Ел Президенті Ұлттық қорды 2030 жылы 100 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. Бірақ сарапшылар Үкіметтің оған қол жеткізе алмайтынын ашық айтып отыр. Cебебі 2022 жылы Ұлттық қордан рекордтық шығын шықты. Қор 1,4 триллион теңгесін жоғалтты.
Қордың «қоңын» жоғалтпаған ұтады
1,059
оқылды

Сонымен бірге депутаттардың өзі қор қаражатын жұмсаудың айқын емес, бұлыңғыр екеніне назар аудартады. Келесі жылы қор табысының жартысын балаларға тарату басталмақ. Оған қаржы жоқ. Қорды дамытудың жаңа тұжырымдамасы оны құртып тынбай ма?

Ұлттық банк «Ұлттық қор актив­те­рін басқару жөніндегі 2030 жыл­ға дейінгі тұжырымдамасының жо­­­басын жариялады. Оны жүзеге асыру ар­қылы 2030 жылы Ұлттық қордың валю­талық активтері 100 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаюы тиіс. Бұ­ған активтерді басқарудың тиім­ді­лігін арттыру арқылы қол жеткізілмек.

Жоспар жұмыр. Әйтсе де, оның орындалатынына сену қиын. Се­бебі Ұлттық қор 2022 жылды бұрын-соң­ды болмаған шығынмен қоры­тын­ды­лады. Салдарынан 2023 жылғы нау­рыз­да ҰҚ активтері небәрі 58,4 млрд дол­ларды құрады. Демек, ел Үкіметі қал­ған 7 жылдан аз уақыт ішінде қор­дың активтерін бірден 71 пайызға не­месе 41,6 миллиард долларға көбейтуі қа­жет. Мұның сыртында 2014 жылдан бе­рі ҰҚ активтері негізінен үнемі тө­мендеу трендінің тұйығынан шыға алар емес. Яғни, он жылда жете алмаған же­­­тістігін жеті жылда орындауы не­ғай­был. 

Себебі оны толықтыратын басты қай­нар – мұнайдың жаһандық нарқы 80 доллардан көп ұзай алмай тұр. Brent маркалы мұнайдың рекордтық мак­симумы 2008 жылғы 4 шілдеде тір­келіп, әр бөшкесі 143,9 доллардан баға­ла­ныпты. Сол қымбат ресурс дәуірі арт­та қалды. Мұнай құнын енді Украи­на­дағы сұрапыл соғыс та көтере ал­ма­ды. 

Салдарынан әлемдік ең ірі әл-ауқат қоры – Норве­гия­ның мемлекеттік зейнетақы қоры 2022 жылы 164,4 млрд дол­лар немесе 1,64 трлн крон ре­корд­тық шығын шекті. Бұл оның бүкіл тарихындағы ең ірі залал екен. Қорды басқаратын Norges Bank Investment Management бас директоры Николай Тан­геннің түсін­діруінше, бұған әлем­дегі геосаяси ахуалдың ушы­ғуы, инфляцияның ша­рық­тауы және базалық став­ка­лардың өсуі кесірін ти­гізді. 

«Мұның бәрі бір мезгілде ак­циялар нарығына да, об­ли­гациялар нарығына да теріс ықпал етті. Мұндай құбылыс сирек кездеседі. Қор нарығында энергети­ка­дан басқа барлық сектордың табысы құл­дырады», – деді Н.Танген. Бұдан Нор­вегия қоры кері кеткен жоқ, өйт­кені қор бұған дейінгі 3 жыл бойы жыл сайын кем дегенде 1 трлн кроннан ас­там рекордтық табыс тауып отырды. Осы­ның арқасында норвегиялық әл-ау­қат қоры соңғы он жылда, 2013 жыл­ғы 2 трлн кроннан 2022 жылы 12,43 трлн кронға (1,26 триллион долларға дейін) 6 есе өсті. 

Соған қарамастан Ұлттық қор 2030 жылға қарай 100 миллиард дол­лар межесіне жетуді мақсат етіп отыр. Ал Норвегияның ұқсас қоры тек бір жылда, 2021 жылы 177 миллиард дол­лар табыс тапты. Ендеше барлық проб­лема активтерді басқаруда болса керек.

Нысаналы ма, әлде көлеңкелі ме?

Ұлттық қор активтері шырқау ше­гіне 2014 жылғы тамызда жетті. Сонда ол 77,2 млрд доллар беле­сі­н­е көтерілген еді. Содан бері құлдилап келеді. Қазір 2014 жылғы шамасынан 24,4 пайызға, яғни 18,8 млрд долларға ке­міді.

