Мерейлі мереке күні аудан әкімдігі тарапынан жер үй табысталып, ұзақ уақыт бойына армандаған баспанасына қол жеткізіпті.
Марафоншы қария "Айқынға" алғыс айтты
2,002
оқылды

Редакциямызға Қызылорда облысы, Қазалы ауданынан ақжолтай хабар жетті. Онда қазалылық жүгіруден алдына жан салмайтын 84 жастағы Аққоян Рсалиев баспаналы болғанын айтып, қуанышымен бөлісті.

Аққоян ақсақал кемпірі екеуі көп жылдан бері аудан орталығындағы барақ типтегі ескі көпқабатты үйдің аядай бөлмесінде тұрып жатыр екен. Спортты жанына серік еткен қарияның ескі баспанасында ешқандай жағдай жасалмаған. Мерейлі мереке күні аудан әкімдігі тарапынан жер үй табысталып, ұзақ уақыт бойына армандаған баспанасына қол жеткізіпті.

«Жасым ұлғайған шақта баспаналы болып, үлкен қуанышқа кенеліп отырмын. Бірінші Алла, одан кейін менің  мәселемді газет бетіне көтерген «Айқын» газетіне, жағдайыма бей-жай қарамай, жаңа қонысқа көшірген Қазалы ауданы әкімдігіне мың алғыс! Елдің қамын, халықтың жағдайын ойлап жүрген жандарға Алла ұзақ ғұмыр берсін! Елдің алғысына бөлене беріңіздер!» – деп Аққоян Рсалиев алғысын жеткізіпті.

Осы орайда айта кеткен абзал, «Айқын» газетінің өткен сандарының бірінде «84 жастағы желаяқ» тақырыбында мақала жарияланған болатын. Мақалада Аққоян ақсақал көп жылдан бері жайлы үйге қол жеткізе алмай жүргенін айтып, жаңа баспаналы болсам деген арманын жеткізген еді.

Ербақыт Жалғасбай, Қызылорда