Алматыда ақылы автотұрақтың бағасы көтерілмек. Қала әкімі Ер­болат Досаевтың айтуынша, көлік тізгіндеген қала тұрғындары мен қонақтары қыр­күйек айынан бастап тұрақ ақысын жаңа тарифпен төлей бастайды. Дегенмен ақылы авто­тұрақтар сала­сындағы бітпейтін реформалар мен өзгерістер шаһар тұрғындары­ның шамына әбден тигендей.
Тұрақтың ақысы неге тұрақсыз?
960
оқылды

Қала әкімі ақылы автотұраққа көлікті қалдырып кетудің құны шаһардың әр бөлігінде әртүрлі болатынын айтады. 

«Автотұрақ туралы айтар болсақ, биылдан бастап орындарды анықтап, аумаққа байланысты тұрақ ақысын көтереміз. Бұл жұмысты 1 шілдеге дейін жүргізіп үлгермейміз, бірақ қыркүйектің басында дайын болуы керек», – деді Ерболат Досаев.

Қалалық мәслихат депутаттарының алдында осылай деген шаһар басшысы аталған қызмет түрі қандай негізге сүйеніп, әр аумақта әртүрлі болатындығын  ашып  айтпады. Тек тарихи орталыққа жақын, яғни жергілікті халық «золотой квадрат» атап кеткен шаһардың ескі орталығындағы баға өзгелерге қарағанда қымбатырақ болады деп қысқа қайырды.   

«Мәселен, Алатау, Медеу ауданында, Құлжа тасжолына шыға берісте бір тариф болса, өзге ауданда басқа тариф болады. Ал тарихи орталыққа жақын жерде тариф қымбатырақ бекітіледі.  Қаражат бюджет кірісіне жұмсалады», –  деді Ерболат Асқарбекұлы. 

Осы орайда тағы бір мәселе, мега­полис басшысы ақылы автотұрақтан түс­кен қаражат бюджет кірісіне жұмсала­ды дегенімен, оның нақты қандай салаға немесе қандай басқарманың жұмысын жандандыруға бағытталатыны жұмбақ күйінде қалды. Бұл сауал мәслихат депу­тат­тарын да қызықтырмаған сыңайлы. 

Жүргізушінің жайын ойлар жан бар ма?

Әкімдіктің бұл мәлімдемесіне көлік тізгіндеген қала тұрғындарының біразы наразы секілді. Біз тілдескен алматы­лықтардың біразы қала басшылығының бұл әрекетін құптамайтынын айтты. Олардың пікірінше, азық-түлік, комму­налдық төлем бағасы әл бермей жатқан тұста әкімдіктің бұл әрекеті ақылға қонбайды. 

 «Мен қарапайым бюджеттік мекеме қызметкерімін. Қала шетінде тұрған соң жұмысқа өз көлігіммен қатынаймын. Қазірдің өзінде таңғы 9.00-ден кешкі 18:00-ге дейін көлігімді жұмыс орныма жақын жердегі жол жиегіндегі ақылы тұраққа қойғаным үшін 700-800 теңге төлеп жүрмін. Енді оны тағы қымбат­тататын болса  бұл  мен сияқтылардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Қазір онсыз да барлық нәрсе күн сайын қымбаттап жатыр емес пе?  Сондықтан әкімдік бұл шешімін қайта қарау керек деп санаймын»,– дейді қала тұрғыны Әлібек Құдияров.  

Әкімдіктің бұл жаңалығы қарапайым көлік жүргізушілерімен бірге қоғам белсенділерін де бей-жай қалдырмады. Олар бұндай  шешімдер жан-жақты талқылаудан өтіп барып, қабылдануы керектігін алға тартады. 

«Жалпы біздің қалада  ақылы авто­тұрақ – өте күрделі  мәселе. Алдыңғы «Ал­маты паркинг» компаниясының тірлігін бәріміз білеміз. Ең сорақысы оны астыр­тын басқарып отырған тұлға Алматы қаласы әкімдігінің жауапты  қызметкері болып шықты. 

Ал ақылы тұрақтың бағасын көтеру заң жағынан әбден талқыланып, тұрғын­дардың талқысынан өту қажет еді. Естуім­ше, аталған бастама қалалық Қоғамдық кеңестің де талқылауына ұсынылмаған. Бұл жерде қала әкімдігінің шешімді өз бетінше қабылдай салынғаны байқалады. Сонымен қатар   мүгедектігі бар азаматтар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған­дарға,  көпбалалы отбасыларға тұрақты тегін қылу жағы қарастырылуы керек болатын. Мендегі ақпарат бойынша мұндай жеңілдіктер әзірге айтылған жоқ. Сондықтан әкімдіктің бұл бастамасы шикі және асығыс шығарылған шешім деп есептеймін» дейді қала белсендісі Ғабиден Жәкей.

Оның айтуынша,  жанар-жағармай­дың қымбаттауынан зәрезап болған жүргізушілерді қала әкімдігінің мына әре­кеті тіптен ашындырып отыр. Мұның соңы әлеуметтік шиеленіске ұласып кетуі де ғажап емес.

Әртүрлі бағаның әлегі

Сонымен қатар бір қала ішіндегі автотұрақ құнының әрқилы болатындығы да көпшіліктің қайран қалдырып отыр. Белгілі заңгер Тілеужан Кішкенебаев бір қаланың аумағында бірнеше түрлі тариф бекітудің заңға қайшы екенін алға тар­тады. Демек, бұл шешім бағаны реттеумен айналысатын орындармен келісілмей шығарылған секілді.

 «Негізі бізде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бар. Менің білуімше, осы агенттік әр аймақтың әлеуметтік экономикалық әлеуетіне қарай бағаны белгілеп береді. Бірақ аймақ немесе қалаға қатысты ортақ бір ғана баға бекітеді. Ал Алматы әкімдігінің қала ішіндегі аудандарда әртүрлі тариф қоямыз дегені түсініксіз. Сонда қала ішіндегі аудандардың халқының жалақысы әртүрлі ме? Мәселен, Алатау ауданы әкімдігінің қызметкерімен салыстырғанда Алмалы ауданы әкім­дігі­нің дәл сондай санаттағы қызметкерінің немесе мектеп мұғалімінің жалақысы жоғары ма? Сондықтан әкімдік мұндай әртүрлі тариф қоямыз деген қадамды не нәрсеге сүйеніп жасап отырғаны маған түсініксіз», – дейді заңгер Т. Кішкенебаев.   

Иә, Алматы қаласы әкімдігінің авто­тұрақ ақысына қатысты шешімі шикілеу екені көрініп тұр. Аталған қызмет түрінің ақысы қандай негізге сүйеніп көтері­летіндігін ашып айтқан адам тағы жоқ. Бұл жерде халық атынан сайланып, қала бюджетін қадағалап отырған мәслихат депутаттары да қауқарсыздық танытпауы керек сияқты. Сол секілді көлікті уақытша қоюға төлейтін ақыны қымбаттату арқылы қала бюджетін толықтыруды ғана ойлап отырған жауаптылар, халықтың да жағдайымен де бір сәт санасуы қажет-ақ.

Нұрболат АДЫРБЕК,

Алматы қаласы.

Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)