Елорда тұрғындары «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында ұйымдас­тырылған жалпықалалық сенбілікте жұдырықтай жұмылып жұмыс істеді. Қаланың 62 мыңнан астам тұрғыны, оның ішінде қоғам қайраткерлері, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері, спортшылар бастап, жұрт қоштап қала келбетінің көркеюіне атсалысты.
Қаланы көркейту – қоғамдық борыш
697
оқылды

Қаланы жалпы тазалау кезінде бес ауданның әрқайсысына ағаш­тар мен бұталар егілді. Оның ба­рысында жапырақты ағаштарға басымдық беріліп, барлығы сегіз мыңға жуық жасыл желек отыр­ғызылды.

Алматы ауданы әкімінің орын­басары Мұхамедияр Қо­жекеновтің айтуынша, сенбілікке қатысқан әкімдік қызметкерлері мен қоғам­дық ұйымдар, арда­герлер мен бел­сенді тұрғындар Президент сая­бағына 300-ден астам жасыл желек отырғызыпты. 

– Біздің ауданымыздағы бас­қа да саябақтарда, мектеп пен ба­лақ­башқа аумағында, ауданның тұр­ғын үй аулаларында да көшет егі­ліп, қоқыс жинау жүргізіліп жатыр. Жалпы, көктемдік айлық аясында 2 жарым мыңнан астам жасыл желек отырғызылмақ. Ал 2023 жы­лы ауданымызда 10 мың­нан аса жасыл желек егіледі. Экологиялық айлық аясында ау­да­нымызда сенбіліктер үнемі өт­кізіліп тұрады. Біз қала тұрғын­дарын сенбіліктерге белсенді қа­тысуға шақырамыз. Ал өз та­ра­пымыздан қажетті құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етеміз. Ең бастысы, жақсы көңіл күймен келіп, ауданды көгалдандыруға үлес қосуы керек, – деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мұ­хамедияр Қожекенов.

Сенбілік барысында Прези­денттік саябақта ағаш отырғызуға түрлі ұйымдар мен кәсіп­орын­дардың өкілдері қатысты, олар­дың арасында дипломатиялық корпус, Қаржы министрлігінің Қа­зы­на­шылық комитеті, «Қазақ­стандық стандарттау және мет­рология инс­титуты» РМК, Қо­ғамдық кеңес, Qazaq Air АҚ, Ар­дагерлер кеңесі бар. 

– Бәріміз Астананың жасыл желекті қала болғанын қалаймыз. Осыған атсалысып, ағаш отыр­ғыз­ғаныма қуанамын. Өзім сая­баққа қарама-қарсы тұрамын, – дейді іс-шарадан алған әсерімен бөліс­кен Ұлыбританияның Қа­зақ­стан­дағы елшісі Кэти Лич. 

Сенбілікке қатысқан Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төра­ғасы Зулфухар Гаиповтің сө­зінше, мұндай шараның тұрақты өтіп тұр­ғаны маңызды. 

– Көктем шыға, күн жылына ауылдың іргесін тазалап, қорша­ған ортаға қан жүгірту – қазақ хал­қы­ның бұрыннан келе жатқан дәстүрі. Бүгінгі сенбілік соның бір жалғасы және мұндай шараға тұрақты қа­тысуды әркім өзінен бастағаны жөн. Біз үнемі «әркім өзінен бастау керек» дегенді жиі айтамыз. Сон­дықтан қоғамдық жұмысқа атса­лы­сып, бір тал ағаш отырғызуға сеп­тігін тигізсе, қор­шаған ортаға пай­дасын келтіру деген осы. Бұл –экологиялық тәр­бие ғана емес, болашақ ұрпақ­ты еңбекке баулу. Көріп отыр­саңыздар, бүгін дип­ломатиялық корпус өкілдері кіш­кентай ба­лаларымен келіп ағаш отырғы­зып жатыр. Оның тәрбие­лік ма­ғынасы көп. Өйткені өскен­де өз­дері де үлкендердің істеп жат­қан еңбегін қайталайды. Бұл да Президенті­міз айтып жүрген ең­бек адамын қа­лыптастыруға септігін тигізері сөз­сіз. Ал жал­пықалалық сенбі­­лік – қала кел­бетін ажарланды­руға қосқан қо­ғамдық боры­шы­мыз, – дейді Зул­фухар Гаипов. 

Қалалық әкімдік қызметкері Қымбат Қасымова – қоғамдық жұмысқа баласын өзімен бірге ерте келгендердің бірі. «Бала айт­қа­ныңды емес, көргенін істейді» де­ген ол: «Ересектердің не іс­тейтінін көрсін, білсін деп алып келдім. Бірін-бірі танымаса да, біріне-бірі жылылық танытып, бірлесе жұмыс істеген жұртты кө­руінің өзі үлкен өнеге деп білемін. Соған қызығып, өзі де сенбілікке араласып кетті. Бұл – алдымен ұрпақ тәрбиесі. Бізден көргенін, келешекте өздері істейді. Екін­шіден, баланы таза­лыққа, еңбек­қорлыққа үйретеді. Осындай шараны ұйымдастырған қала әкімдігіне алғысым шексіз. Біз баламызды өз үйіміздің аула­сында өтетін іс-шараларға да қа­тыс­тырып, үнемі өзімізбен бірге ертіп жүреміз», – дейді. 

Осылайша, «Жасыл Астана» эко-айлығы аясында өткен ал­ғашқы жалпықалалық сенбілікте бес ауданда 8 мыңға жуық жасыл желек отырғызылып, қала аума­ғынан мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Сенбіліктер сериясы алдағы уақытта да жалғасын тап­пақ. Сондай-ақ 2027 жылға қарай 85 учаскеде саябақтар мен ты­нымбақтар салу, «Жасыл бел­деуде» 650 мың ағаш отырғызу, 2,4 мыңнан астам қоқыс контейнерін орнату, коммуналдық көлікті газға көшіру, жыл сайын 200-ден астам аула мен қоғамдық орынды абаттандыру көзделіпті.

Жадыра МҮСІЛІМ