Геосаяси қақтығысты тудырып отырған көршіміздің кесірінен еліміз де кей тұста жаманатты болып қалатыны шын. Жақында АҚШ пен Батыс елдерінің билік өкілдері Ресейге салынған санкцияның жайын қайта талқылауға көшті.
Санкция салқыны: «Көршің соқыр болса...»
1,307
оқылды

Бұл жолы бәрінен бұрын реэкоспорт мәселесінде «Мәскеуге көмектесіп жатыр» деген желеумен Орталық Азия елдеріне қысым болуы мүмкін екені айтылыпты. Осы тұста біз «шынында да еліміз санкцияны бұзуға септесіп отыр ма?» деген сауалға жауап іздеп көрдік.­

Келіспейтін кесім

Шынында, Орталық Азия елдері, соның ішінде санкцияның қауіп төнуі мүмкін екені жайлы хабарлар бүгін шыққан жоқ. Мәселен, был­тыр наурызда Британ Парла­ментінің мүшесі Маргарет Ходж Қазақстан мен Әзербайжан елдері «Ресейді қолдайды» деп мәлімдеп, қос мемлекетке санкция салу ту­ралы бастама көтерген болатын. Дегенмен кәрі құрлық елінің Сырт­қы істер министрлігі бұл тақырыпты жылы жапты. Бәрі басылды дегенде, өткен айда то­сыннан АҚШ Қазақстанға қай­талама санкциялар бойынша ес­керту жасағаны хабарланды. Нақ­тырақ айтқанда, банктер мен ком­панияларға қауіп бары ай­тылған. Себебі Ресейдің шек­теу­лерді айналып өтуіне ықпалдастық көрсеткендер бар екен. Қош, со­нымен таяуда Bloomberg агенттігі Ресейге жаңа санкциялар пакетін енгізу мәселесі талқыланып жат­қанын жазды. Ақпаратқа сәйкес, бұл жолы Ресейге реэкспорт мәселесінде көмектесіп отырған елдер, атап айтқан Орталық Азия елдеріне де жанама салық салыну мүмкіндігі туған. Демек, кәрі құр­лық елдері мен АҚШ бұрын «мүм­кін» санаған дүниелерін шындап іске асыруға ниетті секілді. 

Дегенмен еліміздің Ресейге тауар экспорттайтыны жасырын емес. Көршіден ат ізін алыс салу қиын болатыны айтпаса да белгілі. Жоғарыда айтқан жаңалық тараған соң Energyprom сарапшылары Қазақстаннан Ресейге экспорт­талып жатқан 11 тауар санатына талдау жасап көрген екен. Портал зерттеуіне сенсек, Қазақстанға 2022 жылы есептеу және тұрмыс­тық техника бойынша 11 тауар санатының ішінде сегізіне қатысты импорт өскен. Олардың кейбі­реу­лері бойынша өсім айтарлықтай көп. Желдеткіштер, сорғыштар, өнеркәсіптік кір жуғыш машина­лар үш есеге жуық, телевизиялық қабылдағыштарының импорты 44,5 пайызға артқан. Тауарлардың басым бөлігінің импорт көлемі 12 пайыздан 15 пайызға ұлғайған. Міне, санкция шырмауын кү­шей­туге мүдделі елдердің күмәндана­тын тұсы да – осы. Биыл қаңтар-ақпан айларында өсім тіпті жал­ғасып, күшейді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарасақ, осы кезеңде елімізге телевизиялық қабылдағыштар мен электрондық-есептеу техника, миксерлер екі есе, бейнекамералар үш есе, кір жуатын машиналар алты есе көп әкеліне бастаған. Әйтсе де, тағы бір дүние бар: аталған тауарлардың импорты өсуіне тек өзге елге сату ықпал етпеген, ішкі сұранысымыз да артуда. Мысалы, бейнека­ме­ра­лар еліміз аумағында 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында был­тырғы жылдың алғашқы екі айы­мен салыстырғанда үш есе көп сатылыпты. Ішкі нарықта теле­ди­дарларды өткізу көлемі 38,4 па­йызға, электрондық есептеу тех­никасы 82,8 пайызға, түрлі тұр­мыстық электромеханикалық ас­паптар 70,6 пайызға артқан. Ен­деше «Қазақстан тұрмыстық тех­никаның бәрін тек Ресейге өткізу үшін көптеп сатып алып жатыр» деп кесіп айтуға болмайды. 

Осы тұста ескерер жайт – елі­міз сәуірден бастап тауар қоз­ға­лысын бақылауға көшіп, Мәскеуге салынған санкциялардың бұзыл­мауына ішінара тосқауыл қоятын болған еді. Яғни, Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары реэкс­порты мәселесін көршіге көмек етіп отырған жоқ. Бұл жерде көп нәрсені іске асырып отырған жеке кәсіпкерлер. Оларға саясаттан бұрын, өзінің табысы маңызды екені анық. Сондықтан Ресейге тауарларын тасымалдай береді. 

