«AMANAT»-тың Орталық аппараты Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Айжан Ысқақова Ақтөбе облысының Қарғалы, Мәртөк, Ырғыз аудандарындағы шаруа қожалықтарын аралап, ондағы жағдаймен танысты.
Бүгінде ақтөбелік шаруалардың мәселесі – шаш етектен. Алайда құзырлы органдар олардың жанайқайына құлақ аспай отыр. Мұндағы шаруалардың басым көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға сүйенеді. Осы орайда, олар жем-шөпке берілетін субсидияның тоқтатпауды, субсидия беру кезінде талап етілетін құжаттар санын азайтуды, көрсетілетін қызметтер тізімін жаңартуды, фермерлерді заң жүзінде қорғауды сұрады. Бұған қоса, ауыл шаруашылығына берілетін жеңілдетілген несие шарттарын өзгертуді талап етті.
«Субсидияны жылда алып жатырмыз. Оның пайдасы – ұшан-теңіз. Алайда биылдан бастап жем-шөпке берілетін субсидия тоқтатылады деп естідік. Онда жағдайымыз қиындайды. Тағы бір айтарым, техника алуға өтінім берілгеннен кейін, қаражат аудару мәселесі тым ұзаққа созылып кетеді. Үш ай, кейде тіпті жарты жыл күтеміз. Соған көңіл аударылса жөн болар еді», – деді Ырғыз ауданындағы «Кең Дала» ШҚ басшысы Ғибрат Тапақов.
Сонымен қатар, ол қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған тұста шаруаларға берілетін несиенің пайызы артып отырғанын айтты. Ірі-қара өсірілетін шаруа қожалығының басшысы қазір 22 пайызбен несие алуға мәжбүр.
Ал Мәртөк ауданындағы «Есбол» ШҚ басшысы Мұхамметхан Қарсақов жүгері суару үшін «КазАгроФинанс» АҚ арқылы лизингке техника алыпты. Бірақ онысы дұрыс жұмыс істемей, шаруа шығынға батып отыр.
«Су шашатын 3 қондырғының әр қайсысын 27 млн теңгеден алдым. Алайда аталған қондырғылар су шашпайтын болып шқыты. Сондықтан өзге техника да кәдеге жарамай тұр. Ақтауы бар техника не кері қайтарылмайды, не оны жеткізуші компания жөндеп бермейді. Жүгері еге алмаған соң оның несиесін де төлей алмай отырмын», – деп мұңын шақты ол.
Шаруа министрдің қоғамдық қабылдауына жазылғысы келеді. Бұл өтініш партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы онлайн түрде орындалмақ.
Асыл тұқымды мал өсіріп отырған ірі шаруашылықтың бірі – «АЙС» ЖШС. Серіктестік директоры Бақытжан Ботпаевтың айтуынша, асыл тұқымды малды шетелден сатып алушыларға субсидия көбірек бөлінеді. Ал қорасындағы Голштейн тұқымының асыл тұқымды нетельдеріне сұраныс болмай отыр.
«Сырттан әкелушілер үшін осындай ірі қараның әр қайсысына 400 мың теңгеден, ал өз елімізден сатып алушыларға 200 мың теңгеден субсидия бөлінеді. Сондықтан біздің шаруашылықтағы асыл тұқымды малды сатып алуға сұраныс жоқ. Қазір 200 бас ірі қараны өткізе алмай отырмын. Бұған қоса, бұрын жергілікті бюджеттен мал азығына жұмсалған шығынды өтеу үшін әр басқа 120 мың теңгеден субсидия бөлінетін еді. Қазір оны да алып тастады», – деді ол.
Бүгінде шаруашылықта 2 906 бас асыл тұқымды ірі қара мал бар. Оның 946-сы – сауынды сиыр. Қожалық тәулігіне 33 тонна сүт өндіреді.
«Біз қостанайлық және ақтөбелік шаруалармен кездесіп, пікірін тыңдадық. Олар субсидия талаптарына наразылық білдіріп отыр. Шаруалар мемлекеттік қолдау шараларының шикі тұстары бар екенін айтып, өз ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе ішкі құжаттар әбігерге салып, қызметтер тізімінің жаңармауы, ақпараттық портал жүйесінің жұмыс істемеуі көпке қолбайлау болып отыр. Шаруалар мәселесін партиялық бақылауға алып, комитет отырысында көтеретін боламыз», – деді Айжан Ысқақова.
Ол Мәртөк ауданында бас-аяғы 5 шаруа қожалықта болып, шаруалардың түйінді мәселелерін тыңдады. Тиісті ұсыныс-пікірін білдірді. Алдағы уақытта аталған мәселелер Партиялық бақылау комитетінде жан-жақты талқыланады. «AMANAT» партиясы шаруалардың жағдайын біліп қана қоймай, оны шешу жолдарын қарастырады.