Кейінгі бес жыл ішінде елде парақорлықпен 17 судья ұсталған. Ал 29 адам теріс қылықтары үшін лауазымынан босатылды.
Ашықтық пен тиімділік: Қазақстанның сот жүйесіндегі реформалар жайлы не білеміз?
1,746
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің реформаларында биліктің сот тармағын жетілдіру үшін түбегейлі жаңа әдістер мен жүйені енгізу керектігін айтқан болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы судьялардың кәсібилігі тақырыбын көтеріп, елдегі сот төрелігінің сапасын арттыру мәселесін де қозғады. Кейінгі кезде Жоғарғы сот өкілдерінің қатысуымен болған қылмыстардың жиілеуі Президенттің сот жүйесіне қатысты реформаларының бүгінде өте өзекті екенін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін атады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сот қорғауына құқықтарды қорғауды құқықтық реттеу елдің сот жүйесін жедел жаңғыртуды талап етеді. Биыл 28 наурызда ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.

«Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. 

Қабылданған заңдарға сәйкес Президент кәсіби судьялар корпусын сот реформаларының шешуші факторы деп атады.

Кейінгі бес жыл ішінде  елде парақорлықпен 17 судья ұсталған. Ал 29 адам теріс қылықтары үшін лауазымынан босатылды. Сондықтан бірінші кезекте саладағы кадрларды «тазарту» аса маңызды. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаевтың сот жүйесіндегі реформаларда, ең алдымен, салаға жаңа мамандарды тартуды басты назарға алу туралы ұсыныс өте өзекті.

Сот жүйесінде IT қызметтерді қолдану туралы реформада сәтті жүзеге асып, бүгінде жүзеге асырылып келеді. Бұл ең алдымен парақорлықпен күресудің өзіндік әдісі ретінде жұмыс істеп жатыр. 

Электронды сервистерді енгізу сот ісін жүргізуді едәуір жеделдетіп, сот жүйесінің ашықтығын арттырды. Сондай-ақ  азаматтардың шығындарын азайта отырып сот процесіне жылдам қол жеткізуге септігін тигізді. Сот жүйесіндегі IT қызметтердің  мақсаты – азаматтар мен соттар арасында тиімді коммуникация құру, іс жүргізу кезінде туындайтын қиындықтарды болдырмау, қоғам тарапынан соттарға деген сенімді арттыру. IT-технологияларды пайдалану сот ісін жүргізудің әдеттегі процесіне жұмсалатын уақыты едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. 

Реформалар процестердің ашықтығымен қатар, сот жүктемесі мәселесін шешуге де бағытталған. Мәселен, сотта күніне ондаған іс сұрыпталады. Бұл өз кезегінде судьялар жұмысының күрделі екенін көрсетеді. Енді жаңа заңнамаға сәйкес, елдің Жоғарғы Сот органына салықтық құқық немесе жер қойнауын пайдалану құқығы сияқты мамандандырылған құқық салаларында үлкен тәжірибесі бар көрнекті заңгерлерді тартуға болады. Осылайша жұмысты біршама жеңілдету қарастырылған.

Жалпы, сот жүйесіндегі реформалар, ең алдымен, халықтың судьяларға деген сенімін арттыруға бағытталған. Президенттің ұсыныстары негізінде тәжірибелі мамандарға баса назар аудара отырып, кадрларды жаңа іріктеу, процесті жеңілдететін және адами факторды жоятын жаңа технологияларды енгізу, сот төрелігінің ашық алаңын құру жұмыстары бүгінде біртіндеп іске асырылып жатыр. ҚР Ұлттық даму жоспарына көз жүгіртсек, алдағы бірнеше жылда отандық сот жүйесін толық трансформация күтіп тұр.