«Реэкспортпен жекеменшік бизнес айналысады, оларға қазір осы тиімді. Өйткені Ресейде тұр­мыс техникасы мен электроника, смартфондар мен басқа да заттарға сұраныс артты. Қазақстандық кә­сіпкерлер бұдан жақсы пайда табуда. Бірақ бұл ұзаққа бармайды. Батыс елдері бұны әлдеқашан байқап, бақылап отыр. Дегенмен олар елімізге санкция салуға бар­майды деп ойлаймын, оларға бұ­ның керегі жоқ. Қазақстан оларға транзиттік аймақ. Сондықтан процесс жалғаса береді, шектеулер қояды, ескерту жасайды, жекеле­ген компанияларға санкция да салар. Осындай режимде жүре береді деп ойлаймын, – дейді Айдар Әлібаев. 

Ресейден де техника тасымалдаймыз

Иә, осы жылы қаңтар мен ақпанда барлық санаттар бойынша өсім бар. Жыл басында Қазақстан өз елінде өндірмейтін тауарлардың реэкспортын біршама арттырды. Импортты және экспортты бірдей көлемде параллельді ұлғайту схе­малары тауарлардың үш санаты — тұрмыстық кір жуғыш машиналар, теледидар қабылдағыштары және электронды есептеу техникасы бойынша ғана қаралады. Бір қызығы, Қазақстанға импорт­та­латын тұрмыстық һәм есептеу тех­никасының негізгі бөлігі Еу­ропа мен АҚШ өндірісі емес. 2022 жылы осы тауарларды импорт­таудың нақты көлеміндегі елдердің үлесін есептеу Еуроодақ мен АҚШ елдерінің мұндай өнімнің негізгі түрлерінің импортындағы үлес сал­мағы 5 пайызға әрең жететінін көрсетті. Тек екі ірі тауар тобы бо­йынша батыс мемлекеттерінің үле­сі жоғары. Қазақстанға шаң­сор­ғыштар импортындағы АҚШ пен Еуроодақ елдерінің үлес сал­мағы 10,4 пайыз, интегралды элек­трон­дық схемалар 10,1 па­йызды құраған.

Еуропамен салыстырғанда АҚШ-тан келетін тауар өте аз. Қазақстан үшін тауар жеткізудегі негізгі еуропалықтар – Польша, Литва, Германия, Чехия, Ұлы­бри­тания. Елімізге электрониканы негізінен Қытай, Түркия, Вьетнам мен Гонконг жеткізеді. Оның ішінде Қазақстанға электрондық тауарлардың едәуір бөлігін им­порттайтын Ресейді де қосыңыз. Сонда Қазақстан тауар жеткізуде жымысқы жолмен делдалдың рө­лін атқарып отырмағанын көресіз.

Қазақстаннан қайта экспорт­талатын электрониканы сатып алу­шылар – Ресей, Орталық Азия елдері. Кондиционерлер, компью­терлер, шаңсорғыштар, бейнека­мералар, мониторлар мен инте­гралды электронды схемалар сияқ­ты өнімдер үшін Ресей жетекші сатып алушы екені рас. Оның Қа­зақстаннан экспорттағы үлесі 64 пайыздан асады. Тоңазытқыштар, кір жуғыш машиналар, теле­фон­дарға келсек, олар негізінен көрші Орталық Азия елдеріне экс­порт­талады.

Еліміздің Ресейге бағытталған экспортын қарастырсақ, 2022 жылы барлық позиция жағынан өсті. Бұл тұста Кеден статистикасы бойынша, ашық дерекқорларда экспортталған тауарлардың белгілі бір өндіруші елге тиесілігі туралы мәліметтер жоқ. Айта кеткен жөн, The Moscow Times басылымы Кремльдің посткеңестік кеңіс­тік­тегі ең ірі сауда серіктесі саналатын Қазақстан Ресейге параллель импорт тасымалдайтын жүктерге өз шекарасын жапқанын жазған еді. Сондықтан қалай алғанда да Қазақстан Ресейге салынған санк­ция ережелерін бұзуға мүдделі емес. Шекаралас болған жерде тауардың алыс-берісін толықтай тоқтату мүмкін емесі айдан анық. Ал АҚШ пен Еуропаның санцияға Қазақстанды қосу жайлы айтқаны, әдеттегі ескертудің бірі тәрізді. Олай болмаған күннің өзінде қауіп кейбір жеке компанияларға ғана төнуі мүмкін. 

Мадияр ТӨЛЕУ