Солтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік органдар балалар құқығын қорғау бойынша тиісінше жұмыс жүргізбейді. Облыс прокурорлары осындай қорытынды жасады. Өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты азғындық деректері екі есеге көбейген, ал зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар жеті дерекке артық.
Бақытты шағына балта шабылмасын!
1,709
оқылды

Солтүстік Қазақстан облыстық про­куратурасы мемлекеттік органдардың кәмелетке толмағандар арасындағы құ­қықбұзушылықтардың алдын алуға ба­ғытталған жұмысының тиімділігіне са­раптама жасап, оның нәтижесі көңіл көншітпейтініне көз жеткізді. Тексеріс барысында мемлекеттік органдардың бұл бағыттағы жұмысы жеткіліксіз екені, жауапты тұлғалар балалар мен жасөспі­рімдердің өміріне бейжай қарайтыны, тіпті кейде көзге ұрып тұрған кемшілік­терге немқұрайдылық танытып, жауырды жаба тоқитыны белгілі болды. Сараптама нәтижесінде, 21 лауазымды тұлға тәртіп­тік­ жауапкершілікке тартылып, про­ку­рорлық қадағалаудың 5 актісі енгізілді. 

Тексеріс қорытындысы бойынша өт­кен жиында жаға ұстатарлық жайттар жария етілді. 3-басқарманың прокуроры Амир Рахимовтің мәліметтеріне сәйкес, педагогтер мен полицейлер тарапынан бақылау болмағаны соншалық, 14 жасар петропавлдық қыз бала 35 жастағы ер адаммен көңіл қосып, бірге тұрған. Ер азамат оған қатысты жыныстық сипат­тағы зорлық-зомбылық жасаған соң ғана бұл жайт белгілі болған. 

Қыстың көзі қырауда Уәлиханов ау­данында мектеп оқушысының үйінен кетіп қалып, қаңырап бос қалған ғима­ратты бірнеше күн бойы паналағаны естіген адамның төбе шашын тік тұр­ғызған болатын. Қақаған аязда аш-жала­ңаш, ая­ғындағы резеңке етікпен айдалада қаңғып жүрген баланы ел-жұрт тайлы-тұяғы қал­май жабылып іздеп, әрең тауып алғаны әлі есте. Баланы асырап алған өгей әкесі үнемі ұрып-соғып, қатыгездік танытуының соңы осыған әкеліп соқ­тырған. Оның күнде көк ала қойдай бо­лып жүргеніне қорғаншылық органы да, мектептегі мұғалімдер де назар аудар­мапты. Ал өз шешімімен оны патро­наттық қамқорлыққа берген қорғаншылық және қамқоршылық органы баланың кейінгі өмірін бақылаусыз қалдырған. 

Мағжан Жұмабаев ауданында ата-анасының тәрбиесін көрмей, әжесімен тұрып келген кәмелетке толмаған қыз бала жыныстық зорлыққа ұшырады. 

Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте оқушы басқа балаларға балта ала жүгіргені бүкіл қазақстандықтардың құй­қасын шымырлатты. Сөйтсек, бұл баланың да деструктивті іс-әрекетіне мұғалімдер көз жұма қарап, сынып жетекшісі ешқан­дай шара қолданбаған, дәрігерлерге де хабарламаған. Ол 2021 жылы өз шығарма­сында суицид жаса­ғысы келетінін ашық жазғаны да назардан тыс қалыпты. Оның үш ай бойы сабаққа келмегеніне де ешкім көңіл аудармаған. Ал бұл бала болса, өзіне-өзі қол жұмсауға оқталғаны себепті үш ай бойы психоло­гиялық диспансерде ем алған екен. Алайда мектеп әкімшілігі оның өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің себеп-салдарын, ешбір мән-жайын анықтамаған, психо­лог оқушының психикалық және эмо­ционалдық жағдайын бақыламаған. Басқа оқушылар тарапынан оның бу­л­лингке ұшырағаны да назардан тыс қал­ған. Яғни, жабулы қазан жабулы күйінде қала бер­генінің соңы қайғылы оқиғаға әкеліп соқтырды. 

Прокурордың айтуынша, кәмелетке толмағандардың психоневрологиялық есепте тұруы алаңдаушылық туғызады. Облыста ондай балалардың саны – бір мыңнан астам. 

