Ұлттың ұлт болып ұйысуының алтын арқауы, қызыл өзегі – ұлттық мінез. Төл тарихпен үндесіп, салт-санамен, мәдени құндылықтармен мығым байланып жатқан осы мінезді тәрбиелеудің ұстанымы қандай, халықтық болмысымызға тән мінез-құлықтың сипаты не деген мәселелер бойынша Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаеваны сұхбатқа тарттық.
Гүлжан Сүгірбаева: Қайырымды қоғам ұлттық болмыстың өзегінен бастау алады
2,024
оқылды

– Гүлжан Дәулетбекқызы, тарихшы ға­лым ретінде қазақ ұлттық мінезінің этно­ло­гиялық сипатын қалайша бағалар едіңіз? Сіздің ойыңызша, қалыптасқан құндылық­тар қағидаларының заман ағымына сай өз­геруі немесе дәстүрлер түрленіп жатыр деген пікірге келісесіз бе?

– Ғылымда этнологиялық тәсілдерді зер­делеу ұлттық тарихтан бөлек, антропо­логия, психология, мәдениеттану, әлеу­мет­тану, экология, тағы басқа сан-салалы ілім­дерді біріктіреді. Этностық интегра­торлар ретінде осы ілім-білімге жататын құбылыстар жинақтала келе, ұлттық мі­нездің мызғымас өзегіне, маңызды құрам­дас бөліктеріне айналған. 

Қазақ халқы – ежелден табиғатпен тынысын тапқан, қоршаған ортамен үйлесімді тірлік кешкен байырғы жұрт. Ұлы даланың төскейін мекен еткен хал­қымыз қоршаған ортаға мейлінше бейім­делуі арқылы табиғи құбылыстарды, эко­жүйенің ерекшеліктерін жақсы мең­герді. Биосфера ұлттық мінез-құлықтың моделін қалыптастырып, дағдыларын жетілдірді. Нәтижесінде, қазақ даласында мал ша­руашылығына бейімделген қоғам қалып­тасып, этноэкологиялық мәдениеттің бедеріне айналды.

Ұлттық мінез халқымыздың материал­дық мәдениетімен қатар, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, наным-сенім категорияла­рын, өзара туыстық жүйесін, туысқандық қарым-қатынасын, отбасылық құндылық­тарын, қоғамдық-саяси құрылымды, ха­лықтық мінез болмысын, тәлім-тәрбие ерек­шеліктерін, мәдени қырларын қам­тиды. 

Қазаққа тән ұлттық мінез дегенде ең ал­дымен қазақтың кең жайлау көңілі мен дархан мінезін еске аламыз. Қонақжай қасиеті мен меймандос пейілін мақтан тұтамыз. Батырлық болмысын әспеттей отырып, тарихта ізі қалған баһадүр баба­ла­рымыздың қайсарлығын үлгі етеміз. Қасиет қонған әулиелерімізді пір тұтып, қайраткерлік рухы бар бабалар мұрасын бет түзейтін құбыламыз деп білеміз. Сайып келгенде, осының бәрі ұлттық мінездің мазмұнын құрайды.

Ұлтқа тән жекелеген қасиеттер мәдениеттің өлшемін қалыптастырып, менталдық бірлікті, эмоционалдық ерек-шелікті түзейді. Бір сөзбен айтқанда, қазаққа тән болмыс, антропологиялық ерекшелігі, психологиялық портреті осылайша қалыптасқан.

Заман ағымына сай құндылықтар қағидаларының өзгеруін айтар болсақ, қанға сіңген қасиет – генетикалық код еш­қашан өзгермейді. Қоғамдық қатынас­тарға немесе социоэкономикалық ахуалға байланысты ұлт өзегін құрайтын мінез түрленуі мүмкін, бірақ бастапқы мәнінен түпкілікті ажырамайды.

Мәселен, қазақтың үлкенге ізетті, кішіге қамқор болу мінезін алайық. Кез келген орайлы сәтте біз абыз ақсақалдың ақ батасын алуға, ақ жаулықты ананың ақеділ пейілін тыңдауға әзір тұрамыз. Жасы кішінің жасы үлкен алдындағы ізеті ұлт­тық этикеттің маңызды құрамы сана­лады. Бір-біріне қол ұшын созуға дайын тұратын қайырымды қоғам да ұлттық болмыстың өзегінен бастауын алады.

– Қазіргі жастар ұлттық танымнан ажырап қалған, аяушылықты білмейтін қатыгез ұрпақ өсіп келеді дегенді жиі естиміз. Шынымен жастарымыз қазаққа тән мінез-құлықтан алыстап бара жатыр ма, қалай ойлайсыз?

