Қазақстан халқына өз хоббиін, қол боста айналысатын сүйікті ермегін жақсы жалақы төленетін жұмысқа айналдыру мүмкіндігі берілгелі тұр. Жаңа Парламент «Кәсіптік біліктілік туралы» және оған ілеспе заң жобаларын қарауға алды. Заң қабылданса, онда енді дипломның қажеті болмай қалады. 15 мың теңгеге арнайы сертификатты алсаңыз жеткілікті.
Formal болса, қор болмайсыз!
Студент бес жылда оқуын бітіргенше, оның мамандығы еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалуы мүмкін. Ендеше сонша жыл оқудың қажеті бар ма? Осы сауалға жауап іздеген дамыған елдердің білікті мамандары азаматтардың «өмір бойы білім алуы» (lifelong learning) қағидатын тұжырымдады. Бірақ барша жұрт бар ғұмырын оқуға арнаса, кім жұмыс істейді? Ендеше қысқамерзімді курстарды аяқтағандардың сертификатының мәртебесі университет дипломына теңелуі тиіс. Сондықтан сарапшылар Халықаралық еңбек ұйымы аясында осы тәсілдің мойындалуына қол жеткізді. Қызығы сол, мұнымен шектелмей, мамандар одан арыға құлаш ұрып, білім алу және оны тану көкжиегін кеңейтіп отыр. Енді тіпті еш курсты аяқтамай-ақ, әр адам өз бетінше алған білімі де мамандық иесі атануға кедергі емес. Себебі интернеттің арқасында еркі мен құлқы бар кез келген адам ғылым ордаларынан тыс оқып, үйрене алады.
Нәтижесінде, бүгінде заманауи білім алу жүйесі өзара байланысты 3 типтен тұрады: біріншісі – үйреншікті, дәстүрлі, формалды білім беру (formal learning), екіншісі – формалды емес білім беру (non-formal learning) және үшіншісі – информалды білім беру (informal learning). Олардың аражігін, әрқайсысын даралар ерекшеліктерін және дамыту жолдарын Еуропалық Одақ өзінің Үздіксіз білім меморандумында белгілеп, нормативтік-құқықтық негізін қалады. Қазақстанға оны көшіріп алып, жергілікті жағдайға бейімдеу қалды.
Еуропалық меморандумда бұларға келесідей анықтама беріледі. Ресми, яғни формалды білім беру – аттестат, диплом берумен аяқталатын, орта, ортадан кейінгі кәсіптік-техникалық, жоғары және жоғарыдан кейінгі оқуды қамтиды. Формалды емес білім беру де оқыту мекемелерінде жүзеге асырылады, оған түрлі курстар, сондай-ақ клубтар, үйірмелер, тіпті репетитормен, тренермен жеке сабақтар кіруі мүмкін. Информалды білім беруге әр адамдың өз бетінше жүргізетін танымдық қызметі жатады. Бұл хобби түрінде де болуы мүмкін.
«Білімді дамыту стратегиясы» қорының маманы, зерттеуші Павел Деминнің түсіндіруінше, халықаралық қоғамдастықты бұл қадамға мұқтаждық итермелеп отыр. Себебі адамдардың көбісінің колледж, университет оқуға, тіпті курстардан өтуге қаражаты жоқ. ЮНЕСКО Статистикалық институтының дерегінше, әлемде кем дегенде 1 миллиардтан астам адам сауатсыз саналады және олардың қатары өсуде. Егер жаһандық білім беру жүйесі ары қарай да дәстүрлі білім беру қалыбынан шыға алмаса, әлемде жұмыссыздардың саны арта бермек. Жаңа жүйе жағдайды түзеудің бір амалы саналады.
ЮНЕСКО-ның Сауаттылық рейтингінде Қазақстан 99,8 пайыздық көрсеткішпен әлемдегі үздік ондыққа кірді. Бірақ елімізде жоғары білім алуға қаржысы жетпеген немесе грантқа бола өзі қаламаған мамандықты таңдағандар көп.
Қарағандылық Олжас Жәмкенің мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі болмапты. Бірақ байланыс саласында қызмет ететін ағасына көмектесе жүріп, телекоммуникацияның қыр-сырын меңгерген. Алайда дипломы жоқ болған соң ұлттық байланыс операторларына жұмысқа тұра алмапты. Бүгінде жеке кәсіпкер ретінде түрлі тапсырыстар алып нәпақасын тауып жүр. Ал ірі тендерлерге қатысу үшін диплом талап етіледі екен. Оның пікірінше, «Кәсіптік біліктілік туралы» заңда тендерлік құжаттамаларда мамандар сертификатының дипломмен тең дәрежеде танылғаны жөн.
Мамандық ауыстыру мәселе емес
Бір қарағанда, Қазақстанда формалды емес және информалды оқуды мойындауға қажеттілік жоқ сияқты. Себебі формалды оқитындар да жетерлік. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, 2022–2023 оқу жылында 119 жоғары оқу орнында 626,2 мың студент мамандық игеріп жатыр. Соның ішінде 188,3 мың студент биыл оқуын аяқтап, түлеп ұшады.
Ендеше курс бітірген не өз бетінше үйренген адамдардың біліктілігін танудың қажеті қанша? Біріншіден, әлгі 600 мыңнан астам студенттің барлығы бірдей ЖОО бітірген соң өз кәсібінің білгір маманы болмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жоғары оқу орындары түлектерінің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 34 пайызы болашақ мамандығын жүрек қалауымен таңдамайтын болып шықты. Не ата-анасының айтқанына көнеді немесе қандай мамандыққа көбірек грант бөлінсе, соған құжатын тапсырады. Салдарынан еліміздегі көптеген салада кадр тапшылығы туындады.
Мұның сыртында түлектердің бес жылда алған білімі өзгерген заманда жарамай қалуы ықтимал. Осының бәрі формалды емес және информалды білімді өзекті етеді. Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің байламынша, заманауи еңбек нарығы маманнан ойлау икемділігін, жылдам және тұрақты оқыту дағдыларын және ұтқырлыққа дайындықты талап етеді.
«Дүниежүзілік экономикалық форумның зерттеулеріне сәйкес, алдағы 5 жылда еңбек нарығындағы мамандардың негізгі дағдыларының 40 пайызы өзгеруі мүмкін және әрбір екінші қызметкер қайта біліктіліктен өтуі керек болады. 2025 жылға қарай цифрлық заманда туған жұмыскерлердің үлесі 26 пайызды құрамақ. Олар кәсіби бағытын жиі өзгертіп, қайта білім алуға бейім. Жаһанда өмір бойы оқу тұжырымдамасы нормаға айналып келеді және Қазақстан бұл процестен қалыс қалмауы тиіс. Ол үшін біз бейресми білім беруді сертификаттаудың толыққанды жүйесін қалыптастырамыз, сондай-ақ микроквалификация практикасын белсенді түрде енгіземіз», – деді Саясат Нұрбек.
Осы мақсатта ел Үкіметі Парламентке «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын енгізді. Жалпы, бұл заң жобасын Парламент Мәжілісі 2022 жылғы 14 желтоқсанда бірінші оқылымда мақұлдаған. Бірақ артынша салалық министрлік оны пысықтап, таяуда Мәжілістің қарауына қайта ұсынды. Ведомствоның түсіндіруінше, жаңа заң жобасы мамандардың еңбек ұтқырлығын арттыруға, олардың өз хоббиін жұмысқа айналдыруы үшін жағдай жасауға, яғни оларды өз бетінше игерген дағдылары мен біліктілігін ресми тануға жол ашады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың айтуынша, ол қабылданған соң қазақстандықтар 15 мың теңгеге біліктілігін растап, сертификат ала алады. Жұмыссыздарға тіпті тегін болуы мүмкін. Осы мақсатта келесі жылдан бастап бюджеттен қаржыландырылатын ваучерлер енгізілмек.
– Яғни, жұмыссыз адам ваучер бойынша сертификаттаудан өте алады. Бұған қоса, сертификаттаудан азаматтарға өз бетінше, бағыттама бойынша, жұмыс берушісінің қаражаты есебінен өтуіне болады. Сертификаттау нарығы қалыптасуда, оның құнын да нарық реттейді. Әр мамандық үшін әртүрлі. Әйткенмен, біз бюджетте сертификаттау рәсімі үшін әр ваучерге шамамен 15 мың теңгеден қаражат бекітетін боламыз. Сертификаттың мәртебесі жоғары оқу орнын немесе колледжді бітіргенмен тең болады», – деді вице-министр.
Сонымен бірге өз бетінше үйренуге болмайтын мамандықтар тізімі жасалады, оларға міндетті түрде оқу орнын бітіруге тура келеді. Вице-министр олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлерді, дәрігерлерді, педагогтерді, қаржы аудиторларын, өрт сөндірушілерді, адвокаттарды атады. Тұтастай алғанда, бұл санатқа негізінен азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мамандықтар жатады. Олар сертификатты тек ЖОО бітірген соң ала алады. Ал одан басқа кәсіп иелері біліктілігін ерікті түрде растайды. Бұл не үшін қажет?
«Диплом – адамның тек білімі барын растайтын құжат. Алайда диплом оның мамандықты қаншалықты игергенін растай алмайды. Бұл ретте сертификат маманның біліктілік деңгейін, соның ішінде микроквалификацияларды қаншалықты меңгергенін растайды. Мысалы, бізде мобилограф, СММ, лэшмейкер, тырнақ бояйтын нейл-стилист және басқа да жаңа мамандықтар пайда болды. Оларды игеру үшін бес жыл университетте оқудың қажеті жоқ. Оны адам өз бетінше игере алады. Содан соң біліктілігін көрсететін тиісті құжат алу үшін сертификаттаудан өтеді. Бұл үшін кәсіби, білікті сертификаттау орталықтары болуы қажет. Соның сарапшылары өзін-өзі қалыптастырған маманның білім, машықтары нақты бір кәсіп стандарттарына қаншалықты сай екенін бағалайды. Лайықты болса, тиісті сертификат береді», – деді Еңбек министрінің орынбасары.
Сертификат сұранысты арттырады
Бұл жұмысты арнайы сертификаттау орталықтары жүзеге асыратын болады. Олар – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының немесе басқа уәкілетті институттардың аккредитациясынан өткен тәуелсіз заңды тұлғалар. Информалды білімге келсек, министрліктің түсіндіруінше, ерікті сертификаттаудан әртүрлі үйірме, тренинг немесе өз бетінше оқу арқылы жұмысшы мамандығын игерген адамдар да өте алады. Бұл жағдайда сертификат оны жұмысқа қабылдауда негізгі құжат болады.
Еңбек министрлігі өз қолында мемлекет мойындаған, біліктілігін растайтын нақты құжаты бар мамандарды жұмыс берушілердің жұмысқа қабылдауға бейім тұратынына назар аудартты. Өйткені мұндай құжат мемлекеттік сатып алуларға, басқа рәсімдерге қатысқанда талап етіледі.
Нақты бір кәсіп түрін жете меңгергенімен, дипломы болмағандықтан жақсы қызметке орналаса алмай жүрген шеберлер мен дарындылар жетерлік. Егер біліктілігін растап, сертификат алса, онда кәсіпорын-компаниялар да оларды қымбат жабдықты, құрылғыны басқарып, жұмыс істеуге жібере алады.
Осылайша, халықты жұмыспен қамтудың тың тәсілі, жаңа жүйесі енгізілмек. Тек сертификатты дипломмен теңестіре салумен іс бітпейді. Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық біліктілік жүйесі (ҰБЖ) келесі сұрақтарға жауап береді: заманауи мамандар нені білуі және меңгеруі тиіс? Бұл үшін оларды не және қалай оқыту керек? Олардың кәсіптік біліктілігін қалай тануға болады? Осы сұрақтарға Ұлттық кәсіптер сыныптауышы, Ұлттық біліктілік шеңбері және оның негізінде әзірленген салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіптік стандарттар сияқты құралдардың көмегімен жауап беріледі.
Сертификаттау орталықтары өзі оқып, үйренген маманның кәсіпке сәйкестігін қалай бағалауы керек? Бұл үшін кәсіптік стандарттар қажет. Бүгінде 623 кәсіптік стандарт іске қосылыпты, олар жалпы саны 2 689 мамандықты қамтиды. Оларда белгіленген талаптар негізінде білім беру ұйымдары да төл білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Сөйтіп, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлай алады.
«Әрине, осы заң жобасының басты бір әрі маңызды жаңалығы – қазақстандықтардың өз бетінше игерген дағдыларын, сондай-ақ бейресми және информалды білім беру нәтижелерін ресми тану. Азаматтар тиісті орталықтарда кәсіптік біліктілігінің бар екенін растайтын құжатты ала алады және егер кәсіптік стандартта көзделген болса, бұл құжатты жұмысқа орналасу кезінде білім туралы дипломмен тең пайдалана алады», – деген О.Ордабаев заң жобасы елде біліктілікті тану орталықтарын дамытуға да соны серпін беретінін және қызметкерлерді өмір бойы құзыреттіліктерін жетілдіруге ынталандыратынын қосты.
Қалай болғанда, Парламент үшін қоғам мен мемлекет қажет еткен заң жобаларын жетілдіріп, мүмкіндігінше жылдам қабылдау маңызды. Әйтпесе, информалды білім алуға ынтыққан қазақстандықтар инфосығандардың құрбаны болып жатыр. Олар түкке жарамайтын түрлі курс сатып, жұртшылықты таргеттеуден, блогер болудан, SMM-менеджер ретінде брендтерді жарнамалап, тіпті тендерге қатысудан миллиондап табыс табуға үйретуге уәде етеді. Алайда қаражатты қолына түскен ізім-қайым жоғалады. Демек, жаңа жүйеде мемлекет алаяқтардың құралына айналып кеткен түрлі курстарды да тәртіпке келтіргені жөн.
Әзірге Еңбек министрлігі қандай мамандық иелері дипломмен теңестірілген сертификат ала алатынын толық анықтап үлгермегенін жасырмады. Заң қабылданған соң ғана кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін Кәсіптер тізбесін қалыптастыру қарастырылған. Ол тізілімді Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастыру жоспарланған. Бірақ одан бұрын мемлекеттік органдар мен салалық кеңестер өз секторларында қандай мамандықтар мен кәсіптерді сол тізілімге енгізу керектігін дәйектеп, ұсыныстар енгізуі шарт.
Елдос СЕНБАЙ