Түркістан қаласында басы ауырып, дәріхана жанындағы егу кабинетінде инъекция (дәрі) салдырған 26 жастағы ана өлім аузынан қалды.
Егу бөлмесінде дәрі салдырған әйел жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты
6,552
оқылды

 Otyrar.kz сайтының мәліметінше, ақпан айынан бері жамбас бұлшық етіне бірнеше рет ота жасалған екі балалы жалғызбасты әйел бүгінде өздігінен еркін жүріп-тұра алмайды. Қазір  бұл іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

 Түркістан қаласында тұратын жалғызбасты әйел ақпан айында басы ауырып, емханаға барған. Ондағы дәрігер «кетатоп» инъекциясын (дәрі) салдыру қажеттігін жазып берген. Содан 26 жастағы ана 8 ақпан күні қаладағы дәріхана жанындағы ақылы егу бөлмесінде инъекция салдырған. Алайда кейін жамбас бұлшық еті қызара бастапты. Ісініп, мазасын алған. 10 ақпан күні келіншек егу бөлмесіне барып, дәріхана иесіне шағымын айтқан екен. Ол өз көлігімен келіншекті «Талғат» жекеменшік клиникасына алып барған.

 Науқастың әпкесі Ләззат Базарбаева жекеменшік клиникадағылар ешбір анализ алмастан, сіңлісіне бірден ота жасап, жамбас бұлшық етін тілді деп отыр.

 Қызының көз алдында денсаулығы нашарлап бара жатқанын көрген анасы Денсаулық сақтау министрлігіне арыз түсіріп, сенім телефондарына қайта-қайта хабарласқан екен. 15 ақпан күні науқас шұғыл түрде Түркістан қалалық орталық ауруханаға ауыстырылған. Бұл жерде де оған  ота жасалыпты. Алайда дене қызуы қайта-қайта көтеріле беріп, науқастың беті бері қарамағанға ұқсайды.

 «Орталық ауруханада жатқан қызымның жағдайы нашарлай берген соң ақысын төлеп, палатада өзім бірге жаттым. Бірақ температурасы 39-40 градусқа көтеріліп, қызуы түспеді. Болмаған соң тіккен жердегі тігістерін шешті. Ондағылар неге шағымдана бересіздер, бастысы қызыңыз тірі қалды ғой деп өзіме ашуланды. Дәрігерлерден «Неге қайта-қайта аша бересіңдер? Ірің бар ма?» деп сұрағанымда тек ісік екен деген жауап алдым. Онда неге бірнеше ота жасайды бұлар?»,-деді науқастың анасы Бақытжан Сердалиева.

 Түркістан тұрғынының айтуынша, қызының дене қызуы 39-40 градус болғанына қарамастан, дәрігерлер үйіне бір аптаға жіберген көрінеді.

 «Балаларының қасына барып, бір апта демалып келсін. Мүмкін, сол кезде жағдайы жақсаратын шығар» деп маған тілхат жаздырып, қызымды ауруханадан шығарды. Үйге келген қызымның жағдайы одан сайын нашарлады. Қайта-қайта жедел жәрдем шақырдық. Бір апта өткен соң дәрігеріне хабарласқанымда «Қызыңызды ауруханадан сол кезде шығарып жібергенбіз. Бізден шыққан науқасты мен қарамаймын» деп айтты. Бұлар маған демалып келсін деп өтірік айтып, қызымды шығарып отыр»,деді ашуға булыққан ана.

 Түркістан қалалық орталық ауруханасындағылар науқас 15 ақпан күні асқынған күйде жеткізілгенін растады. Келіп түскендегі диагнозы: бел аумақтағы оң жақ бөксенің іріңді-некротикалық флегмонасы, сепсис. Науқасқа тиісті емдік шаралары жүргізілген соң 13 наурыз күні үйіне шығарылыпты.

 Ауруханадан шыққан әйел  жақсармаған соң анасы мен әпкесі 23 наурызда Шымкентте орналасқан Түркістан облыстық-клиникалық ауруханаға алып келген. Бас дәрігердің орынбасары Мақсұт Аймағамбетовтің айтуынша, пациент ауыр жағдайда жеткізілген. Өздігінен жүріп-тұра алмаған. Операция жасалған кезде тілінген аумақты тіккен екен. 18 күн бойы үздіксіз ем қабылдаған науқас 10 сәуір күні жағдайы жақсарып, аяқтан тұрған соң үйіне шығарылыпты.

 Ләззат Базарбаева сіңлісіне о баста егу бөлмесінде дәрі салған қызметкердің медбикелік білімі жоқ екені белгілі болды және ол санитариялық талаптарды сақтамаған деп отыр. Енді егу бөлмесі орналасқан дәріхана иесі науқастың анасына қайта-қайта хабарласып, тіпті 500 мың теңге ұсыныпты. Алайда төсек тартып жатқан келіншектің анасы ешкімге кешірім бермейтінін кесіп айтты.