Қан майданға аттанғандар арасында ер азаматтармен бірге қазақ қыздарының да көп бол­ға­нын білеміз. Қазақстаннан ІІ дүниежүзілік со­­ғысқа қатысқан қыздардың нақты саны бел­гісіз. Деректер әр жерде әртүрлі жа­зы­лады.
Қан майданға аттанған қазақ қыздары
2,382
оқылды

Соңғы жылдары бұл тақырыпқа жиі қа­лам тартып жүрген тарихшы Дина Игсатова мен Зәуреш Сақтағанованың жазбаларынан 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысқан Қа­зақстан әйелдері туралы деректерді кез­дестіруге болады. 

Батыр қыздардың қатарында Кеңес ода­ғының батыры Әлия Мол­да­ғұлова, Мәншүк Мәметова, Халық қаһар­ма­ны Хиуаз Доспанованың есімі жиі ата­­лады. Әлия мен Мәншүк туралы та­ри­хи дерек­тер де көп, тіпті көркем фильмдер де түсірілді. Хиуаз апайдың өмірінің соңғы сә­­тін көзбен көрдік. Үйіне барып, тілдес­кен де кезіміз бар. Батыр қыздың батасын да алдық. 

Майданға аттанған қыздарымыз түрлі әс­кери құрамаларда қызмет етті. Бірі ұш­қыш, енді бірі радист болса, енді бірі тан­кист, партизан, барлаушылар қата­рын­да болды. Батыр қыздар туралы тарих­шы Дина Игсатова «1941-1945 жылдары со­ғысқа қатысқан Қазақстан әйелдері» ат­ты еңбегін жазды. Бұл ғылыми жинақ Ди­нара Асановамен бірігіп дайындалған. Қан майданға аттанған қазақ қыздарының қа­тарында ұшақ механигі Дәмелі Жә­кеева, зенитті артиллерия расчетінің ко­ман­дирі Ақлима Ақжолова, танкист қыз­дар Күлкен Тоқбергенова, Жамал Бай­тасова, пулеметші Жәмила Бейсен­баева, зенитші Ажар Оразғалиева, десант­шы­лар Қалзия Асанова, барлаушы Жә­ми­ла Сәлімовалар бар. 

Тарихшы Дина Игсатованың ай­туын­ша, брондалған танкі әскерилері қатарына да қазақ әйелдері кірген. Олардың кей­біреу­лері радиотелефонистер, кейбірі пу­леметші болыпты. Тек бір экипаж то­лы­­ғымен қыздардан тұрған. Ол Қазақ­стан­­нан келген қыздар құрамасы еді. Олар: Жамал Байтасова, Күлкен Тоқ­бер­ге­нова, Күлжәмила Талқанбаева, Жәмила Бей­сенбаевалар болатын.

«Ерлігі үшін» медалін алған кіші сер­жант Жамал Байтасованы бөлімшед­е­гі­лер­дің бәрі құрмет тұтты. Өз ісінің шебері, көңілді Жамал ұрыста қашан да төзім­ді­лік­тің үлгісін көрсетті. Соғыста қазақ қыз­дары көрсеткен ерліктері өте көп. Бір Күл­жәмиланың өзі жаудың бес атыс нүктесін жойған. Батыр қыздар туралы ақ­параттар толық емес. Өйткені олар Лит­ва жерінде қайтыс болған» деп жазады Ди­на Игсатова. Тарихшының айтуынша, Лит­ва жерінде тарихи құжаттардың көбі әлі құпия сақтаулы. 

Ғалым кітабының бір тарауын мәс­кеу­лік қазақ қызы Алтыншаш Нұр­ға­зи­нова­ға арнаған екен. Ол 1924 жылы Мәскеуде ту­ған, 1941 жылы Мәскеу қаласындағы Ста­лин аудандық әскери бөліміне барып, сол жерден алты айлық курсқа аттанған. Кейін орталықта, Воронеж, Украина май­данында соғысқан. Алғашында 8-гвар­диялық дивизияның 235-і атқыштар пол­кінің 1-батальонының комсомол ұйым­­­­дастырушысы болды. Бірнеше рет ауыр жарақаттанып, госпитальға түседі. 1944 жылдың шілде айынан бастап 70 ат­қыштар дивизиясының 207-і атқыштар пол­кінің 2 батальоны сапында болды. 

«Ол 1944 жылы 2 қазанда қайтыс бол­ды. Польшадағы Краков жауынгерлік бейі­­тінде жерленген. Қайтыс болғаннан кейін оған Қызыл Жұлдыз ордені берілді» деп жазылған тарихи деректерде. Бұл ту­ра­лы ақпарат КСРО Қорғаныс министрлігі мұрағатында сақтаулы тұр. Алайда тарих­шы Дина Игсатова Польшада жарық көр­ген екі томдық «Естелік» кітабына Ал­­­тын­шаш Нұрғазинованың есімі ен­бегенін жазады. Кейінірек оны Поль­ша­ның Дукла қаласындағы әскери бауырластар зи­рат­ына жерлегені туралы деректер та­был­ған. Онда Алтыншаш есімі Ақлынша деп жа­зылып кеткен. 

Қан майданға аттанған қыздардың бірі – Сара Сартбаева. Ол туралы тарихшы Жұ­мабай Доспановтың зерттеу еңбек­тері­нен кездестіруге болады. Семейде туған қыз соғысқа Ашхабадтан аттанған. Ме­ди­ци­на қызметінің лейтенанты атанған. Там-тұм деректер ғана болмаса, басқа кө­лемді дүние таба алмадық.  

Қазақтың батыр қызы Халида Ма­манова туралы да қызықты деректер көп. Оның тегі атақты Маман әулетіне қатысты екені белгілі. Заманында ең бай, бақуатты әулет саналған Маман байдың ұрпағының да даңқы аспандап тұрған еді. Бір кездері «Қазақ» газеті тоқтап қалмауы үшін қар­жы­лай қолдау көрсеткен де осы әулет бо­латын. Тұңғыш қазақ романына бәйге жариялаған да Маман әулетінің ұрпақтары еді. Мамания мектебінің негізін салған бұл әулет туралы көптеп жаза беруге бо­ла­ды. 

Журналист Қарагөз Серікқызы Ха­лида Маманова туралы жазба­сын­да: «Ол 1942 жылдың ақпанында соғысқа ат­танады. Медицина институтын бітірген әр түлекке берілуі тиіс кіші лейтенант шені Ха­лида Мамановаға бұйырмады. Тіпті, со­ғыс даласында медбике болып жұмыс іс­теуге де рұқсат етілмеді. Себебі ол «бай тұ­­қымы», сенімсіз элемент саналады. Сөйтіп, Ха­ли­да соғыс даласында бейіт пен окоп қазу жұмысына жегіледі. Міне, осы уақытта Халида Маманова Сталинге хат жазады. Хаттың мазмұны «Халық жауы» болсам, айып­керлер ротасына жіберіңіз. Тірі қал­сам, менен және туыстарымнан бүкіл айып­ты алып тастаңыз» дегенге саятын. Осы­лай­ша, Халида айыпкерлер батальоны – штраф­батқа кетеді» дейді. 

Соғыстан оралған соң да ол өзінің тарт­қан тауқыметі туралы ешкімге ақ­тары­лып айтпаған. Халида елге капитан ше­німен оралған. 1946 жылы Қазақ ме­дициналық институтына патологиялық фи­зиология кафедрасына жұмысқа тұ­рып, 1950 жылы кандидаттық диссер­та­ция­сын жазып бітеді. Өкінішке қарай, бірақ ол жұмысын қорғай алмаған. Бай тұ­қымы болғаны үшін қорғатпаған. Кейі­ні­рек ол жұмысын Мәскеуде қорғауға мүм­кіндік алып, медицина ғылымының кан­дидаты атағын алады. 

Ғазиза Момынова – Батыс Қазақстан­да дүниеге келген. Алматыдан соғысқа ат­танған қазақ қызы. 391 атқыштар диви­зия­сының 473 дербес медициналық-санитарлық батальонында болған. 1943 жылы Қызыл Жұлдыз орденімен марапат­тал­ған. Жұмабай Доспанов өз энцикло­педиясында Ғазиза Момынова деп алса, кей деректерде Роза Момынова деп те жа­зылып жүр. 