Экономист, сенатор Бекбол Орын­басаровтың айтуынша, республикалық бюджет Ұлттық қордан екі жолмен ақша алады. Біріншісі ке­пілдендірілген трансферт қаражаттарын жұмсау контрциклды бюджеттік қағи­да­лармен қатаң реттелген. Оның ере­желері Үкіметке белгіленген шектен шы­ғуына мүмкіндік бермейді. Үкімет Ұлт­тық қордан екінші жолмен – ны­са­налы трансферттер арқылы да қаражат алады. Ал оны пайдалану критерийлері Мем­лекеттік қаржыны басқару тұжы­рым­дамасында жалпылама, екіұшты сөздермен анықталған. 

– Мысалы, нысаналы трансферттер дағ­дарысқа қаржы бағдарламаларды қаржыландыруға, ұлттық ауқымдағы, әлеуметтік маңызды, стратегиялық жо­ба­ларды жүзеге асыруға бағытталатыны көрсетілген. Үкімет бұған кез келген жо­басын жатқыза сала алады. Солай жа­сап та отыр: осының алдында 2023 жыл­ғы бюджетке ҰҚ-дан 1 триллион тең­ге тартты. Енді биылғы бюджетті нақ­тылау аясында тағы 800 миллиард тең­ге қосымша алды. 2024 жылдан бас­тап Президент тапсырмасымен «Ұлт­тық қор – балаларға» жобасы іске қо­сылып, қордың инвестициялық та­быстарының 50 пайызы балаларға үлес­тірілуі тиіс. Алайда қордың ин­вес­ти­ция­лық табысы жоқ, қайта шығынға отыр­ды, онда несін таратады? Ұлттық қор қаражаттарының орынсыз пайда­ла­нылып жатқаны да салмақты қауіп, – деді Бекбол Тілеумұратұлы.

Сондықтан ҰҚ нысаналы транс­фер­тін жұмсаудың өлшемшарт­та­рын бекітіп, пайдалану шарттарын қатаң регламенттеу қажет. 

Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Бауыржан Омарбековтің тү­сіндіруінше, ҰҚ-дан алынатын ны­саналы трансферттерді пайдалану кри­терийлері Президенттің былтырғы қа­ра­шадағы Жарлығымен бекітілген 2030 жылға дейінгі Мемлекеттік қаржыны бас­қару тұжырымдамасында бекітілді. 

– Оған сәйкес, қордың нысаналы транс­ферттері тек қана Президенттің тапсырмаларын орындауға және аса маңызды инфрақұрылымдық жоба­лар­ды және мемлекеттік ауқымдағы жоба­лар­ды жүзеге асыруға бағытталады. Ны­саналы трансферттерді ағымдағы бюд­жеттік шығыстарды өтеуге жұмсауға тыйым салынды. Бүгінде Президент тап­сырмасымен жаңа Бюджет кодексін әзір­леп жатырмыз. Онда осы критерий­лер көрініс табады. Бұған қоса, біз ны­са­налы трансферттерді қолданудың жаңа шарттарын да пысықтаудамыз. Осының бәрі Ұлттық қордың жинақ­таушы функциясын күшейтуге сеп­те­седі, – дейді Ұлттық экономика минис­трі­нің орынбасары. 

Ол қордың фискалдық тұрақ­тылығын сақтау үшін Үкімет ша­ра қабылдап жатқанын жеткізді. Бірін­шіден, республикалық бюджет қор­ға масыл бола бермеуі үшін бюджет­тік шығыстардың тиімділігіне бағалау жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде әр­бір бюджеттік инвестицияның эко­номикалық қайтарымы мен тиімділігін арттыруға күш салынады, соған жол ашатын тетіктер әзірленеді. Екіншіден, шы­ғыстардың экономикалық өсімге ық­палы бағамдалады. Эко­номиканың өр­кен­деуіне үлес қоспайтын ірі шы­ғыстардан бас тар­ту көзделеді. 

Балаларға көк тиын тимей ме?

Дегенмен бұл жер­де әң­гіме аса маңызды инф­­­­ра­­құрылымдық жоба­лар­ға, мем­­лекеттік ау­қым­дағы, стра­тегиялық жо­баларға не жататынын анық­­тай­тын нақты критерийлердің жоқ­­­тығы туралы болып отыр. Сал­дары­нан нысаналы трансферт­тер бюджеттің кіріс бөлігін толтырудың жеңіл әрі қол­жетімді қайнарына айна­лып кетті. 

