Биыл БҚО Казталов ауданында 18 160 гектар жер мемлекет мен­шігіне қайтарылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Казталов ау­дандық фи­лиалы жанындағы «Жер аманаты» аудандық комиссиясының отыры­сында аудандық жер қатынас­тары бөлімінің статист маманы Нұрхат Оразғалиев мәлімдеді.
18 160 гектар жер мемлекетке қайтарылды
11,056
оқылды

Партия филиалының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібековтің төрағалығымен «Жер ама­наты» комиссиясының отырысы өтті. Комиссия мүшелері  ағымдағы жылғы жұмыс жоспарымен танысып, жыл соңына дейін 6 940 гектар жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарады. Алдымен «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы Сәкен Сәлімжанұлы «Жер аманаты» комиссия­сының биылғы жұмыс жоспарымен та­ныстырды. Жоспарға сәйкес ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жер телімдерін қайтару мақсатында ауданымыздағы барлық ауылдық округте жекелеген көш­пелі отырыстар өткізіліп, шаруақожалық жетекшілерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Аудан әкімінің орынбасары жұмыс жоспарына жер иелерінің ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерді мақсатты пайдалануын тексеруді жоспарға енгізуді ұсынып, комиссия бірауыздан мақұлдады. Ал аудандық жер қатынастары бөлімінің статист маманы Нұрхат Ораз­ғалиев ауданымыз бойынша мақсатты пайдаланылмай отырған ауыл шаруашы­лығы мақсатындағы жер учаскелерін мем­лекет меншігіне қайтару мәселесі жөнінде баяндама жасады. 

«Биыл 16 жер пайдаланушы 18 160 гек­тарды құрайтын жер учаскесін арнайы жер қорына қайтарды. Оның ішінде 4 ауыл­шаруашылық өндірістік кооперативі және 1 кредиттік жауапкершілік серіктестігі 5 350 гектарды құрайтын жер учаскесін жалдау мерзімі өтуіне байланысты, ал 12 810 гектарды құрайтын 11 шаруа қожа­лы­­­ғының жер учаскелері мониторинг жүргізу нәтижесінде «мерзімі өтті» деп танылып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Мал жаю үшін халықтың жайылым алқаптарға деген сұранысын қамтамасыз ету мақсатында Казталов ауданының қор­да­ғы жерлерінен бөлу есебінен 163 326 гек­тарды құрайтын жер учаскелері резервке қойыл­ды. 2023 жылы 29 475 гектарды құ­рай­тын жерді ие­ленуші 10 азаматқа хабар­лама, 11 азаматқа нұсқама жіберіліп, 3 азаматқа тексеру амалы басталды», – деді маман. 

Жер қатынастары бөлімінің маманы өз сөзінде 6 940 гектар жерді мемлекет мен­шігіне қайтару мақсатында жұмыстардың басталғанын да атап өтті. Комиссия мү­шелері тарапынан пайдаланылмай жатқан жерді резервке қою кезінде ауыл тұрғын­дарына тиесілі, «қызыл аймаққа» енген жердің көлемін ескеріп, аталған аймаққа жақын орналасқан игерілмей жатқан жер­лерді резервке қою қажет екені ұсынылды. Сонымен қатар игерілмей жатқан жер ие­ле­ріне алдын ала хабарламалар мен ескерт­пелер жіберуді назарда ұстау керек екені айтылды. Комиссия отырысында ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жерді пай­далану, ауылдық округтердің жер көлемін ұлғайту сынды ағымдағы мәселелер де талқыланды.