Шығыс Қазақстаннан әскер қа­тарына шақырылған батыр қыз­­дардың бірі – Баян Байғожина. Ол май­­данға аттанғанда бар-жоғы 18 жаста бо­­лыпты. Беларусь, Литва, Польша жерін азат етуге қатысқан. Гинденбург іргесіндегі қатты ұрыста жараланғанына қарамастан, ерлік көрсетіп, табандылық танытқан. Өкі­ніш­ке қарай, жеңіске 12 күн қалғанда ер­лікпен қаза табады. Оның денесі Гин­ден­бург қаласында жерленген. 

Қызылордалық ару Майра Қанатова да майданға өз еркімен аттанған. Ол Те­реңө­зек ауданы, «Қызыл Диқан» колхо­зын­да туған. Соғыста ерлік көрсетіп, жауын­­герлердің арасында батылдығымен есте қалған батыр қызға «Ерлігі үшін» ме­да­лі берілген. Ал Оралдан аттанған Нұр­ғаным Байсейітова да соғысқа өз ер­кімен аттанғандардың бірі. 1942 жылы Мәс­кеудегі радиомамандар дайындау мек­тебіне курсант болып қабылданған. 1943 жылы Белорус майданы штабының тап­сырмасымен сегізінші партизан бри­га­дасының радисткасы ретінде жау ты­лына жіберген. «Қызыл Жұлдыз» ордені­мен марапатталған. 

Партизан отрядында болған Торғаш Жұмабаева соғыс басталған кезде Минск облысында жау тылында қалып қойған. 1943 жылы Минскідегі «Большевик» пар­ти­зан отряды қатарына кіреді. «Ұлы Отан со­ғысының партизаны» медаліне ие бол­ған. 

Мәриям Сырлыбаева да соғыс бас­тал­ған жылы Алматы медицина институтын бітіріп шыққан екен. Ол қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасының мед­санротасына ординатор болып барып, бри­гадамен бірге майдан шебіне аттанған. Ка­линин майданына қатысқан. Оған әскери медицина қызметінің капитаны ата­ғы берілген. Әскери дәрігер Мәриям Сыр­лыбаева Невель түбінен бастап, По­ль­шаның Спот қаласына дейін барған. Брест қамалын алуға атсалысып, Торн, Ту­хель қалаларын азат ету соғыстарына қа­тысқан батыр қыздардың бірі. 

Тарихшылар майданға аттанған қазақ қыздары туралы соңғы жыл­дары ғана зерттеле бастағанын айтады. Әзірге барлық құжаттар жария болған жоқ. Құпия сақталған деректер өте көп. 

Тарихшы Дина Игсатованың қорында бір­неше кітапқа жетерлік зерттеулер жи­нақталған. Ол осы күнге дейін 5120 қазақ әйелдері туралы мағлұматтар тапқан. Ал тағы бір зерттеуші Жұмабай Доспанов 7747 қазақстандық әйелдер туралы мәлі­мет­тер жинап, «Қазақстанның майдангер әйел­дері» атты энциклопедиясын дайын­дады. Ғалым, профессор Зәуреш Сақта­ға­нова да соңғы жылдары майдангер әйел­­дер туралы ғылыми зерттеулер жа­рия­­лап жүр.

Бірі – пулеметші, бірі – санитар, бірі – ұшқыш, бірі – радист болған қазақ қыз­дарының әрқайсысының тағдыры бір-бір көлемді шығармаға айналары сөзсіз. Бір әттеген-айы, ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқ­талғанына 78 жыл өтсе де, бұл тақы­рып­тың әлі де толыққанды зерттелмей жат­қаны. Санаулы тарихшы қыздарымыз зерт­теп жүргені болмаса, құпия құжаттар әлі де жабық күйінде қалған. Ол құпия көм­бені қай уақытта ашатынымыз тағы бел­гісіз...

Айна ХАСАН