– Біз өскелең ұрпаққа баға бергенде олардың жаңа толқынның өкілдері екенін ескере бермейміз. Қай қоғамда болмасын аға буын мен оның орнын басатын жас өскін буын арасында қарама-қайшылық­тар болып тұрады. Бұл заңды эволюциялық процесс. 

Көзқарас қайшылығы дегенде кейінгі буынның өзі нәр алар тамырынан айы­рылу­ды білдірмейді. Бар болғаны жаңа буын қасаң қағидамен өмір сүруді қала­майды, айналадағы қоғам, жалпы адамзат құндылық деп бағалайтын игілікке жаңа­ша жолмен, тың сүрлеумен жетуді мақсат тұтады. Жас буынның алғырлығын, тия­нақты тапқырлығын дұрыс бағамдай алмай кейде жастарымыздың қадамын құптамай, аяғын тұсаулап тастайтынымыз бар. Бұл дұрыс емес, кейінгі буынның тынысын түсінбесек те, тарылтпауға әрекет қылуымыз керек.

Адам бойындағы қатыгездік – туабітті қасиет емес, ол психоэмоционалдық фактордан туындайтын мінез. Ақыл-естің толысу таразысында көптеген жанама себептер безбен ретінде ауыр басуы мүм­кін. Тұрмыстық қиындық, организмнің күйзеліске түсуі, адамдар арасындағы қарым-қатынас, социоэкономикалық факторлар жиылып келгенде адам бойын­да қатыгездік синдромының қылаң беруіне алып келеді. Жеке тұлғаның психоэмоцио­налдық күйінен туындайтын мінезді ан­тропология мен психологияның ғасырлар бойғы синтезінен пайда болған тұтас ұлттың мінезіне теліп, бір жақты баға беруге болмайды.

Рас, қазіргі буынның қалыптасуы ги­перкеңістік – интернеттің даму үрдісімен тығыз байланысты. Жылдам ақпарат алмасудың коммуникациялық құралына бейімделу – уақыт талабы. Одан бас тартсақ, өркениет көшінде шаң қауып қаламыз. Цифрлы технологиялар жа­һандық деңгейде бәсекеге қабілетті болу­дың жалғыз мүмкіндігі. Озық ойлы жас­тары­мыз – біздің ең құнды байлығымыз санатында. Адам капиталы – алға жыл­жуымыздың кепілдігі болып қана қоймай, тың идеялардың қайнар бұлағы болуы керек. Ұлттық мінезді интернет кеңіс­тігінде ілгерілетуде алдымызда әлі талай белді белестер жатыр. Осы мерейлі мін­детті басқа емес, қазіргі жастар жүр­гізетініне сенемін.

«Толық адам» дәрежесіне жетуді насихаттаудамыз

– Шымкентті сөз еткенде әдетте ұлт уызына қанық өлке деп жататын. Қазақы қалпын сақтап, ұлттық дәстүрін әдемі жалғап жатқан өңір санатында аты жиі аталушы еді. Республикалық мәртебе алған шаһар мегаполистің шекпенін кигелі баяғы ұлттық бояуын жоғалтты деген пікірмен келісесіз бе?

– 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы ұлттық колоритімен дараланған шаһар екені белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында ірі сауда орталығы, мықты әскери бекініс бекеті, аграрлық шаруашылығы дамыған өлке ретінде тарихи шежірелерде ізі жатыр.

Шымкент – қазақи дәстүр мен таным­ның өрісін кеңейткен қала. Шаһардың мәдени тұрмысы қашанда жергілікті халықтың салт-санасымен сіңісті болып, ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұр­пымен көрініс тауып отырған. 

Ұлттық бояу өлшемдерін тұтас қалаға қатысты қолданып, таразылайтын болсақ, мұнда да ұлттық мінезді дарыту көрініс­терінің бірнеше дәйекті себептерін ашып көрсетуге болады. Ұлттық болмыс қаланың сәулеттік келбетінде, мәдени өмірінде, білім беру ісінде, тәлім беру процестерінде, шығармашылық-дизайнерлік модель­дерінде көрініс табады.

