«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында қалыптасқан ұзақ-сонар кезекке қатысты түсінік берді.
Мамандандырылған ХҚО-лардың бірінің алдында көп адамның жиналған видеосы әлеуметтік желіде тарады. Видео авторының айтуынша, кезекте тұрғандар автомектеп оқушылары.
«Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің Алматы қалалық филиалы ұзақ демалыстан кейін қаладағы барлық автоХҚО-да азаматтардың көптеп жиналғанын растады.
«Мәселен, 10 мамырда тек №1 мамандандырылған ХҚО-да 2 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, екінші деңгейлі банктердің көлік құралдарын қайта тіркеуге берген өтініштері арқылы 3 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер саны артқан. 13 мамыр сенбі күні де осындай жағдай байқалды. Қазіргі уақытта Мамандандырылған ХҚО-лар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ешқандай кезек жоқ»,- деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің қалалық филиалынан.