Бірлескен жұмыс жоқ

Осы жайттардың барлығы тиісті мекемелер бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып бірлесе жұмыс істеп отыр­мағанын көрсетеді. Прокурорлардың пі­кі­рінше, білім беру және денсаулық сақ­тау ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды тиісінше қамтамасыз ету мек­тептерде, мектепке дейінгі ұйымдар мен колледж­дерде ерекше балалармен және олардың ата-аналарымен профилак­тикалық жұ­мысты дұрыс және уақтылы жүргізуге мүмкіндік берер еді. 

Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігі білім мекемелерінің техникалық жарақ­тандырылуына да байланысты. Мәселен, №4 орта мектепте қылмыс жасалған сәтте бейнебақылау жүйесі полицияның кезекші бөлімі мен жедел басқару орта­лығына қосылмаған. Мектептің жауапты тұлғалары мамандандырылған күзет қызметімен келісімшарт та жасамаған. 

Прокуратураның мәліметінше, Пет­ропавлдың 37 мектебі мамандандан­дырылған күзетпен қамтамасыз етілме­ген. Онда 28 мыңдай кәмелет жасына тол­маған бала оқып жүр. 

«Әрине, бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Бірақ қолайсыз отба­сылармен жұмыс бізге жүктелген. Мем­лекеттік органдардың мұндай от­басы­лармен жұмысы нәтижесіз екенін ста­тисти­ка көрсетіп отыр», – деп атап көр­сетті прокурор.

Былтыр 173 қолайсыз отбасының 168-і есепке алынған екен. Прокурорлар поли­ция жұмысындағы түсініксіз жайт­тарға да назар аударды. Мәселен, «Әкім­шілік құ­қықбұзушылықтар туралы» ко­декстің 12-бабы бойынша, яғни кәме­летке тол­маған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі мін­деттерді орында­мағаны үшін кейде ата-аналардың екеуі де, кейде дәл сондай жағдайда біреуі ғана жауапкершілікке тартылатын кө­рінеді. Жыл басынан бері осы бап бойынша 265 адам жазаланыпты, бірақ проку­рор­лардың пікірінше, бұл көрсеткіш әлде­қайда көп болуы тиіс. 

Қадағалаушы орган аталған кемшілік­терге назар аударуға, қолайсыз отбасы­ларды түгендеуге кеңес берді. 

Солтүстік Қазақстан облысы бойын­ша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Сұрағанова атқарушы және құқық қорғау органдарының, прокуратураның және аналар кеңесі, әкелер кеңесі сияқты қо­ғам­дық институттардың өкілдерінен үй­лестіру кеңесін құру туралы ұсыныс жаса­ды. Сәуле Қуандыққызының ай­туынша, бұл кеңес мекемелердің бірлесіп әрекет етуіне қолайлы болар еді. 

Формализмнен құтылатын уақыт келді

Солтүстік Қазақстан облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова білім мекеме­лерінде 400-ден астам психологиялық қызмет жұ­мыс істейтінін, олар «қиын балаларды», қолайсыз отбасыларды анықтаумен, алдын алу жұмыстарымен айналысатынын, балалардың бос уақы­тына бақылау жасай­тынын, 14 білім бөлімінде қамқоршылық және қорған­шылық қызметін атқаратын 22 маман жұмыс істейтінін, тәулік бойы тегін ано­нимді психологиялық қызмет көрсететін «сенім телефоны» бар екенін тізбектеді. Дегенмен жасалып жатқан жұмыс жет­кіліксіз екенін мойындады. «Оқушылар тарапынан буллинг бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Ашық айтпауға қатысты да қиындық бар. Заңға сәйкес, медицина қызметкерлерінің бізге бала диагнозы туралы айтуға хақы жоқ. №4 мектептегі оқиғаға келсек, бала психо­неврологиялық диспансерде емделіп жүр­генін ешкім білген жоқ. Анасы баласының диагнозы туралы айтпау – өз құқығы деп санаған», – деді Татьяна Николаевна. 

Сондай-ақ ол мектеп психологтері мен әлеуметтік педагогтерінің кәсіби деңгейі төмен екеніне тоқталды. Биыл 50 педагог-психологке арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылмақ. Психоло­гиялық қызметтің тиімділігін арттыру мақ­сатында құжаттары электронды фор­матқа ауыстырылмақ. 108 білім мекемесі «HR+» жүйесіне қосылып та үлгеріпті. Биыл мектептерді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз ету мақсатына 388,8 миллион теңге бөлініпті. 

Қорыта айтқанда, балалар құқығын қорғауға келгенде формализмнен құтыла­тын уақыт жеткенін соңғы кездері орын алған оқиғалар ашық көрсетіп берді. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы