Махаббаттың ең үлкені – Отанға деген махаббат болса керек. Әр адам жақсысын қорғап, көзінің қарашығындай сақтауға ниет ететіні анық. Кейде көпшілік қазақ армиясының кем-кетігін айтып жатқанымен, оның көпке үлгі болып, разы қылатын жақсы тұстары да жетерлік.
Ерлігі есте қалғандар
751
оқылды

Біз бүгін әскер қатарында жүріп, екінің бірінің қолынан келе бермес ерлік жасаған сарбаздар жайында айтпақпыз.

Қарулы топқа тосқауыл

Әскеріміздің айбыны сонау тә­уелсіздік алған жылдардан кейін көп өтпей-ақ біліне бастаған еді. Мәселен, 1995 жылдың 7 сәуір күні Қарулы Күштеріміздің сарбаздары тәжік-ауған шекарасында қару­лан­ған лаңкестермен шайқасып, ер­лік­тің, қайсарлықтың үлгісін көрсет­кені әлі күнге дейін көптің есінде. Тепсе, темір үзетін жауынгерлер шекараны заңсыз қару-жарақ пен есірткі дәлізіне айналдырмақ бол­ған қарулы топқа тосқауыл қойды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 8 жарым мың сарбаз аттан­ған. Соғыс қашан да қантөгіссіз бол­майтыны белгілі. Пшихвар шат­қалындағы ұрыста 17 қазақстандық ерлікпен ажал құшқан еді. Бұл күндері ол батырлардың құрметіне әр жерден ескерткіштер ашылған. Жыл сайын еске алатындардың да қарасы аз емес. 

Алтыншы бекеттің адуыны

Бір өзі талайды жайратқан ерлер жайлы көбіне көркем шығарма не­месе кинодан ғана оқып-көріп жа­тамыз. Дегенмен шын өмірде де мұн­дай батырлардың бары рас. 2010 жылы 22 маусымда Ақтау қала­сын­дағы түрмеде үлкен дүмпу болып, бас бостандығынан айырылғандар қашпақ болады. 21 қашқынды жал­ғыз тоқтатуға ұмтылған Ербол Отар­баевтың ерлігін айтпай өтуге бол­мас. Көпшілік білер, кейін сол қыл­мыскерлердің қанқұйлы іс-әре­кеті «Алтыншы бекет» фильмінің шығуына арқау болды. Отарбаевтың өзі оқиғадан соң ІІІ-дәрежелі «Ай­бын» орденімен марапатталды. Сар­баз кейінгі өмірінде әскер қа­тарынан алыстаған жоқ. Жанқияр­лы­ғымен әр адамның Отаннан қым­бат емес екенін ұғындырған оның ерлігі ел есінен кете қоймасы даусыз. Қазақ армиясының атын баршаға танытқан жауынгерді үлгі ететін сарбаздар көп болары анық. 

Мәңгілік тағзымның иелері

Осыдан 7 жыл бұрын Ақтөбеде болған теракті есімізде. 2016 жылы 5 маусымда 17 адамнан тұратын экс­тремистер тобы қаладағы екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, сон­дай-ақ 6655 әскери бөлімінің аумағында орналасқан қару-жарақ қоймасын басып алуға тырысқан еді. Әскери қалашыққа жасалған шабуылға тойтарыс беру үшін қақ­тығысқа шыққан кезінде үш әскери қызметші оқиға орнында қаза та­уып, 6 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Экстремистер қару-жарақ қоймасын иемденсе, әрі қарай не боларын болжау қиын еді. Онда қарапайым азаматтарға да қауіп төнетін. Міндетін ерлікпен атқарған жауынгерлердің әрекетін батыр­лыққа баламаса болмас. 

Қаза тапқан әскери қызметшілер арасында ҰҚК «Батыс» әскери қар­сы барлау бөлімінің аға жедел уә­кілі, майор Даниэль Майлыбаев, 6655 әскери бөлімінің келісімшарт қызметінің сержанты Берікжан Қа­лиев, 6655 әскери бөлімінің мерзімді қызметінің сарбазы қатардағы Дос­бол Сапар болды. Дегенмен қару-жарақ қоймасын қорғағандардың бәрі де елеусіз қалған жоқ. Аға сер­жант Ғабит Балжанов, бөлім меди­циналық пунктінің фельдшері сер­жант Ирина Балмағамбетова, сержант Сатыбай Рахмет, ефрейтор Еламан Жанділдаев, ефрейтор Же­ңіс Табынбаев, қатардағы жауынгер­лер Артем Авдеев, Ілияс Қарақой­шиев, Ақжол Шайсұлтан, Исламжан Тұрсын Ішкі істер министрінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен ма­рапатталды. 

2017 жылы 10 қаңтарда қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін мемориалдық тақта ашыл­ған болатын. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының 2016 жылғы 22 мау­сымдағы №180 бұйрығымен әскери борышын орындау кезінде ерлік жасаған және қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу мақсатында тізімге мәңгілікке ен­гізілді. Қоғамның қауіпсіздігі үшін жан қиған ерлерге құрмет шексіз болуы тиіс.

Батырлар бағасыз қалмасын

Әскери қызметінен тыс уақытта да ерлік жасап, көмегін тигізіп жүретін сарбаздар аз емес. Сон­дықтан жауынгер болу тек қызмет­пен ғана емес, азаматтық позиция­сымен де өлшенсе керек. Сондай азаматтың бірі – Бақыт Ташкенбаев. Былтыр тамызда Алматыдағы Ұлт­тық ұланның 6654 әскери бөлімінің қызметшісі Ташкенбаев отбасымен Есік елді мекеніне жолға шыққан. Әскери қызметші жол бойындағы кафеден шыққан қалың түтінді байқап, бірден оқиға орнына жақын жерге тоқтап, көмек сұраған дауыс шыққан жаққа жүгірген екен. Өрт сөндірушілер келгенге дейін өрттің арасынан екі газ баллонды ажы­ра­тып, жиһаздарды көшіріп, адамдар­ды қауіпсіз жерге алып шыққан. Одан соң өз бетімен өртті сөндіруге тырысып, көмек көрсеткен екен. Бір қызығы, азамат өрт сөнгеннен кейін ешкімнен алғыс күтпей, түк болмағандай жолымен кете берген. Оны мейрамхана иелері іздеп тауып, ерлігін елге аян етіпті. Яғни, ерлік тек қызметтегілерге ғана тән дүние емес.

Былтыр күзде Қостанайда бол­ған өртті сөндіру оңай болмағаны белгілі. Өрт сөндірушілермен қоса бұл іске сарбаздар да тартылған еді. Олардың арасында өлшеусіз еңбек сіңіргендері де болды. Мәселен, тілсіз жау басылған соң Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқа­ру­дағы жанқиярлығы, сондай-ақ тө­тенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін 31775 әскери бөлімінің қа­тардағы жауынгері Александр Али­кович «Ерлігі үшін» медалімен ма­рапатталды. Бар болғаны 18 жастағы сарбаз қауіп-қатерге қарамастан төрт күн бойы әскери инженерлік техникамен тілсіз жаудың таралуына қарсы тұрып, өртке қарсы бірнеше арықтар қазған.

Абай облысы Үржар ауданының тумасы сол оқиғадан 4 ай бұрын ғана Қарулы күштер қатарына ша­қырылған екен. Жас батыр кейін Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімде материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонында қыз­мет етті. Ауылда туып-өсіп, жер­гі­лікті ауылшаруашылығы коллед­жінде оқып, механизатор маман­ды­ғын алған бозбаланың ерлігі де көпті сүйсіндірді.

Қорыта айтқанда, халқымыз «еліміз аман, жұртымыз тыныш бол­сын» деген тілекті бекерге көп айтпайды. Бейбіт күнге не жетсін, дегенмен тосыннан келген не түрлі қауіпке кеудесін тосқан сарбаздарды құрметтей білгеніміз артық емес. 

Мадияр ТӨЛЕУ