Былтыр желтоқсан айында Нор­мативтік -құқықтық актілер порталында Алматы қаласындағы Қоғамдық тамақтану нысандарының жанынан жазғы алаңдар орнату Қағидасының жобасы жарияланған болатын. Бұл Қағида қоғамдық тыңдау­лардан өтіп, биыл 13 ақпанда Әділет департаментінде тіркелді. Бұл күнде осы жаңа ережеге қатысты қоғамда түсініс­пеушілік болып жатқан секілді.
Даудың басы – жаңа қағида
1,145
оқылды

Жаңа талап пен ережеден тұратын құжатты Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы дайындаған. Аталған басқарма өкілдерінің айтуынша, жаңа қағида «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңының 4-бабы 9-24-тармақшасына сәйкес әзірленіпті. 

«Қағиданы бекітудегі мақсаты – жазғы алаңдарды қаланың сәулеттік келбетіне сәйкестендіру, тұрғындарға жайлы жағдай жасауға ықпал ету. Қоғамдық тамақтану нысан­дары­ның жанынан жазғы алаңдар орнату қағидасын әзірлеу кезінде өрт қауіп­сіздігі, жер заңнамасы, санитария­лық-эпидеми­ологиялық талаптар, сон­дай-ақ сауда қыз­метін реттеу саласындағы заңнамалар қаралды», – дейді Алматы қаласы Кәсіп­керлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Нұрқасымов. 

 Кәсіпкерлер қарсы

Алайда жаңа қағидаға кейбір кәсіп­керлер қарсы болуда. Себебі бұл бірін­шіден, кәсіпкер үшін қосымша шығын. Екіншіден, әрбір жазғы алаң иесі өз ие­лігіндегі тамақтану орнын өзгеше дизайн­мен жасағысы келеді. Оның себебі, келу­шілерді қызықтыру. Бірақ жаңа қағида бұған мүмкіндік бермейтін көрінеді. Жаңа ережеге сәйкес, жазғы тамақтану алаңын ашамын деген адам нысан орналасқан жердегі өзге бизнестік басқа да орын­дардың дизайнымен барынша үйлесіп тұруға тиіс. 

«Бұл қағида туралы маған әкімдік өкілдері келіп айтып кетті. Бірақ мен келіспеймін. Біріншіден, мен үшін бұл қосымша шығын болғалы тұр. Онымен қоса, жаңа қағида бойынша мен өз ныса­ны­мның дизайнын қасымда тұрған кафе немесе басқа орындармен бірдей етіп, соған барынша ұқсатып жасауым керек екен. Бұл келушілердің санын азаюына әкелуі мүмкін. Оны қайта жасап шығу үшін жоғарыда айтқанымдай, қосымша қаражат жұмсауым керек. Онсыз да өткен жылы әкімдік пен полицияның тексеріс­тері салдарынан айыппұл төлеуден көз аш­падық. Жаңа қағида да тексерушілер үшін жаңа бір сылтау болғалы тұр», – дейді аты-жөнін атамай-ақ қоюды өтінген кәсіпкер. 

Өзгеріс енгізуді талап етуде

 Алматы кәсіпкерлер палатасы да ен­гізілген жаңа қағида туралы өз алаңдаушы­лықтарын білдіріп отыр. Олар осы қағи­даның орындалмағанын сылтау қылған әкімдік пен жергілікті полиция қызметі кә­сіпкерлерді ретсіз мазалап мезі қылуы мүмкін дейді. 

 «Бұл жерде кәсіпкерлердің реніші мен шағымы орынды. Біздер өз тарапымыздан қаладағы рестораторлар қауымдастығымен бірлесе отырып, қазір осы қағиданы қайта талқылауға ұсынып жатырмыз. Қазір Ал­ма­ты қаласы Кәсіпкерлік және инвести­ция­лар басқармасы осы саладағы кәсіп­кер­лердің пікірлері мен шағымдарын жи­нау­да. Жақын күндердің бірінде Алма­ты қаласы әкімдігімен аталған жаңа қағи­даны қайта қарап шығамыз. Нәтижесінде, бекітілген ережедегі кейбр талаптарға қатысты тиісті өзгерістер енгізіледі деп кү­тіп отырмыз», – дейді Алматы кәсіп­керлер палатасы, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің басшысы Айдын Айыр­беков.

