалар­дың қоғам мен мемлекетті дамытудағы оң өзгерістерін сипаттап, ел күткен батыл қадамдардың маңыздылығы жайында ғана ой қозғадық. Сонымен бірге жұрт­шылық жаңа, әділетті Қазақстан құру жолындағы ұлттық құндылықтар мен ірі әлеуметтік бастамалар шеңберінде бо­латын тың өзгерістерге зор үміт артып, сенім мен мемлекеттік жауапкершіліктің жүгін аманаттап отырғанын да еске салып отырмыз. Сенімге селкеу түсірмеу, Ар мен Намысты биік қою – сіз бен біздің де төл міндетіміз!

 Біз өзіміз өмір сүріп отырған ашық, әділетті қоғамның өзегі – азаматтардың тең құқы сақталып, арман, мақсатының орындалуына барлық өркениетті жағдай туғызған ірі саяси реформалар мен мемлекеттік бағдарламалардың баянды болуы деп білеміз. Өйткені халық күткен, Тоқаев берік ұстанып отырған сөз бен істің арасында алшақтықтың нүктесі қойылар шақ келді! 

 Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

қоғам қайраткері