Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді.
Қазақстандықтарға 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат беріледі: шарттары белгілі болды
36,796
оқылды

Business.enbek.kz порталында (бұдан әрі - Портал) 2023 жылғы 15 мамырдан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады. Республика бойынша екінші лекте 2 697 адамға грант беру жоспарлануда, - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылатын қайтарымсыз берілетін бастапқы капитал.

Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 380 000 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін қажет:

-        Порталда тіркелу;

-        грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

-        бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

-        өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:

-        тіркелген жұмыссыздар;

-        жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

-        мүгедектігі бар адамдар;

-        қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;

-        өңіраралық қоныс аударушылар

-        аз қамтылған отбасы мүшелері;

-        көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

-        мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

-        асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.

Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.