Ұлттық мінез көбінесе жүйелі идеоло­гиялық жұмысты жүргізу арқылы қалып­тасады. Қаланың тыныс-тіршілігін қамта­масыз ету жұмыстары кешенді идеология­лық көзқарастың шеңберінде жүргізіліп, ортақ ұстаным аясында атқарылса нәти­жесін бермек. Бұл бағытта қаладағы қо­ғамдық орындар, саябақтар, тарихи-мәдени кешендер, өзіндік тарихы бар оқу орындары ұлттық бояуы қанық бастама­ларды көтеріп, бірінен соң бірі жалғап жатса, ұтарымыз көп болады деген ойда­мын. Халқымыздың мәдени өмірінде өзіндік орны бар тарихи тұлғаларымызды дәріптеу арқылы да Шымкентте ұлттық мінездің болмыс-бітімін жандандыруға мол мүмкіндік бар. Халқымыздың қонақ­жайлығы дегенде біздегі асханалық өнерді де ұлттық құндылықтар шеңберінде дамы­тып, гастротуризмнің өрісті өзегіне ай­налдыруға болады деген сенімдемін. 

– Өзіңіз басшылық ететін Оңтүстік Қа­зақстан мемлекеттік педагогикалық уни­верситеті халқымыздың зиялы өкілдері – ұстаздар шоғырын тәрбиелеп шығарады. Жастардың тәрбиешісі – мұғалімдерді даяр­лауда олардың санасын ұлттық құн­дылықтар тұрғысынан жаңар­туда қандай бастамаларды қолданып, іске асырып келесіздер?

– Университетіміз 1937 жылдан бері қызмет атқарады, оқу орнымызды бүгінгі күнге дейін 70 мыңнан астам адам бітіріп шықты. Миссиямыз – заман талабына сай білім саласындағы үздік тәжірибелер негізінде адами капитал сапасын арттыру. Бұл бағытта оқу орнымыздың 8 мыңға жуық білім алушысын еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман етіп шығаруды басты міндет етіп отырмыз. 

ОҚМПУ 2020 жылдан бастап білім берудегі заманауи трендтерге сәйкес трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл міндетті сапалы заманауи білім, іргелі инновациялық ғылым, рухани құн­ды­лыққа негізделген тәрбие, дамыған инфрақұрылым басымдықтары бойынша іске асырып келеміз. Жаңа форматтағы педагогтерді даярлау ісінде адамзат өрке­ниетіндегі барлық ізгі қасиеттерді бойына, озық білімді ойына сіңіріп, рухани жетіл­ген, кемеліне келген «толық адам» дәре­жесіне жетуді насихаттап отырмыз.

Университетте педагогикалық білім беруді дамыту аясындағы іс-шаралар бәсекеге қабілетті, заманауи құзыреттерді меңгерген, жоғары кәсіби біліктілікке ие, цифрлық дағдыларды игерген педагоги­калық мамандарды даярлауға бағытталған. Білім беру бағдарламаларының моделінде пәндік білімін кәсіби қызметінде қолдану, ұйымдастырушылық-әдістемелік қабі­леттерін көрсету, зерттеу дағдыларын жүр­гізу, көшбасшылық және іскерлік дағ­дыларын таныту, мәдени құзыреттіліктерін сақтау, өмір бойы білім алу қабілетіне ие болу және ақпараттық дағдыларды қол­дану қарастырылған.

Білім беру бағдарламаларын әзірлеуде қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі мен менталитетіне негізделген білім сапа­сының деңгейін ұлттық және халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестендіру міндеті ескеріледі. Жаңа форматтағы пе­дагогтерді даярлауда рухани кемелдену мен ұлттық кодты негізге ала отырып, уни­верситетте кешенді ребрендинг жүр­гіздік. Нәтижесінде, оқу орнының жаңа логотипі бекітіліп, оқу ғимараттарына «Шаңырақ», «Тұмар», «Қазына» сынды ұлт­тық атаулар берілді. Негізгі аудитория­ларға – «Ұлы дала», «Мәңгілік ел» атаулары берілсе, мәжіліс залы «Қазақстан» атауына ие болды. Лекциялардың басталуын хабарлайтын дәстүрлі қоңыраудың орнына ұлттық күй әуендері ойнатылады. 

Университет сайты тартымды формат­қа көшіріліп, «Ұлт ұстаздары» ғылым орта­лығы ашылды. Орталық Ұлы дала ғылымы­ның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, шежірелі тарихымызда жарқын із қалдыр­ған ұлы ойшылдарымыз – әл-Фарабидің, Ахмет Ясауидің, Абай Құ­нанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұр­сынұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін, шығарма­шылық мұрасын зерттеуге, зерделеуге, алыптардың ізін басып, жолын жалғауға қызмет етіп отыр.

Ұрпақтар сабақтастығын жалғауда оқу ордамызда «Өзбекәлі Жәнібеков орта­лығы» жұмысын бастап, ұлт тарихындағы біртуар тұлғаның этнографиялық бай мұра­сын зерттеуге қызмет етіп, ұлттық мәдени танымды, тәрбие құндылықтарын, қазақ мәдениетінің қалыптасу үрдісін, даму белестерін ғылыми тұрғыда дәйек­теуге, педагог мамандардың білімі мен тәжірибесін кеңейтуге үлесін қосып отыр. 

