15 сәуірде Суданның Ұлттық қорғаныс күштері мен Жедел әрекет ету күштері арасында қарулы қақтығыс басталған болатын.
Қазақстан азаматтарын Суданнан эвакуациялау жалғасып жатыр – СІМ
1,786
оқылды

Бүгінгі таңда Қазақстанның бірқатар азаматы қақтығыс аймағынан эвакуацияланды. Эфиопия мен Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағы арқылы эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр, –деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында.

Судандағы соғыс қимылдары басталған сәттен бастап Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы елшілігі қазақстандық азаматтарды қақтығыс аймағынан эвакуациялау мәселесін барынша пысықтауға кірісті.

Эфиопияда тіркелген бірқатар елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізіліп, оларға Қазақстан Республикасының азаматтарын Суданнан эвакуациялауға көмектесу үшін ресми өтініштер жіберілді.

Эфиопиядағы ҚР Елшілігі азаматтарымызды Суданнан келісілген және қауіпсіздікпен шығару үшін Мысырдағы және Сауд Арабиясындағы ҚР дипломатиялық өкілдіктерімен тығыз байланыста.

ҚР азаматтарының нақты санын анықтау және оларға Суданнан эвакуациялауға жәрдем көрсету үшін Елшілік жанынан жедел желі ашылды: +251 945 051 624 (WhatsApp), kazembethiopia@gmail.com, kazembethiopia@mfa.kz.

Елшілік Эфиопия Сыртқы істер министрлігіне, БҰҰ-ның Судан мен Эфиопиядағы бөлімшелеріне, сондай-ақ Түркия, Ресей және Жапония елшіліктеріне Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға белсенді көмек көрсеткені үшін алғысын білдіреді.

15 сәуірде Суданның Ұлттық қорғаныс күштері мен Жедел әрекет ету күштері арасында қарулы қақтығыс басталған болатын. Қазір Хартум қаласында және елдің басқа аймақтарында соғыс қимылдары жүріп жатыр. Қақтығыс салдарынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 459 адамға жетті, 4 075 адам жарақат алды.