Мысалы, 2023 жылы Ұлттық қор­дан алынатын нысаналы трансферт есебінен Сораң (Сарань) қа­ласында 5 миллиард теңге тұратын тұр­мыстық техника өндіруші кәсіпорын жобасын қаржыландыру қарастырыл­ған. Қазақстанның төл тұрмыстық тех­ни­ка өнімдерінің жоқ екені жасырын емес, аталған кәсіпорын шетелдік өнім­дерді жай құрастыра салумен ай­на­лысуы мүмкін. Сонда оның мем­ле­кет­тік немесе стратегиялық маңызы не­де? Бұл жобаның әкімшісі – Ин­дуст­рия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі. Немесе Денсаулық сақтау ми­­нистрлігі, Мәдениет және спорт ми­­нистрлігі биыл қор қаражатына әкім­шілік ғимараттарға жөндеу жұмыс­тарын жүргізеді. Бұған 21,3 миллиард теңге шы­­ғындалады. Яғни, бәрібір ағым­дағы шығыс қаржыландырылады.

Мұның сыртында Ұлттық қор қаражатының ұдайы төмендеу үрдісі де алаңдатпай қоймайды. Өйткені бұл Тоқаевтың бастамасын жарға жығуы мүмкін. Яғни, қор былтырғыдай, ал­дағы уақытта да жылды табыссыз, тек шы­ғынмен тәмамдап отырса, онда «Ұлт­тық қор – балаларға» президенттік жо­басы аясында балалардың есеп­шо­тына көк тиын да түспейді. Мемлекет бас­шысы ол шоттарға қордың өзінен емес, оның тек инвестициялық табы­сы­нан ақша аударылатынын нықтады. Ен­деше табыс болмаса, баланың шо­ты­на да түсім болмайды. Сонда жұрт мұ­ны популизмге теліп, «ондай жобаның ба­ры­нан жоғы жақсы» деп қатты түңілуі мүмкін. Олай болса, дәл қазір Смайылов Үкі­метінің, бірінші кезекте Ұлттық банк­тің міндеті – балаларға берілетін тө­лем өсуі үшін Ұлттық қордың инвес­тициялық табысын да барынша ұлғайту болмақ. Әйтпесе, ел басшылығын да абы­ройсыз етуі бек мүмкін. 

ҰҚ-ны басқаратын орган – Ұлттық банк­тің төрағасы Ғалымжан Пірматов қор­дың табыстылығын жақсарту бағы­тын­да жұмыс жүргізіліп жатқанын айт­ты. 

– Бұрын біз Ұлттық қордың қара­жатын сақтықпен, консервативті түрде инвестициялап келдік. Ол бойынша қаражаттың 80 пайызын дамыған ел­дер­дің облигацияларына, тек 20 пайызы ак­цияларға салынды. 2022 жылдың соңында біз ҰҚ қаржысын теңгерімді бөлу­ге көштік. 2022 жылдың қоры­тын­ды­сында ҰҚ жинақтаушы портфелінің 21 пайызы – дамушы елдердің мемле­кет­тік облигацияларына, 10 пайызы – кор­поративті облигацияларға, 34 пайы­зы – дамыған елдердің мемлекеттік об­­­­лигацияларына, 30 пайызы – дамы­ған елдердің акцияларына, қалған 5 пайы­зы алтынға салынды. Мұны теңге­рім­ді тәсіл деп санаймыз және ол бұған дейін­гіге қарағанда көбірек табыс әкелу­ге мүмкіндік беруі тиіс. Шынында, ба­лаларға төленетін қаражат қомақты болуы үшін қорды толықтыру және оның қаражатын тәртіпті пайдалану тө­тенше маңызды, – деді Ғ.Пірматов.

Дәл осы кезде Норвегияның әл-ау­­қат қоры сақтықпен бірге, агрессивті инвестициялау арқасында қоң жинады. Ол салымдарынан түскен табысының жартысынан астамын не­месе 69,8 пайызын келешегінен үміт күт­тіретін түрлі компанияның акция­ларынан алып отыр. Активінің 27,5 пайызы – облигацияларға, 2,7 пайызы – сан алуан жылжымайтын мүлікке, 0,1 пайызы жаңғыратын қуат көздеріне салынған. 

Ұтылған Үкімет үмітке тоймайды

Ұлттық банктің және Үкіметтің ҰҚ активтерін тиімді басқара ал­май, ұтылып қалғаны Ұлттық қор ак­­тивтерін басқару жөніндегі 2030 жыл­ға дейінгі жаңа тұжырымдамада мойын­дал­ған.

«2008 жылғы әлемдік қаржы дағ­да­рысы мен қор нарықтарының құл­ды­рауы­нан кейін Ұлттық қордың жинақ порт­фелін басқару тәсілдері кон­сер­ва­тивті қағидаттарға негізделді. Ак­тив­тер­ді сақтау мақсатында портфелде да­мы­ған елдердің облигациялары басым бо­лып, үлесі 80%-ға жетті, ал акциялар­дың үлесі төмен, 20% ғана болды. Сал­да­рынан соңғы 10-15 жылда Қазақ­стан­ның Ұлттық қорының активтерін бас­қарудан алынған кірістілік әлемдегі ұқ­сас бірқатар тәуелсіз әл-ауқат қоры­ның табысынан әлдеқайда төмен бол­ды. Мысалы, Норвегияның зейнетақы қоры­нан көп артта қалды» делінген тұжырымдамада. 

Ұлттық банктің мәліметінше, Қа­зақстанның Ұлттық қоры құ­рыл­ғалы, яғни 2000-2022 жылдары оның орташа жылдық табысы туралы ай­туға ұят. Оның мөлшері 3,02 пайыз ға­на болды. Ал осы 20 жылдан астам уа­­қыт ішінде шетел валютасындағы ак­­тивтерді басқарудан түскен ин­вес­ти­циялық кірісі небәрі 15,1 млрд долларды құрады. Еске сала кетсек, 1990 жылы ең төменнен бастаған норвегиялық әл-ау­қат қоры бұдан он есе көп табысты (177 мил­лиард доллар) бір жылда ғана та­бады. 

Жаңа тұжырымдамаға сай, Ұлт­тық банк сарапшылар пікіріне құлақ түріп, біршама агрессивті, тәуе­кел­ді инвестициялауға бел буыпты. 

«Ұлттық қорға активтерін жинақтау Пре­зиденттің бастамасымен 2024 жылы іс­ке қосылатын «Ұлттық қор – бала­лар­ға» жаңа мемлекеттік бағдарламасын іс­ке асыру үшін де қажет. Осы ауқымды бағ­дарламаны жүзеге асыру ҰҚ ак­тив­те­рін басқару сапасын арттыру және лайықт­ы инвестициялық кіріс есебінен қам­тамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте кіріс­ті­лікті көтеру мақсаты неғұрлым жо­ға­ры болса, қабылданатын тәуекелдер, яғ­ни ықтимал шығындар соғұрлым жо­ғары болады. Әлдеқайда тәуекелді жә­не тиісінше табысы молырақ инвес­тициялық стратегияны сақтықпен әрі тәртіпті орындаған жағдайда ғана Ұлт­тық қордың активтерін басқарудан тү­се­тін кірістілікті арттыру нәтижесіне қол жеткізу мүмкін болады», – деп тү­сі­ніктеме берді тұжырымдамаға Ұлттық банк.

Әйткенмен, Пірматовтың ко­ман­дасы Ұлттық қордың жаңа, тәуе­келді стратегиясының егжей-тег­жейін жариялаған жоқ, пысықтау үс­тін­де. Сонда қор «не бүк, не шік» бо­ла­ды: не табысы күрт артып, жеті жылда Президент қойған 100 миллиардтық ме­жеге жедел қарқынмен жетеді. Бол­маса Ұлттық банктің үмітін ақтамай, банкрот болған отандық, шетелдік ком­паниялардың акцияларымен бірге қор да жарға жығылады. Ол жағдайда Пір­ма­товтардың тәуекелі қорды құртып ты­нады. 

Ұлттық қордың активтерін бас­қарудың жаңа саясаты аясында бюджетке одан қаржы бөлуді азайту жоспарланған. Бұдан бөлек, 2023 жылы ҰҚ баламалы құралдары портфелін бас­қарудың инвестициялық стратегиясы бе­кітіледі. Себебі тұжырымдамада қор ак­тивтерін «дәстүрлі емес баламалы құрал­дарға» инвестициялау көзделген. 

Ал жаңа стратегияның нендей нә­тиже әкелгенін қоғам әзір толыққанды біле алмайды: тек 2028 жылы 5 жыл қо­рытындысы бойынша кірістілікті аралық бағалау жүргізіліп, нәтижесі жарияланады.

Парламент депутаттары біраз жыл­дан бері Ұлттық қор қара­жаты өз экономикамызға қызмет етуі керегіне назар аудартып келеді. Өйткені қор активтері өзге елдердің эконо­ми­ка­сын көтеруге, тіпті көрші Ресейдің оли­гархтарын байытуға септесуде. Бір­ақ қаржы елге қайтпайтын көрінеді. Ұлт­тық банк «ұлттық экономика қызып кет­пеуі және ҰҚ активтерін мұнай баға­сының құбылуынан қорғау үшін» Ұлт­тық қор активтері 2030 жылға дейін жат­жұрттарда, шетелдік нарықтарда ай­налатын қаржы құралдарында ор­на­ластырылатынын нықтады.

Қорыта айтқанда, жаңа стратегия да ес­кі проблемалардың шешімін таба ал­мады. Тек үміт басым. Ол үміттердің ақ­­­талғанын, әлде аяққа тапталғанын 2030 жылғы Үкіметтегі тұлғалар жария ете­тін болса керек.

Айхан ШӘРІП