Павлодарда заңға қайшы әрекеті үшін жедел уәкіл сотталды.
Ұрлықты мойындату үшін ауыл тұрғынын азаптаған жедел уәкіл сотталды
1,107
оқылды

Павлодардың № 2 қалалық сотында ҚК 146-бабының 1-бөлігі бойынша қысқартылған тәртіппен азаптау, яғни жәбірленушіге физикалық және психикалық азап көрсету фактісі бойынша Павлодар ауданының полиция бөлімінің аға жедел уәкіліне қатысты іс қаралды. Бұл туралы Aikyn.kz сайты pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Іс материал бойынша, сотталушы 2022 жылғы 20 қазанда және 22 қарашада Павлодар аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі бола отырып, ұрлық жасағанын мойындату үшін  зардап шеккен азаматты азаптаған. Тергеу мен анықтаудың рұқсат етілмеген әдістерін қолданған. Балағат сөздер айтқан. Алақанымен бетінен, кейінірек оң қолымен басынан жұдырықпен ұрған.

Прокурор үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші сотталушыны кешіргенін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Келтірілген залал ішінара 700 мың теңге өтелді. Сотталушы өзінің кінәсін толық мойындады. 

«Сот жеңілдететін мән-жайларды (кінәсін мойындау, жасаған ісіне өкіну, келтірілген зиянды ішінара ерікті түрде түзету, мүгедектігі бар жас бала мен әкенің асырауында болуын, бұрын сотталмағанын), ауырлататын мән-жайларды (қабылдаған антты бұзған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы) ескере отырып, минималды қауіпсіздік мекемесінде 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деді соттың баспасөз қызметінің өкілі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Қаңтар көтерілісі кезінде ұсталғандарды азаптағандар туралы жазған болатынбыз.