Түркістан облысында медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесі өткір тұр: өңірде 257 дәрігер маман жетіспейді, медициналық құрал-жабдықтардың 45%-ы, медициналық мекемелердің жартысы тозған.
Өңірде «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасы бойынша алдағы үш жылда 49 медициналық нысан құрылысы, сондай-ақ төрт ауданаралық және екі көпсалалы аурухананы жөндеу және заманауи құралдармен (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық класс УДЗ аппараттары және т. б.) жабдықтау жоспарланған.
«Түркістан облысының әкімдігі медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, сондай-ақ жас мамандарды өңірге тартуға жағдай жасау бойынша кешенді шаралар қабылдауы қажет. Тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлерді даярлауға тапсырысты көбейтіп, оларды материалдық жағынан қызықтыру, әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну керек», — деді Алтай Көлгінов.
Осыған ұқсас мәселелер облыстың білім беру саласында да бар. Түркістан облысында 7 апатты жағдайдағы және 14 үш ауысымды мектеп бар, балабақша кезегінде 3,5 мың бала тұр, 33,6 мың оқушыға орын тапшы, бастауыш сынып оқушыларының 22,6%-ы ғана ыстық тамақпен қамтылған, ал әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балалар мүлдем тамақпен қамтылмаған. Сондай-ақ 328 мектепте техникалық мүмкіндіктердің болмауынан интернет жылдамдығы төмен, 16 мектепте дәретхана тек сыртта орналасқан, колледждердің зертханалары мен шеберханаларының 40%-ын жаңарту қажет.
«Түркістан облысында оқушы саны көп және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу үшін алдағы үш жыл ішінде 96 білім нысанын салу жоспарланған. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 63 мектеп, жергілікті бюджеттен 13 мектеп салынады. Сонымен қатар білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен республика бойынша 72 мектеп құрылысы жоспарланған, оның 11-і Түркістан облысында салынады», — деді Алтай Көлгінов.
Кеңес барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірге нақтылап жатқан Цифрлық отбасы картасы деректерін жаңарту мәселелері де талқыланды. Жаңартылған деректер әрбір азаматтың мәртебесі мен әлеуметтік қолдауға мұқтаж және кепілдік берілген мемлекеттік қызметтермен қамтылмай қалған балаларды анықтауға көмектеседі.
Қоғамды алаңдататын мәселе — аймақтағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі. Вице-премьер азаматтардың өмірі мен денсаулығына, отбасылардың амандығына тікелей қатысты бұл мәселе әрбір аудан әкімінің бақылауында болуы маңызды деп атап өтті.
Сондай-ақ Алтай Көлгінов жұмыспен қамту, білім алу, тұрғын үй, бос уақытты тиімді өткізу сияқты мәселелерді шешуге бағытталған жастарды қолдау жөніндегі өңірлік бағдарламаны тезірек қабылдау қажеттігін айтты.
«Халықтың өмір сүру сапасы әлеуметтік мәселелерді шешумен тікелей байланысты. Түркістан облысы тұрғындарының саны қарқынды өсіп жатыр. Денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту мәселелері кешенді түрде шешіліп, жергілікті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында болуы тиіс», — деді кеңес қорытындысы бойынша Алтай Көлгінов.
Премьер-Министрдің орынбасары облысқа сапары аясында қолданыстағы және салынып жатқан бірқатар денсаулық сақтау және білім беру нысандарын, оның ішінде Түркістан қаласындағы 570 орындық көпсалалы орталық аурухана құрылысын барып көрді. Мұнда облыстағы басқа да медициналық мекемелердің: Түркістан қаласындағы 190 орындық облыстық балалар ауруханасы, Сарыағаш ауданында перинаталды орталығы бар медициналық кешен, Ордабасы және Мақтаарал аудандарындағы аудандық ауруханалар, сондай-ақ Сарыағаштағы қалалық емхана, Арыс қаласындағы жедел жәрдем стансасы бар емхана және Шорнақ ауылындағы аудандық емхана жобалары таныстырылды.
Вице-премьер Түркістан қаласындағы Әмір Темір атындағы мектеп құрылысымен танысып, Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы мектепті аралады. Сонымен қатар Алтай Көлгінов балаларды музыкалық аспаптың 11 түрінде ойнауға үйрететін «Ақжайық» музыка мектебінде болды.