The Caspian International Restaurants Company ЖШС-на қарасты KFC ресторандар желісіне берілген «ҚМДБ халал» сертификаты өз күшін жойды. Бұл туралы muftyat.kz хабарлады.
KFC халал емес - ҚМДБ
6,303
оқылды

Бұған дейін KFC ресторандар желісі Ресей Федерациясына қарасты халал стандарт талаптарына сай өндірілетін, ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның арнайы оқытылған қасапшылары тек қана қолмен бауыздап, бірнеше ауысыммен жұмыс істеген, «өлексе жеммен (мясокостная мука) қоректендірілмеген» «Белая птица» құс өнімдерін пайдаланып келді. Алайда РФ тарапынан туындаған заңдық шектеулерге байланысты KFC ресторандар желісіне тасымалданатын «Белая птица» тауық өнімдерінің көлемі азайғандықтан, KFC мекемесі басшылығы «Белая птица» құс өнімдерімен қатар, ҚМДБ халал стандарты талаптарына сәйкес келмейтін басқа да бірнеше құс фабрикаларының тауық өнімдерін қолданып отыр,  делінген хабарламада.

Демек, бүгінде KFC мекемесі қолданып жатқан «Белая птицадан» басқа тауық өнімдері ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның «Мал бауыздау және ет өңдеу халал стандарты» 1:2016 және «Халал өнімдерін тасымалдау мен сатуға, сақтауға, өңдеуге, дайындауға, өндіруге жалпы талаптар» 3: 2016 стандарттары талаптарына сәйкес келмейді.

«Сол себепті  ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС мен  The Caspian International Restaurants Company  ЖШС арасындағы келісімшарттың уақытша тоқтағандығын, KFC ресторандар желісінің тауық өнімдері толығымен «ҚМДБ халал стандарт» талаптарына сәйкес келмейінше, мекемеге берілген «ҚМДБ Халал» сертификаты мен KFC өнімдерінің сыртқы қаптамаларындағы «ҚМДБ халал» таңбасының өз күшін жойғанын хабарлаймыз»,  деп мәлімдеді ҚМДБ.