Заңсыз тексерістер де анықталған

Жоғарыда пікір білдірген кәсіпкердің айтуынша, жазғы маусым кезінде қоғам­дық тамақтану нысандары бойынша полиция рейдтері де күшейетін көрінеді. Бұл пікірді Алматы кәсіпкерлер палатасы да растап отыр. Былтырғы маусым кезінде қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер құқық қорғау орган­дары қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты шағым түсірген. Кәсіпкерлердің айтуынша, өздеріне қатысты «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 505-бабына сәйкес, әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы хаттамалар негізсіз тол­тырылған.

Шағымдар бойынша жұмыс жүргізген палата өкілдері қаладағы Алмалы ауданы­ның әкімдігі жергілікті полиция қызме­тімен бірлесіп, кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, жазғы алаңдардың жұмысын тоқтату бойынша заңсыз рейдтер жүргізгенін анықтаған. 

Осыған қатысты Алмалы ауданы про­кура­турасының атына жоғарыда аталған адамдардың іс-әрекеттерінің заңсыздығы туралы хат жолдаған. Оның нәтижесі бо­йынша прокуратура Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы хаттамалардың күшін жою туралы сотқа наразылық енгізген. 

 «Осылайша, былтыр прокуратурамен бірлескен жұмыс нәтижесінде бизнес субъектілеріне 349 800 теңге сомасында салынған айыппұл заңсыз деп танылған болатын», – дейді палатаның баспасөз қызметі. 

 Жазғы алаңдар жұмыссыздықты азайтады

Алматы қаласының кәсіпкерлер пала­тасы­ның дерегінше, мегаполисте жазғы алаңдарды ұйымдастыру және қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлердің саны мыңнан асады. Олар осындай мау­сымдық қоғамдық тамақтану орындары қала бюджетін томпайтумен қатар, жұмыс­сыздық санын азайту секілді өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпалын тигізетіндігін атап отыр. Сондай-ақ дәл осындай тамақтану орындары мыңдаған студент жастарды жазғы демалыс кезінде уақытша жұмыспен қамтитын көрінеді. 

«Кәсіпкерлердің ұсыныс, пікірлері ескерілмей, жаңа қағида өзгеріссіз қалатын болса, бұл әрекет шаһардағы шағын және орта бизнестің дамуына айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Ондай жағдайда дәл былтырғыдай кәсіпкерлерден құқық қорғау орындарының әрекетіне қатысты шағымдар саны біршама көбейетіні түсінікті», – дейді қалалық кәсіпкерлік палатасының өкілдері. 

 Әзірге әкімдік жаңа қағиданы ендіріп, оны құзырлы орындарға тіркетіп қойды. Өкінішке қарай, жаңа қағиданы бекітер тұста қоғам мен кәсіпкерлердің пікірі ескерусіз қалған секілді. Кәсіптің осы түрімен айналысатын мыңдаған шағын және орта бизнес өкілдерінің наразылығын тудырған жаңа қағидаға алдағы уақытта қаншалықты өзгеріс енгізілетіндігі белгісіз. Дегенмен әрбір өзгеріс жасалар кезде қоғам мен сол сала мамандарының пікірі ескеріліп барып жасалса, құба-құп болмақ. Бұл талап, әсіресе қала бюджетіне тікелей әсер ететін кәсіпкерлік секілді салада тіптен жоғары болмағы абзал. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарсаның» кері бұл жерде жүрмейді. Жаңа қағиданы жасап шыққан мамандар осы жерде «келісіп пішкен тонның, келте бол­масын» алдын ала ескермеген сыңай­лы. 

Нұрболат АДЫРБЕК,

Алматы