Ұлттық танымның өрісін кеңейтуде университет қабырғасында бірнеше ха­лықаралық ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­циялар болып өтті. Оның ішінде қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына, ағартушы және түркітанушы, қазақтың алғашқы әліп­биінің авторы Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдығына арналған ғылыми жиындарда ұлттық мәдени танымның, ғылым-білімнің өрістері жөнінде тың ғы­лыми ізденістер жарияланды. Қазақстан­ның көрнекті археологі, тарих ғылымда­ры­ның докторы, профессор А.Подушкин­нің 70 жылдық мерейтойы аясында ар­хео­логиялық және жазба деректерге арналған халықаралық ғылыми-практикалық кон­ференция өтіп, Еуразия кеңістігіндегі еже­лгі және ортағасырлық мемлекеттер мен көшпелі одақтар туралы бірегей тарихи мағлұматтар айтылды. 

Биыл сәуір айында оқу ордамызда рес­публика жоғары оқу орындарының «Та­рихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақ­тастық» республикалық форумы өтіп, ба­балар дүниетанымы, адамгершілік пайымы, тәлім-тәрбие мұрасы жайлы келелі ойлар қозғалып, тарихи тұлғалардың тағылымды тәрбиесі таразыланды. 

Ұлттық рухани құндылықтарды наси­хаттау кешені бойынша университеттің археологиялық жасағының «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғысында (б.з.д. 100 мың жыл – б.э. ХІІ ғ.») тұрақты көрмесі ашы­лып, бүгінде оның қоры 800-ден астам экспонатты қамтып отыр.

Университеттің «Қоғамдық кәсіптер даярлау» орталығында білім беру мен ұлт­тық тәрбие беру мәдениетін қалыптас­тыруда 9 үйірме жұмыс жүргізіп, «жаңа буын» ізденушілерін даярлауды, дәстүрлі өнер игеруді, жастардың тұлғалық қабі­летін шыңдауды мақсат тұтады. Кәсіптік білім беру орталығында студенттер де­филе, домбыра, қолөнер, эстрада, аспап­тар жасау, бейнелеу өнері, би, вокал, ай­тыс, фотоөнер, көңілді тапқырлар клубы сынды шығармашылық ұжымдарда дәріс алып, жоғары эстетикалық тәрбие алады. 

Сондай-ақ ОҚМПУ ғалымдарының ұйытқы болуымен республикада алғашқы «Әкелер мектебі» құрылып, білім беру ұйым­дарына оқушылар тәрбиесінде қол­данылатын этнопедагогика, ұлттық құн­ды­лықтар, салт-дәстүр, отбасылық құн­дылықтар, тарихи тұлғатану, жалпыадам­заттық құндылықтар бойынша ғылыми-әдістемелік және тәжірибелік көмектер көрсетуде.

Тұлғалар тағылымы мәдени тынысымызды түзейді

– Әңгімемізді ұрпақтар сабақтастығы-мен аяқтасақ, қалай ойлайсыз, тарихымыз-дағы ұлы тұлғалардың тәлімі бүгінгі ұрпақ-қа не береді?

– Педагогикалық бағыттағы оқу ор­нының басшысы ретінде мынаны айтар едім. Тамыры тереңге бойлаған ұлттық ілім-білімнің танымдық қасиетін игеру – педагог мамандарға жүктелген жоғары кәсіби міндет деп білемін. Тарихымызда ізі қалған ұлы ойшылдардың білім, тәрбие, мінез-құлықты түзеу, ақиқат іліміне қол жеткізу мәселелері жөніндегі ой-толғам­дары – адам баласы үшін өмірлік тәрбие. Мәселен, Абайдың философиялық ой­ларын ұрпақ тәрбиесі өлшемдерімен біріктіріп қарайтын болсақ, ұлы ойшыл шығармаларындағы шыншылдық, адал­дық, әділдік, өткіртілділік, парасаттылық, ұлтжандылық, табандылық, дарындылық сынды құндылықтар Абай айтқан «жанға пайдалы қоректер» деп нық сеніммен айтуға болады.

Қысқаша айтқанда, тарихи-этнология­лық үрдіспен қалыптасқан, жұртымыз бет түзейтін идеал мазмұны болып бекіген тұл­ғалар тағылымы – бірегей дүниета-нымы­мызды тіктеп, мәдени тынысымызды тү­зейді деген ойдамын.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы