Қазір барлық салада жаңа тех­но­логиялар қолданылып жатыр. Олар жұмыс өнімділігін арттырып, әрбір істің уақытын барынша қысқартты. Алайда көптеген елде тәуліктегі жұмыс нормасы 8 сағат күйінде өзгермей қалды.
Төрт күндік жұмыс төрге сүйрей ме?
946
оқылды

Осыған байланысты дамыған елдер, әсіресе, еңбеккер құқығын қорғай­тын мықты кәсіподақтары қалып­тасқан мемлекеттерде жалақы көлемін сақтай отырып, аптадағы жұмыс күнін, әр күндегі жұмыс сағатын қысқартуды қолға ала бастады. 

Өзгеріс өзгеруге жол ашпайды

Таяуда «елімізде 4 күндік жұмыс апта­сы енгізіледі» деген жақсы жаңалық көп­шілікті елең еткізді. Алайда бұл дамы­ған елдерде қолданысқа енгізіп, сынақтан өткізіп жатқан аптаның төрт күнін жұ­мыс­қа арнап, қалған үш күнін демалыс­пен өткізу жөнінде емес екен. Айта кетсек, 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қабылданған өзгерістер Еңбек кодексіне енгізіледі. Аталмыш өзгерістер қатарында «төрт күндік жұмыс аптасы» жөнінде айтылады. Алайда бұл толыққанды аптаның төрт күнінде ғана жұмыс істеу дегенді біл­дірмейді. 

Біз жүгінген ҚР Кәсіподақтар феде­рациясының Әлеуметтік-экономикалық және әріптестік жөніндегі комитет төрағасы Сәруар Кенжолатов осы өз­геріс­терді түсіндіріп берді. 

«Жұмыс берушінің келісімі бойынша жұмыскер осындай аптаның төрт күнінде ғана жұмыс істеу жөнінде өтініш бере алады. Жұмыс беруші рұқсат беретін болса, осы жүзеге асырылады. Еңбек ко­дексінде күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс. Оған қосылатын үстеме уақыт екі сағаттан аспауы тиіс. Жаңағы өзгерістерде осы нормалар бұ­рынғыша қалып отыр. Тек 4 күндік жұ­мыс аптасы ғана деп көрсетілмеген. Ол 4 күн, 5 күн немесе 6 жұмыс күні болып ауы­сып отырады. Барлығын қосқанда қосқанда аптасына орташа 40 жұмыс сағат шығуы керек. Жұмыскер бұл аптада 4 күн істесе, жетпеген сағаттарды келесі апталарда толықтыруы қажет», – дейді Сәруар Кенжеболатов.

Сарапшының айтуынша, заңнамада айта қаларлықтай өзгеріс жоқ. Еуропада экспериментальді түрде, кей жерлерде толығымен 4 жұмыс күндік жұмыс ап­тасына көшіп жатса, бұл өзгерістің оған қатысы жоқ. 

Енді аталмыш өзгеріске келсек, Еңбек кодексіне сәйкес бес күндік не­месе алты күндік жұмыс аптасы, сондай-ақ толық емес жұмыс аптасы (ұзақтығы тараптардың келісімімен белгіленеді) қарастырылған. Сонымен қатар жеке­леген салаларда әр түрлі апталарда бір мезгілде бес күндік және төрт күндік жұмыс аптасын белгіленеді деп ұсы­ны­лып отыр. 71-баптың 3-тармағында «Та­рап­тардың келісімі бойынша еңбек шарты бес күндік немесе алты күндік жұ­мыс аптасына ауысу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге мүмкіндік береді» деп толықтырылмақ. Сәруар Кенжеболатовтың айтуынша, аталмыш талаптар белгіленген көлемдегі жұмысты істеуге қатысты жасалған шарт­тарға ұқсас. 

«Бұл тек қана қосымша мүмкіндік қана. Қолданыстағы Еңбек кодексінде икемді жұмыс уақыты деген түсінік бар. Сонда да осындай мүмкіндік қарастырыл­ған. Жұмыскер «аптаның бірнеше кү­нінд­е жұмысқа келетін уақытты өзгер­тейін, оның есесіне басқа күндері бірне­ше сағат артық жұмыс істеймін», – дейді сарапшы. 

Жұмысын «сағынғандар» жетіспейді

Сонымен, «төрт күндік жұмыс апта­сын елімізде енгізу үшін не істеу керек?» деген сұрақ туындайды.  Сарапшының түсіндіруінше, қазіргі қолданыстағы заңнамада жұмыс беруші «атқарылатын жұмыс көлемін 4 жұмыс күніне сыйғы­зып, жалақыны толық төлеймін» десе, шектемейді. Бұл екі тараптың арасындағы келісіммен ғана реттеледі. Бұл екі тарапқа да пайдалы. Өйткені жұмыс беруші кеңсесін жауып, бір күн электр қуатын пайдаланбайды, басқа да шығындарын азайтады. Адамдар кеңсеге келмейтін­діктен көлікті пайдаланбайды. Ауаға тарайтын көліктің улы газы да азаяды. Жұмыскер де еңбек өнімділігін арттырып, белгіленген көлемдегі істі дер кезінде орындауға тырысады. Ол қосымша демалыс уақытын өзін дамытуға, денсау­лығына жақсартуға, отбасына оның ішінде бала тәрбиесіне жұмсайды. 

Психолог Раушангүл Зиядинованың айтуынша, психо-эмоционалды тұрғы­дан адам үш күн демалғанда жұмысын сағынып қалады екен.

«Көңіл күй жақсы болғандықтан жұ­мыс­кер қалған күндері жұмысын жақсы істейді. Ал үйіне қарағанда жұмыста көбірек демалатын жандар үшін бұл өте ыңғайсыз. Бұл әр адамның өзінің мінез-құлқына байланысты», – дейді ол. 

Психологтың сөзінше, 4 күндік жұ­мыс аптасын жұмысты тайм менед­жментін реттеп отыратын, жұмыста және үйде өз уақытын дұрыс жұмсайтындар үшін өте тиімді. Ол барлық еңбеккерлерге осы кестені қолдануға болмайтынын жеткізді. 

Қысқасы, осы мәселе қоғамда әлі де талқыланып, алдымен экономиканың қай саласында тиімді екендігі анықталуы тиіс. Оңтайлы ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралып, содан кейін жүзеге асырылса. Алайда оны дайын материалдық өнім шығармайтын IT, банк, білім, ғылыми-зерттеу салаларында қазірден бастап қолдана беруге кедергі көріп тұрғанымыз жоқ. 

Жәнібек АМАНГЕЛДІ