SocioExpertClub пікірталас клубының «Өңірді дамыту және мемлекеттің рөлі» тақырыбында кезекті отырысы өтті. Жиын барысында Desht талдау орталығының басшысы, экономист Қуаныш Жайықов түрлі мәселеге қатысты өзіндік көзқарасын білдіріп, оны шешу жолдарын ұсынды. «AMANAT» Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева осы кездесудің модераторы болды.
Талқылауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, талдау орталықтарының, мемлекеттік органдар мен кәсіподақтардың өкілдері, экономистер, саясаттанушылар және т.б. қатысты.
«AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру және өңірлерді дамыту – өзара сабақтас процестер екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Үкіметтің 500-ден астам қызметі министрліктер мен әкімдіктерге берілді. Министрліктердің кейбір қызметі бұдан әрі орталықтан жергілікті деңгейге ауысты. Орталықсыздандыру – маңызды мәселе. Өңірлер жергілікті жердегі даму мәселелерін өз бетінше шеше алуы тиіс. Өңірлер күшейген кезде ғана қуатты мемлекет қалыптасады», – деді ол.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Екатерина Смышляеваның айтуынша, саяси реформалардың бірінші кезеңі аяқталды. Енді экономикалық мәселелерге назар аудару қажет. Себебі бұл – елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
«Қазақстан өңірлік даму векторын айқындайтын бірқатар ерекшелікке ие. Алайда басты ерекшелік – ауқымды жер аумағы және халықтың тығыз орналаспауы. Өңірді дамыту мәселесінде орналасқан аумақтың ерекшелігі маңызды рөл атқарады», – деді ол.
Қуаныш Жайықов жан басына шаққандағы орташа табыс және өмір сүру ұзақтығы секілді екі көрсеткішті салыстыра келе, өңірлердің экономикалық даму деңгейі әртекті екенін атап өтті. Сарапшы Түркістан облысы тұрғындарының табысы (174$) Атырау облысына (671$) қарағанда 4 есе аз екенін атап өтті. Мысалы, АҚШ, Канада және Аустралияда табыс алшақтығы 1,5 есені құрайды.
Сарапшы аудандардың экономикалық тұрғыда да айырмашылығы барын атап өтті. Сондықтан өңірлерді дамыту саясаты да әртүрлі болуы керек. Мәселе жергілікті жерде шешілгені дұрыс. Ал орталықтың рөлі – бұл мәселені өз бетінше шеше алмаған кезде өңірге қол ұшын созу керек.
Экономист Қанат Оспановтың айтуынша, мемлекет өңірлерді дамыту ісіне айрықша атсалысуы керек.
«Біз аймақтық саясат мәселесі туралы айтқан кезде ең алдымен орталықтың саясаты, оның өңірлерге деген қарым-қатынасы туралы сөз қозғаймыз. "Орталық өңірлерді ынтыландыра ма, жоқ па?" деген сұрақ туындайды. Сондықтан дәл қазір ұтымды өңірлік саясат ұстана алмай отырмыз. Негізгі міндет – жауапкершілікті, өкілеттіктерді және қызметтерді бөлу. Оның жалғыз шешімі бар. Яғни, билік өкілдері жоғары тұрған органның алдында емес, сайлаушылар мен халықтың алдында жауапты болуы керек. Қала әкімі облыс әкімінің алдында емес, тұрғындарының алдында жауапты».
Desht орталығының басшысы Қуаныш Жайықов мемлекеттік басқару ісіндегі түрлі қарама-қайшылыққа тоқталды. Ал ұтымды аймақтық саясат ұстану үшін негізгі басымдықтарды айқындап алу қажет. Өңірлерді дамытқан дұрыс па, жоқ әлде халықтың табысын арттырған жөн бе? Мұның қайсысы маңыздырақ? Шешім қабылдау керек пе, әлде микроменеджмент құрған жөн бе? Мемлекет өңірлерді дамыту теңгеріміне ұмтыла ма?
Осы сұрақтардың жауабын тауып, өз басымдықтарымызды айқындаған кезде өңірлер сапалы дамиды деуге болады.