«Қабанбайдың» құны – 95 миллиард
«Қабанбайдың» құны – 95 миллиард
316
оқылды
2020 жылдың 24 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елорда әкімі Алтай Көлгінов жол инфра­құрылымын дамыту мәселелеріне тоқталып, жаңа жобамен таныстырды. Үкімет Қабанбай батыр даңғылын 8 жолаққа дейін кеңейтуді, Қорғалжын тас жолы, Қабанбай батыр мен Тұран даңғылы қиылысында көлік айрығын салуды қолдады. Құрылыстың алдын ала құны – 95 млрд теңге. Халық бұл жаңалықты жақсылыққа жорығанымен, бюджеттен бөлінген қаржының көптігіне алаңдаулы. Біз осы сұрақтың жауабын іздеп, мамандарға жүгіндік.  

Көше кеңейту – кептеліспен күрес

Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл қаланың көлік инфрақұры­лымының жүктемесін айтарлық­тай төмендетеді. Жолдың «Астана Жұлдызы» стелласынан әуежайға дейінгі бөлігінің құрылысы биыл басталмақ. Ал Самал шағынауда­нына дейінгі бөлігі әлі жоспар дең­гейінде. Президенттің тікелей тапсырмасын қала басшысы осы­лай орындап жатыр. Жалпы, әкім­дік сол жағалаудағы кепте­ліспен күресіп келе жатқанына біраз болды. 2018 жылдың қаңта­рынан бастап ақылы тұрақтар орнатып, көлік ағынын азайтуға ты­рысып келеді. Жыл сайын қо­ғамдық көліктің де санын артты­руда. Алайда Урбанистика орта­лығының басшысы Асхат Сә­дуовтің ойынша, кептелістің се­бебін басқадан іздеу керек.
«Бізде жолдың кеңдігі емес, жол санының аздығы – басты мәселе. Елорданың маңайындағы қалаларға қарасақ, бұл көрсеткіш екі-үш есе көп. Бізде жол аз. Сон­дықтан көшелерде кептеліс туын­дайды. Кварталдардың арасы ұзақ. Нұрсаяны алып қарасақ, бұл кварталдың ұзындығы бес жүз метр шамасында. Ал Испанияның Барселонасында 130 метр бола­ды», – деді ол.
Маманның айтуынша, оң жа­ғалаудағы жағдай кішкене дұ­рыстау. Ол жақта қатар жатқан көшелер көп. Сондықтан, жүргі­зушілер басқа жолға ауысып, қозғалысын жалғастыра береді. Ал сол жағалауда басқа баратын жол болмаған соң бәрі бір көшеге тығылуға мәжбүр. Одан бөлек, кептеліс көп болатын жерлерге жолайрықтар салу да мәселені жеңілдетеді. Бірнеше деңгейлі құрылыстың құны да қымбат. Мамандардың айтуынша, темір бетоннан 1 шаршы метр жол салуға 1 000 доллар немесе 400 мың теңге шамасында кетеді. Сондай-ақ әлемдік практикада аялдама неғұрлым аз болса, со­ғұрлым орташа жылдамдық ар­тып, қозғалыс жақсаратынын көр­сеткен. Бұл тұста елорданы бағ­даршамдар қаласы деуге бо­лады. Жаяу жүргіншілер өтке­лінің арасын алшақтатып жібе­руге болмайды, әрине. Бірақ жолүсті өткелдерін салуды қолға алған Алматының тәжірибесін үлгі етуге әбден лайық. Мысалы, әл-Фараби көшесі мен Шығыс айналма жолында сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Бұл әрі уақыт үнемдейді. Маман­дар жерүсті өткелін салуға 300-400 миллион теңге кетуі мүмкін еке­нін айтады. Бірақ ол ақша өз-өзін ақтауы тиіс. Себебі қалада іскерлік белсенділік артып, транзит жақ­сарады. Ал бұл өз кезегінде биз­нестің да­муына септігін тигізіп, бюджетті толықтырмақ.  

Көше салу – күре жолдан қымбат

Бюджет демекші, бұл құры­лыс­қа бөлінген қаржыға ор­а­ла­йық. Құрылысшылардың ай­туын­ша, қалааралық, халықаралық жол­дар мен қала ішіндегі көше­лерді салудың арасы жер мен көктей. Қаладағы кей құрылыс бюджетінің 60-70 пайызы инже­нерлік желілерді салуға кетуі мүм­кін. 30 пайызы ғана жол салуға жұм­салады. Яғни, қаладағы құры­лыс қымбатырақ. Нарықтағы ба­ғаға қарасақ, 1 куб метр топы­рақты карьерден әкелу, оны жа­йып, үстінен тығыздауға үнем­деген күннің өзінде 600-800 теңге кетеді. Ал жол салуға бірнеше мил­лион куб керек. BI Infra Constraction ЖШС бас директордың Өндірістік-техникалық жұмыстар бойынша орынбасары Дархан Рахимовтың айтуынша, құрылыс құнының артуына экономиканың тұрақсыздығы да себеп. Техника түгелдей шетелдікі болғандықтан долларға тәуелділік бар. Лизинг де АҚШ валютасымен есептеледі. Доллар бағамы көтерілсе, мер­дігерлер қып-қызыл шығынға батуы әбден мүмкін. Одан бөлек, құрылысқа қажетті заттардың бағасы бақыланбайды екен. Мәселен, қыста 80 мың тұратын бетон жазда 150 мыңға дейін көтеріледі. Ал бір жылда дизель 30 пайызға қымбаттаған.  

Бюджет дұрыс жоспарланбайды

Осы жағдайдың бәрін ескеріп, құрылысты ертерек бітірмек болған компанияларға бөлінген қаржының ырым-жырым болуы қолбайлау болады екен. BI Infra Constraction ЖШС бас директор­дың Өндірістік-техникалық жұ­мыстар бойынша орынбасары Дархан Рахимов өз басынан өткен жағдаймен бөлісті:
«Мысалы, біз былтыр Цели­ноград ауданында жол құрылысы бойынша 5 млрд тұратын тендер ұтып алдық. Халық қатты қуанды. 60 шақырым жолға әлі 100 млн да бөлінген жоқ. Былтыр соның кесірінен мүлдем жұмыс істемедік. Ал баға сол күйі қалды. Биыл қан­ша бөлетінін, материалдың ба­ғасы қандай болатынын біл­мей­міз», – деп күйінеді құрылысшы.
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының созылуына дәл осы фактор әсер етеді. Сметалық құжаттар бірнеше жыл бұрын жасалғандықтан тауар мен қызмет құны қымбаттап, одан сайын ты­ғ­ырыққа тіремек. Нәтижесінде, мердігер қаражат тапшылығымен қатар инфляциямен де күресуге мәжбүр болады. «Бұл – бюджетті дұрыс жоспарламаудың нәтижесі» дейді маман. Ал елордадағы құрылысқа бөлінген қаржы дер кезінде тиісті орнына жетеді деп үміттенеміз. Халықтың ақшасына салынған жол LRT-ның күйін кешпеуін ті­лейік. Өйткені елордада құры­лы­сы бітпей тұрған басқа да нысан­дар жетерлік.    width=Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