«Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру жобасы үшін тренерлерді оқытуды бастады.
«Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тренерлер пулы құрылды
1,945
оқылды

«AMANAT» партиясы «Ұлы дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығымен бірлесе отырып, «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру жобасы үшін тренерлерді оқытуды бастады.

Аудиториямен жұмыс істеу бойынша тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру және біліктілікті арттыру курстарын 30 бизнес-тренер аяқтады. Жақын арада тағы 70 тренер арнайы оқудан өтеді.

Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, қоғамда азаматтарды өз қаржысын тиімді басқаруға және шығындарын оңтайландыруға үйрету қажеттілігі туындап отыр.

«Әртүрлі есеп бойынша елімізде шамамен 1,5 млн қазақстандық банкроттық деңгейінде тұр, қарызын уақытылы төлей алмай жүргендердің саны  6 млн-нан асады. Бұл өте күрделі әлеуметтік мәселе және партия оған бейжай қарай алмайды. Қазір біз мәселенің салдарымен күресіп жатырмыз. Несие алып, қарызға батқан сол азаматтарға кезінде кеңес беретін ешкім болған жоқ. Енді біз осы қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» деп аталатын білім беру жобасын қолға алып, арнайы қаржылық сарапшыларды дайындауға кірістік. Сарапшылар еліміздің 8 өңірін аралап, жылдың аяғына дейін 80 мың адамды оқытып шығаруы керек. Осылайша, қазақстандықтардың қаржылық мәдениетінің деңгейін арттыра аламыз», деп атап өтті ол.

 

Қаржылық сауаттылық жөніндегі сарапшы, тренер Тимур Рахымжановтың айтуынша, арнайы оқудан өткеннен кейін адамдар борыштық міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайтын болады.

«Бұл жағдайдың себептерінің бірі – сырттан таңылған тұтынушылық мінез-құлық моделі. Көптеген адамда қаржыны ұтымды пайдалану ұғымы жоқ. Қаржылай ауыртпалық эмоционалды қысымды да күшейтеді, адамдардың болашаққа деген сенімі әлсірейді. Бұл жоба халықтың қарызға тәуелділігін төмендетуге алғашқы қадам жасауға бағытталған, біз қаржылық жауапкершілікті үйретеміз» деді ол.

«Ұлы дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаева «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ауылдық жердегі 80 мыңға жуық тұрғынды қамту жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Жобамыз ұзақмерзімді. Біз алаяқтарға бірде-бір мүмкіндік қалмайтындай саналы қоғам құруға тырысамыз. Адамдар қаржы институттарын нақты түсініп, пирамидаларды инвестициялардан ажырата білуі керек. Жалпы, қаржылық сауаттылық –  кең ұғым. Адамдарға жеке бюджетін қалай басқаруға болатынын үйретеміз, олардың несиелерін қайта құрылымдау, мүлікке, шоттарға қойылған кепілді алып тастау бойынша заңгерлік кеңес береміз. Біздің курстардың тыңдаушылары қажет болған жағдайда жеке қаржылық сауықтыру жоспарларын алады деуге де болады», – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Басты мақсат – азаматтардың, әсіресе берешегі бар қарыз алушылардың (жеке тұлғалар) қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру. Оқыту 2 мамырда басталып, жыл соңына дейін жалғасады.

Бірінші кезеңде Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқудан өтеді.